Хикаяттан басты кейіпкердің портретін тауып, ондағы жазушы қолданған бейнелі сөздер арқылы жазушының шеберлігін дәлелдеп айту
Сабақ тақырыбы
Тақырып
М. Әуезовтің «Қараш–Қараш оқиғасы» хикаяты: Бақтығұл тағдыры.
Сілтемелер
- С. Мақпырұлы, Г. Құрманбай, А. Қыраубайқызы — 8-сынып оқулығы (185–216-бет)
- Слайдтар
- Сабақ жоспары
Жалпы мақсат
Оқырман жоғары бағалаған «Қараш–Қараш оқиғасының» мазмұнын терең меңгерту, оқушылардың белсенділігін арттыра отырып, алған білімдерін қорыту және жинақтау.
Сабақ міндеттері
-
Шығарма мазмұнын жан-жақты талдап, басты кейіпкер Бақтығұлдың іс-әрекеті арқылы сол дәуірдегі кедейлер бастан кешкен әлеуметтік теңсіздікті ұғындыру.
-
Проблемалық жағдаяттар арқылы оқушыларды ойларын еркін айтуға, кейіпкерлер әрекетін бағалауға, талқылауға және өзіндік тұжырым жасауға үйрету.
-
Топтық жұмыс арқылы «бірін-бірі үйрету, бірін-бірі оқыту» қағидасын ұстану.
Күтілетін нәтиже
-
Оқушылардың сөз өнерін қадірлеу сезімін қалыптастыру.
-
Өмірден мысал келтіріп, дәлел-дәйек айтуға дағдыландыру.
-
Алған білімін, көкірегіне түйген жақсы қасиеттерін дамытып, ұнамсыз іс-әрекеттерден аулақ болуға баулу; тұлғалық тұрғыдан жетілуіне ықпал ету.
Мұғалім үшін оқу нәтижелері
Белсенділік
Оқушының сабаққа белсене араласуы және орнықты көңіл күйде болуы.
Үлес қосу
Сабақта туындаған сұрақтар төңірегінде әр оқушының өз үлесін қосуы.
Сыйластық
Топтық жұмыстарда бір-бірінің пікіріне және көзқарасына құрметпен қарауы.
Сабақтағы негізгі идеялар
Еркін ой
Оқушылардың еркін ойлауын іске асырып, пікірлерін ортаға салдыру.
Шығармашылық
Шығармашылық тұрғыда ойлауына мүмкіндік туғызу.
Өмірмен байланыс
Оқиғаны қазіргі қоғам тұрғысынан талқылап, сол заман мен бүгінгі кезеңді салыстыру.
Алдын ала тапсырмалар
Зерттеу
«Қараш–Қараш оқиғасының» жазылу тарихы туралы мәлімет жинау.
Ұғым
Барымта ұғымының мағынасын ашу: қандай дәстүр, қандай жағдайда орын алған?
Тұлға
Рысқұл Жылқайдаров туралы қосымша мәлімет жинау.
Сабақтың өту барысы
Төменде мұғалім әрекеті мен оқушы әрекеті қатар өрбитін сабақ кезеңдері берілген.
Ұйымдастыру кезеңі
5 минутМұғалім
Оқушылармен амандасып, танысу сәтін ұйымдастырады. Фигуралар таңдату арқылы топқа бөледі. Оқушылар орныққан соң, таңдаған фигуралардың ерекшелігін оқып, сабаққа жағымды көзқарас қалыптастырады.
Оқушылар
Топтарға бөлініп, өзара рөлдерді келіседі; сабаққа дайын күйге келеді.
I. Қызығушылықты ояту: ой қозғау
4 минутМұғалім
- «Асуда атылған оқ» кинофильмінен үзінді көрсетеді.
- Сұрақ қояды: «Бұл фильм қалай аталады? Үзінді хикаяттың қай тұсынан алынған?»
Оқушылар
Үзінді бойынша ой бөлісіп, оқиға орны мен кезеңін анықтауға тырысады.
I. Білу және түсіну: «Оқуым — ойға тоқуым»
5 минутМұғалім
Әр топқа мазмұндау жоспары бойынша хикаятты қысқаша баяндауды ұсынады және өз жоспарын таныстыруды сұрайды.
Оқушылар
Топ ішінде келісіп, негізгі оқиғаларды жүйелеп, қысқаша мазмұндама жасайды.
II. Қолдану және талдау: «Оймен шештім сыр жұмбақтың шешуін»
3 + 7 минутТапсырма
Интерактивті тақтадан шым-шытырық сызба ұсынылады. Сұрақ: «Бұл суретті көргенде не ойладың және қандай түйін жасадың?» Оқушылар сызбаны Бақтығұлдың өмір жолымен байланыстырады.
Сыни ойлауға арналған «жуан сұрақтар»
- Тектіғұлдың өліміне кім кінәлі?
- Інісінің өлімі Бақтығұлға қалай әсер етті?
- Бақтығұлдың өш алу жолындағы алғашқы әрекеті неге сәтсіз аяқталды?
- Оның Жарасбайға бару себебі неде? Болыс оны қандай мақсаттарға пайдаланды?
- Бақтығұлдың ақ жолдан таюына не себеп болды? Әділдік іздеп жүріп әділетсіздікке тап болу мүмкін бе?
- Билер Бақтығұл туралы қандай шешім шығарды? Осыдан кейін оның өмірі қалай өрбіді?
- Бақтығұл Сәлменді емес, неге Жарасбайды өлтірді?
- Бақтығұл Жарасбайды өлтіргеніне өкінді ме? Неліктен?
- Оқиға не себепті «Қараш–Қараш» деп аталды?
- Намысқой, өр мінезді Бақтығұлдың өзгенің жетегінде кеткен бейшара жанға айналу себебі неде?
- Сенің ойыңша, хикаят соңы қалай аяқталуы мүмкін? Өз нұсқаңды ұсын.
Қосымша материалдар
Оқушылардың Р. Жылқайдаров және «барымта» дәстүрі туралы алып келген деректерін тыңдап, талқылау ұйымдастырылады.
Сергіту сәті: «10 қадам»
2 минут«Бақтығұл тағдырының күрделенуі» тақырыбымен қозғалысқа негізделген қысқа сергіту орындалады.
Жинақтау: «М. Әуезов — ұлы суреткер»
7 минутТоптар флипчартқа жазып, қорғайды.
I топ
Хикаяттан басты кейіпкердің портретін тауып, жазушы қолданған бейнелі сөздер арқылы шеберлігін дәлелдеу.
II топ
Бақтығұлдың монологын оқып, көркем образды сөздерді анықтау.
III топ
Табиғатты суреттейтін үзіндіні тауып, оның кейіпкер жан дүниесімен қалай астасқанын дәлелдеу.
Бағалау: «Менің пікірім»
6 минутТалқылау сұрағы: «Бақтығұлдың іс-әрекетін құптаймын ба, әлде құптамаймын ба?» Оқушылар өз ұстанымын дәлелмен қорғайды.
Ой толғаныс: «Ол заман мен бұл заман»
5 минутВенн диаграммасы арқылы Бақтығұл дәуірі мен бүгінгі кезең салыстырылады; ұқсастықтары мен айырмашылықтары анықталады.
Қорытынды және бағалау парағы
3 + 1 минутБағалау
Бағалау парағы бойынша әр оқушының жұмысы қорытындыланады.
Қорытынды
Сабақта көтерілген негізгі ойлар қысқаша түйінделеді.
Үй тапсырмасы
1 минут«М. Әуезов — ұлы жазушы» тақырыбында шығарма жазуға дайындалып келу.