Ғажайып Оңтүстік Америка кезеңі

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Білім беру ұйымы
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Алмалы орта жалпы білім беретін мектебі
Пән
География және экология
Мұғалім
Сабиров Ербол Амангелдіұлы
Сабақтың тақырыбы
Оңтүстік Американың географиялық орны. Ашылу және зерттелу тарихы
Сабақтың типі
Жаңа сабақты меңгеру
Оқыту әдістері
Интерактивті тақтамен жұмыс, «Кім көп біледі?» ойыны, баяндау, сәйкестендіру тесті, Венн диаграммасы, картамен жұмыс
Пәнаралық байланыс
Тарих, биология, экология, әдебиет

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оңтүстік Американың географиялық орны мен зерттелу тарихына сипаттама беру; материк жағалауындағы мұхиттар мен теңіздердің табиғатқа ықпалын түсіндіру.

Тәрбиелік

Географиялық ашылуларға қызығушылық ояту, әлемді танып-білуге ынталандыру, табиғатты қорғауға және сүюге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың белсенділігін арттыру, картамен жұмыс дағдысын жетілдіру.

Көрнекіліктер мен ресурстар

  • Дүниежүзінің және Оңтүстік Американың физикалық карталары
  • Оқулық, атлас, кескін карта
  • Интерактивті тақта
  • Үлестірмелі қағаздар, суреттер, қосымша материалдар

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, қатысымды түгендеу.
  • Бағалау парағын тарату.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Әр топта жеке оқушыларға үлестірмелі қағаздар таратылады. Тапсырмалар талданып, қысқа жауаптар арқылы пысықталады.

3) Қызығушылықты ояту: «Кім көп біледі?»

Мұғалім Солтүстік Америка тақырыбы бойынша сұрақтар қояды. Топ жетекшілеріне бағалау парағы беріледі: әр дұрыс жауап 1 жұлдызшамен белгіленеді.

  1. Солтүстік Америка материгі қандай ежелгі материктің қалдығы?
  2. Солтүстік Американың жерінің ауданы қанша?
  3. Материктің оңтүстігіндегі шеткі нүктесі қайсы?
  4. Материк жағалауына алғаш келген саяхатшы кім?
  5. Материктің ең биік тау шыңы қалай аталады?
  6. Солтүстік Америка мен Оңтүстік Американы бөліп тұрған канал қайсы?
  7. «Миссисипи» өзенінің атауы үндістер тілінде нені білдіреді?
  8. Арктикалық шөл зонасында тіршілік ететін, Дүниежүзілік Қызыл кітапқа енген жануарды атаңдар.
  9. Материктің орталық бөліктерінде болатын құйын тәрізді дауыл қалай аталады?
  10. Солтүстік Американың Ұлы көлдерін атаңдар.

4) «Ғажайып Оңтүстік Америка»: таныстыру

Мен өзім болдым біраз жұмбақ мекен,

Жағама алғаш жүзіп Колумб келген.

Үндістанды таптым деп қателесіп,

Халқымды үндістер деп атап кеткен.

Ең ұзын тау тізбегі жер бетінде —

Әдемі, көркем, сұлу Анд менде.

Үстірттер, ойпаттар бар, жазықтар бар,

Ылғалдың мол мөлшері тағы менде...

5) Жаңа сабақтың жоспары

1-тақырып

Оңтүстік Американың географиялық орны

2-тақырып

Жағалаудағы мұхиттар мен теңіздер

3-тақырып

Ашылу және зерттелу тарихы

Оңтүстік Американың географиялық орны

Оңтүстік Америка Солтүстік Америкамен бірге Америка дүние бөлігін құрайды. Тілдік ерекшеліктеріне қарай бұл аумақ көбіне Орталық Америкамен бірлікте Латын Америкасы деп аталады.

Материктің ең енді бөлігі шамамен 50° ендік бойына сәйкес келеді. Жағалауының басым бөлігі тік жартасты, қатты тілімденбеген. Жағалауға жақын аралдар саны аз, тек оңтүстік-батысы мен қиыр оңтүстігінде аралдар тобы жиі кездеседі.

Ең ірі арал — Магеллан бұғазы арқылы материктен бөлініп жатқан Отты Жер аралы.

Жағалаудағы мұхиттар мен теңіздер

Материктің батысын Тынық мұхиты, ал шығыс жағалауын Атлант мұхиты шайып жатыр.

Оңтүстік Американың жағалауларында материктік қайраң (шельф) өте енсіз. Әсіресе Тынық мұхиты жағалауында терең шұңғымалар бірден басталады.

Материктің солтүстік жағалауына Атлант мұхитының Кариб теңізі ұласады.

Ашылу және зерттелу тарихы

Бұл бөлімде Оңтүстік Американы зерттеген саяхатшылар туралы әңгіме жүргізіледі (қосымша материалдар негізінде). Оқушылар картамен жұмыс жасап, басты бағыттар мен маңызды географиялық нысандарды белгілейді.

6) Ой-толғаныс кезеңі

Сәйкестендіру тесті

«Ашылу және зерттелу тарихы» тақырыбы бойынша сәйкестендіру тапсырмасы орындалады. Қажет болған жағдайда тесттің толық нұсқасы қосымша ретінде беріледі.