Ұқсайды оған қай әріп

Жұмбақтың бала дамуына тигізер маңызы

«Бала тәрбиесі — бесіктен» деген ұғымды әрдайым берік ұстанған қазақ халқы ұрпағын алдымен халықтық дәстүр аясында тәрбиелеуді мақсат еткен. Өскелең ұрпақты тәрбиелеудің мәнін, қиындығы мен қуанышын және одан шығатын нәтижені халық жақсы түсінген. Осы тұрғыдан қарағанда ауыз әдебиетіндегі шағын жанрлар — мақал-мәтел, жұмбақ, санамақ, жаңылтпаш — баланың ой-өрісін, дүниетанымын, қиялын, тілін дамытуда және тәлім-тәрбиесінде терең мәнге ие.

Негізгі ұғым

Жұмбақ — белгілі қасиеттерін ғана мегзеу арқылы жасырылған затты не құбылысты тапқызуға құрылған, танымдық мәні өте зор шағын жанр.

Ескерту: жұмбақтың мысал, ертегі, айтыс түрлері шағын жанр қатарына жатпайды.

Жұмбақтың тәрбиелік және танымдық қызметі

Жұмбақ — баланың ойлау қабілетін дамытатын, танымын кеңейтетін тамаша үлгілердің бірі. Ол халықтың ойы мен қиялынан туған ұшқыр да бейнелі шығарма ретінде ерте заманнан-ақ қарым-қатынас жасаудың ерекше құралына айналған.

Үлкендер арасында

  • Адамды тану, сынау
  • Әзіл-қалжың, ойын түріндегі сөз жарыстыру
  • Шешендік шеберлікті байқату

Балалар үшін

  • Дүниенің қыр-сырын таныту
  • Таным мен қиялды ұштау
  • Тіл шеберлігіне, ой жүйріктігіне баулу

Тілдік ерекшелік: бейне, салыстыру, метафора

Жұмбақтарда нәрсе, зат, құбылыстың жалпы сыртқы көрінісі сипатталып, ішкі мазмұны меңзеледі; екінші бір нәрсемен салыстыру, теңеу, ұқсату, баламалау, әсірелеу тәсілдері кең қолданылады. Сондықтан жұмбақ мәтініндегі тілдік қолданыстар сан алуан.

Оқушы үшін пайдасы

Мұғалім жұмбақтың тілдік ерекшеліктерін балаға анық әрі жүйелі жеткізе алса, оқушы туған тілінің байлығын сезінеді, сөз қолданыстың қырларын таниды, сөйлеу мәдениетін меңгереді және өз ойын шебер, мәнерлі жеткізуге үйренеді. Бұл шығармашылық қабілеттің өсуіне де ықпал етеді.

Жұмбақпен жұмыс жүргізу әдістемесі

Жұмбақ бойынша жұмыс, негізінен, оның шешуін табуға бағытталады. Ол үшін жұмбақта берілген белгілерге сүйеніп, нысанды іздестіру әдісі ұсынылады. Мұндайда жұмбақталған нәрсенің қай салаға жататыны және қандай бағытта іздеу керектігі алдын ала айтылса, балаларға жеңіл болады.

Мысал 1: бағыт беру арқылы табу

Жұмбақ: «Іздесем, ізі жоқ, бауыздасам, қаны жоқ».

Мұнда іздеу бағыты алдын ала көрсетіледі: бұл нәрсені өзеннен, көлден іздеу керек, яғни суда болады. Бағыт берілмесе, балаларға қиындайды.

Сұрақ-жауап арқылы метафораны ашу

  • Қандай «із» туралы айтылып тұр?
  • «Бауыздау» сөзін қалай түсінеміз? (Қайықтың тұмсығымен су толқынын кесуі.)

Мысал 2: тура мағынадан бейнелі мағынаға

Жұмбақ: «Аяғы біреу, қолы жоқ, шиыр-шиыр жолы көп...»

Алдымен сөздердің тура мағынасы талданады: «із» деген не, «жолдың сөйлей алмайтыны», «жолдың сөйлеуі» нені білдіреді? Осыдан соң жұмбақталған затты оқу құралдары төңірегінен іздеу керектігі аңғарылады.

