Үстеу түрлерін ата

Сабақтың тақырыбы: Мекен үстеуі

Бұл сабақ саяхат форматында ұйымдастырылып, оқушылардың тілдік білімін тарихи-мәдени мазмұнмен ұштастыруды көздейді. Негізгі назар — мекен үстеуінің мәнін, сұрақтарын және сөйлемдегі қызметін меңгерту.

Білімділік

Мекен үстеуі, оның сұрақтары және етістікпен тіркесуі туралы түсінік беру; үстеу түрлерін ажыратып, сөйлем ішінен табуға үйрету; жаңа тақырыпты меңгерту.

Дамытушылық

Оқушылардың өз ойын еркін жеткізуін дамыту; үстеуге қатысты тапсырмаларды өздігінен орындауға үйрету; шығармашылық қабілетін шыңдау.

Тәрбиелік

Өлкенің тарихи орындарына саяхат арқылы туған жерге сүйіспеншілікті арттыру; ұжымшылдыққа, еңбексүйгіштікке, бірлікке, ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.

Сабақ түрі

Саяхат сабақ.

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру, сұрақ-жауап, топтастыру, талдау, ізденіс, салыстыру.

Пәнаралық байланыс

Әдебиет, тарих, музыка, география.

Көрнекілік

  • Қаракөл – Сарайшық маршрут картасы
  • Сарайшық туралы деректер жинақталған буклет
  • Суреттер топтамасы, топтастыру материалдары
  • Үлестірмелі парақша, слайд материалдары, бейнетаспа

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сабаққа дайындығын тексеру.
  • Мотивациялық кіріспе: мұғалім саяхат туралы сүйінші хабар жеткізеді — «Тарихқа тағзым» бағытымен Сарайшыққа шығу.
  • Шарт: саяхатқа тек үй тапсырмасы толық орындалған жағдайда шығу.

Қысқа диалог (үзінді)

Мұғалім: Балалар, сендерге сүйінші хабарым бар.

Оқушылар: Қуанышты хабарды естуге асығып тұрмыз.

Мұғалім: Бүгін сағат 10:00-де Сарайшыққа жол жүреміз. Бірақ бір шарт бар: үй тапсырмасына толық дайындалсаңдар ғана барасыңдар.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Қайталау — оқу анасы. Үстеу туралы білімді жүйелеу сұрақтары:

  1. Үстеу дегеніміз не?
  2. Үстеу мағынасына қарай нешеге бөлінеді?
  3. Мезгіл үстеуінің ережесін кім айтады?
  4. Мезгіл үстеуі қандай сұрақтарға жауап береді?

Жаттығу (276)

Мезгіл үстеулерін тауып, сұрақ қою арқылы қай сөзбен тіркесіп тұрғанын көрсетіңдер.

Үй тапсырмасы орындалған соң оқушылар екі топқа бөлінеді: «Қаракөл» және «Сарайшық». Жол үстінде көңіл күйді көтеру үшін «Біз Отанның ұланымыз» әні хормен орындалады.

III. Жаңа сабақ: Мекен үстеуі

Түйінді сұрақтар

  • Қайда барамыз? — Сарайшыққа.
  • Қайдан шықтық? — Ауылдан.
  • Қалай қарай? — бағытты білдіретін тіркестер арқылы.

Осы сұрақтар жаңа тақырыпқа жетелейді: мекен үстеуі.

Анықтама

Мекен үстеуі — іс-әрекет пен қимылдың болу орнын, мекенін, бағытын білдіріп, қайда? қайдан? қалай қарай? деген сұрақтарға жауап беретін үстеу түрі.

Құрамы жағынан

  • негізгі түбір
  • туынды түбір
  • күрделі түбір

Тіркесуі

Мекен үстеулері көбіне етістікпен тіркеседі.

Мысал сөздер

Ілгері, кейін, әрі, бері, әрмен, мұнда, осында, жоғары, төмен, сонда, жолшыбай, тысқары, алға, алда, артта, жол-жөнекей, тұс-тұстан, алды-арты, арттан.

Сөйлемдегі қолданысы (үлгілер)

Алыстан мұнартып тау көрінеді.

Қайдан? — алыстан (көрінеді).

