Наурыз тойы береке, Тіршілік жаңа оянды

Наурыз мерекесіне арналған отбасылық шара

Мақсаты

Наурыздың — жыл басы екенін, оның діни мейрамнан гөрі ұлттық мереке ретіндегі тарихи маңызын түсіндіру.

Ата-бабадан жалғасқан ұлттық тәрбие мен салт-дәстүр туралы түсінік қалыптастыру.

Өз ұлтына деген сүйіспеншілікті арттыру, отбасылық бірлікті нығайту.

Шараның барысы

Ұйымдастыру

1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін біз көктемнің шуақты күнінде қазақтың ұлттық мейрамы — Наурызды, яғни Жаңа жылды қарсы аламыз.

Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі. Бұл күні адамдар бір-бірін мерекемен құттықтап, үлкендер ақ тілек айтып, бата береді.

Армысыздар, ағайын!

Наурыз тойын жұп жазбай, қошеметпен қарсы алайық!

Досқа құшақ ашайық, өлең-жырға басайық.

Қазақтың бір салты деп, тойға шашу шашайық.

Наурыз келсе — құт келгені, халайық!

Есік ашып, шашу шашып, ел болып қарсы алайық!

Ескерту: Осы тұста дәстүр бойынша шашу шашылады.

Наурыз — шығыс халықтарының жаңа жыл мейрамы. Ол табиғаттың жаңаруын ғана емес, адам мен ғарыштың тұтастығын, әлемдік үйлесімді білдіретін мереке ретінде бағаланады.

Отбасылық сайысқа шақыру

1-жүргізуші: Бүгінгі мерекеге орай отбасылық сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер! Ортаға отбасыларды шақырамыз!

Әділқазы туралы

Әділ бағасын берер, қара қылды қақ жарған әділқазы алқасын сайлап, бүгін жүзден жүйрік отбасын анықтайық.

2-жүргізуші: Той деп бүгін көңіл тасиды, той деп бүгін халқымыз шашу шашады. Бүгінгі сайыстың шымылдығын сөзден жүйрік, жырдан озық өнерпаздар ашады.

Мерекелік мазмұн және кезеңдер

Наурыз және «жеті» ұғымы

Наурыз күні салт-дәстүрде жеті саны айрықша мәнге ие. Бұл күні ақсақалдар алдына жеті түрлі дәмнен жасалған Наурызкөже жеті ыдыспен таратылады.

Наурыз тойы тамаша, Наурыз тойы жаңаша.

Табиғат та тамаша, тамылжып тұр жараса.

Наурыз тойы — салтанат, Наурыз тойы — мархабат.

Әр жүректен ән тарап, шаттанады шартарап.

1-кезең: Өзін-өзі таныстыру

Әр отбасы өзін өлеңмен немесе қарасөзбен таныстырады. Бұл кезеңде отбасылық бірлік, тектілік, тәлім-тәрбие мәнері көрініс табады.

Оқушылардың арнауы

Жаңғырар дәстүр — салтымның,

Көзелсін бұлақ жалғасы.

Қастерлі менің халқымның

Мерекесі — Наурыз, жыл басы.

3-кезең: Қолөнер

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» қағидасы бойынша қатысушылар қолөнер бұйымдарын ұсынып, ұқыптылық пен шеберлігін көрсетеді.

4-кезең: Дастарқан мәдениеті

«Ас — адамның арқауы»: бұл кезеңде ұлттық ас мәзірі, дастарқан әдебі, қонақжайлық дәстүрі дәріптеледі.

6-кезең: Өнер көрсету

Әрбір сайыскер өз өнерін ортаға салады: ән, күй, би, мәнерлеп оқу, сахналық көрініс және өзге де шығармашылық нөмірлер.

2-кезең: «Ата мұраң — асыл қазынаң»

Ұлттық киімдегі екі қыз табақшамен сандық пен конверт алып шығады. Әр отбасының балалары ортаға шақырылып, сандық ішіндегі нөмірленген асықтарды таңдау арқылы тапсырмасын анықтайды. Сұрақтарға отбасы ақылдасып, бірігіп жауап береді.

Байғазы

Балалардың, жастардың жаңа киімі үшін берілетін ақшалай не заттай сыйлық.

Көрімдік

Жаңа туған балаға, жас келінге, құдаға не күйеуге берілетін кәде.

Бастаңғы

Үйдің үлкендері жолға шыққанда, ауыл жастары сол үйге жиналып, ойын-сауық құратын дәстүр.

Жасау

Ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік: кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек, әшекей бұйымдар.

Қырқынан шығару

Нәресте туғанына қырық күн толғанда жасалатын ғұрып: 41 қасық сумен шомылдырып, шашу шашып, дастарқан жайылады.

Ерулік

Жаңа көшіп келген үйге көрші-қолаңның ас апарып, дәм таттыруы — жақындасу мен сыйластықтың белгісі.

5-кезең: Балалар тапсырмасы

Әр отбасының балалары асық алып, тапсырмасын анықтайды.

  • Бес қаруды атаңыз

    Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта.

  • Жеті жетім

    Тыңдаусыз қалған сөз — жетім.

    Қиюсыз қалған бөз — жетім.

    Иесіз қалған жер — жетім.

    Басшысы жоқ ел — жетім.

    Аққу-қазсыз көл — жетім.

    Елінен айырылған ер — жетім.

    Замандасы қалмаса — бәрінен де сол жетім.

  • Жеті атаны атаңыз

    Отбасы өз шежіресі бойынша айтады.

  • Үш арсыз

    Ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз.

  • Жеті қазына

    Ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, құмай тазы.

  • Үш тәтті

    Жан тәтті, мал тәтті, жар тәтті.

Қыдыр ата және бата

Дәстүрлі түсінік бойынша, 21-наурыз түні ауа райы жылып, жақсылықтың нышаны ретінде Қыдыр ата жер бетіне түседі деп сенген. Бабаларымыз бұл түнді кірпік ілмей күтіп, әр адам жаңа жылға ниет етіп, ой-арманы қабыл болады деп ырымдаған.

Хормен

Қош келдіңіз, Қыдыр ата!

Қыдыр атаның батасы

Ұрпақтардың бағы болсын,

Арайланған таңы болсын.

Ақ батамен қол жайғанның

Тілегінің бәрі болсын.

Елдің іргесі берік болсын,

Жасқа құрмет, кәріге құрмет болсын.

Ұлыстың Ұлы күні әрбір отбасына қуаныш пен бақыт әкелсін!

Ұлыс оң болсын! Әумин.

Қорытынды

1-жүргізуші: «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» демекші, бүгінгі сайысымыз да мәресіне жетті. Отбасыларымыздың өнерлі әрі ұйымшыл екенін бірге тамашаладық.

Ұлтымыздың әр сөзі — кәдеге жарар асыл мұра. Отбасылар сайысы да өз мәресіне келіп жетті. Ендігі сөз — әділқазылар алқасында.

Тілек

Ұлыстың Ұлы күні әрбір отбасына қуаныш, береке, бақыт әкелсін! Ұлыс оң болсын!

Қош сау болыңыздар!

Мерекелік жыр шумақтары

Оқушылардың тілегі

Жаса, Наурыз, жаса, көктем,

Жаса, достық, күн, тіршілік!

Болсын ұмыт мұңдар өткен,

Мейірімділік күлсін шығып!

Наурыз туралы толғау

Наурызда жаңа жыл басталады,

Естіледі көктемнің асқақ әні.

Ақ көңілмен қарсы алайық,

Тәй-тәйлап келген жас баланы.