Жетелеуші сұрақ

«Оқу құралдарының қайсысында жол бар?» деген сұрақ арқылы дәптер мен кітаптағы сызық-жол анықталады. «Сөйлейтін жол» — жазу, ал жазу жолын қалам мен қарындаш салады. Осылайша оқушы жұмбақ шешімін өзі табады.

Осы тұрғыда жұмбақ оқушыларды бейнелеп сөйлеуге үйретеді. К. Д. Ушинский атап көрсеткендей, жұмбақ — заттың суретті сипаттамасы.

1-сыныпта дыбысты меңгертудегі жұмбақтың орны

1-сыныпта әліппені таныту кезеңінде әр дыбысқа байланысты жұмбақ шешудің пайдасы зор. Бұл оқушының әріп пішінін салыстыру арқылы есте сақтауын күшейтеді.

«Т» әрпі

Тырма жатыр қарайық, ұқсайды оған қай әріп?

Жауабы: Т

«Ғ» әрпі

Ұқсайды өзі шалғыға, елестет көз алдыңа. Қане, ойланып табайық, ұқсайды оған қай әріп?

Жауабы: Ғ

«М» әрпі

Түйе өркешін қарайық, ұқсайды оған қай әріп?

Жауабы: М

Шығармашылықты дамыту: «Белгісіз ұйқасты тап!»

Шығармашылық қабілетті шыңдап, ұйқастыра сөйлеуге дағдыландыруда «Белгісіз ұйқасты тап!» үлгісіндегі жұмбақтарды қолдану тиімді.

Шу көп қырда, ән бе, жыр ма? Тыраулайтын бұл не?

Жауабы: тырна

Жерге түскен айдай, секеңдеуі көп-ті. Тура тептім таймай, ұстап көрші...

Жауабы: допты

Зырлар жүйрік, қарғып биік, жолды кесер бұл не?

Жауабы: киік

Ол тоқ болса әрдайым, біз тоятын нан дайын. Күзде ғана жем іздер, бұл не дейсің?

Жауабы: комбайн

Іші толған шәрбат, дәмі қандай әйбат. Үзесің бірден жүзін, оның аты — ...

Жауабы: жүзім

Доп-домалақ сары, ішінде бар дәні. Қызығасың көріп, оның аты — ...

Жауабы: өрік

Оқушы жұмыстары: нәтижеден көрінген өсім

1-сыныпта оқушы Ахметова Жауқазын алғашында «Бір дәу келе жатыр, ол не десең — тасбақа» деп қарапайым түрде құрастырса, жүйелі жұмыстардан кейін ұйқас пен бейнелеудің қырын жақсы түсініп, өздігінен өлең жолдарын құрастыра алды:

Оқушының өлең жолдары

Мысығым менің, мысығым,

Үй жинайды пысығым.

Қасқырды да аулайды,

Пішенді орып баулайды.

Ұқсап қалған алмұрт,

Пайдаланар барша жұрт.

Жауқазынның кейінгі жұмбақтары

  • Қасына барсаң үркек, жүрегі жоқ, отыр тек.

    Жауабы: қоян

  • Өзі сары, жесең тәтті.

    Жауабы: әңгелек

Рахуова Дильназдың жұмбақтары

  • Тастан тасқа секіреді, тәтті шөпті жегені, түсіме жиі кіреді.

    Жауабы: лақ

  • Жұлдыздай жарқырайды, күндіз бірақ байқалмайды.

    Жауабы: ай

Қорытынды

Қорыта айтқанда, шағын жанрлармен жүргізілетін жұмыстардың барлығы оқушыларды өз бетімен ізденуге үйретіп, ақыл-ойын, дүниетанымын кеңейтуге және тілін дамытуға ықпал етеді. Жұмыр жерді мекендеген халықтардың қай-қайсысының да ғасырлар бойы сұрыпталған інжу-маржандай астарлы, асыл, ұлағатты шешендік-даналық сөздері бар екені ақиқат.

Тіл байлығының алтын қорына жататын мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, нақыл сөздер өмір шындығын, халықтың тұрмыс салты мен тіршілігін, психологиясын, қоғамдық ілгерілеуді дәл әрі шебер бейнелейді. Сондықтан халық даналығы — жас ұрпақты тәрбиелеуде, ақыл-кеңес беруде маңызы ерекше құндылық.