Таудың етегінде ағаштар өсіп тұр.

Қайда? — етегінде (өсіп тұр).

Көлдің ағысы ілгері қарай ағып жатыр.

Қалай қарай? — ілгері қарай (ағып жатыр).

Кітаппен жұмыс

Жаттығу (278)

Мекен үстеулерін тауып, сұрақ қою арқылы қай сөзбен тіркесіп тұрғанын көрсетіңдер.

Үлгі жауаптар

  • Қайда шағылысады? — алыста шағылысады.
  • Қайда тұр? — қақ ортасында тұр.
  • Қайда тұр? — төмен жағында тұр.

Саяхат мазмұны: Сарайшыққа жеткенше

Жол үстінде оқушылар тарихи-мәдени білімін бөлісіп, тақырыпты өмірлік жағдаятпен байланыстырады. Махамбет өңіріне жеткен тұста уақытты тиімді пайдалану үшін Сарайшық туралы деректер әңгімеленеді.

Шығармашылық жұмыс

Оқушылардың «Сарайшық туралы» шағын шығармашылық жұмыстары (әңгіме, дерек, ойтолғау) тыңдалады.

Мұражай-қорықтағы таныстыру

Қош келдіңіздер!

Сарайшық мұражай-қорығына қош келдіңіздер! Мұражай кешені 1999 жылы Иманғали Тасмағамбетовтің ұйымдастыруымен бой көтерген. Кешен құрамына мешіт, хандар пантеоны (зират) және мұражай ғимараты кіреді.

Экспозиция

Мұражай залында Сарайшық қаласынан табылған археологиялық олжалар мен қолөнер туындылары қойылған.

«Сиқырлы қоржын» тапсырмалары

1) Мәтінмен жұмыс

«Секер көл» аңыз-әңгімесі айтылады. Мәтін ішінен мекен үстеулерін тауып, тақтаға жазу.

2) Диалогпен жұмыс

Мұражайдағы ең көне жәдігерлердің бірі — 1909 жылғы алып құмыра туралы тапсырма. Тақырыпқа сай жағдаяттық диалог құру:

  • кітапханада
  • дүкенде
  • мектепте
  • ас үйде
  • ойын алаңында

3) Пікір білдіру

«Жеті ханға» арналған ескерткіш-белгі бойынша: саяхаттан алған әсерлеріңді мекен үстеулерін қатыстыра отырып айту.

4) Жеке оқушымен жұмыс

Көп нүктенің орнына мекен үстеуін қойып жаз: жоғары–төмен, артта, осында, жол-жөнекей.

  1. Өмірдің бар кереметтерін __________________________ кездестіруге болады екен.
  2. ____________________ отырған Ақтілеу мұғалімнің кіргенін аңғармай қалды.
  3. Жолаушыларға __________________________ көлік те кездеспеді.

Жұмбақ

Жасыл желек көгалда,
Бірде артқа, бірде алға,
Желаяқ көп бала,
Таласып жүр бір шарға.

Жауабы: футболшылар.

Сабақты бекіту

«Жолдама қағаздар» әдісі: екі топ бір-біріне бекіту сұрақтарын қояды.

Бекіту сұрақтары

  1. Үстеу түрлерін ата.
  2. Бүгін үстеудің қай түрін өттік?
  3. Мекен үстеуі дегеніміз не?
  4. Мекен үстеуі құрамы жағынан нешеге бөлінеді?
  5. Мекен үстеулері қай сөз табымен жиі тіркеседі?
  6. Етістікпен тіркесетін мекен үстеулеріне мысал келтір.

Үй тапсырмасы

  • Мекен үстеуі: ережені жаттау.
  • 279-жаттығу (өзіндік жұмыс).
  • 280-жаттығу (сұрақ қою арқылы мекен үстеуін тіркескен сөзімен жазу).
  • «Ауылым — алтын бесік» тақырыбында шағын әңгіме жазу.

Бағалау

Оқушылардың жауап беру белсенділігі, жаттығу орындау сапасы, топтық жұмысқа қатысуы және шығармашылық тапсырмалардағы тілдік дәлдігі бойынша бағаланады.

Автор туралы мәлімет

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қаракөл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі — Ізімқұл Гүлнұр Шойынқызы.