Көктем тобы
Сабақтың тақырыбы
Ана махаббатымен әлем тербелген...
Сабақтың мақсаты
Оқушыларды ананың еңбегін ақтауға, анаға деген сүйіспеншілікке баулып, ананы құрметтеп, сыйлауға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі
- Қабырға газеті: «Аналар – асыл жандар»
- Ашық хаттар
- Интерактивті тақта және т.б.
Жүргізуші сөзі
Ана — өмірдің қолдаушысы, әлемнің шуағы, Шаңырақтың шаттығы мен жылуы. Сейілмесін жанарынан ананың Тіршілікке төккен нұрлы нұры. Аялайық аналарды әрдайым, Қуанышқа бөлейік өздерін. Әжелердің, аналардың, қыздардың Мұң шалмасын күлім қаққан көздерін.
Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі, тәрбиелейді, өсіреді. Адам бойындағы барлық асыл қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды.
Ана — ұлы адам, ана — құдіретті жан. Ендеше бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы аналар, арулар!
Құттықтау және ой-толғау
Сіздерді әйел жанымен байланысты тамаша көктем мерекесі — 8 Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Алғашқы көктем мерекесінің жер бетіне өмір сыйлаушы нәзік, ақылды, сымбатты, мейірімді жандарға арналуы — қандай тамаша! Тәуелсіз еліміздің тұрғындары ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Бұл сенім қойылған мақсаттарға қол жеткізуге және ауқымды жоспарларды іске асыруға көмектеседі.
Ана туралы қасиетті ұғым
«Әлемдегі ең асыл жан — ана» десек, жүрегімізде сүйікті жанға деген махаббат оянады. Баланың тілі шыққаннан-ақ алғашқы айтатын сөзі — «ана». Осы бір үш әріптің аясына адамзатқа қуаныш сыйлар қаншама қасиет сыйып тұр!
Әйел — өмірдің тірегі
«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз қандай дәл! Расында, әйел қауымынсыз бұл әлемді елестету мүмкін емес. Құдайдан кейінгі құдірет иесі — ана.
Қоғамдағы әйел еңбегі
Бүгінде ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесін көтеруге үлес қосып жүрген қазақ әйелдері қандай құрметке де лайық. Қоғам өмірінің әйелдер араласпайтын саласы жоқ десек болады: бірі — ғалым, бірі — саясаткер, енді бірі — дәрігер, кәсіпкер. Солардың ішінде аяулы ұстаздар да бар. Аналардың өмірдің барлық саласын меңгергеніне күмән жоқ — бас иеміз.
Сайыс бөлімі
Әділқазылар алқасы
(Сайысқа әділ баға беретін қазылар алқасы сайланады.)
- ________________
- ________________
- ________________
Қатысушылар
Сайысқа 5-сынып оқушыларынан құралған екі топ қатысады:
1-топ
«Гүлдер»
2-топ
«Көктем»
I жүргізуші:
Той пердесін ашайық, Аналарды құрметтеп. Жыр маржанын шашайық!
II жүргізуші:
Құтты болсын, ардақты анам, Асыл анам — мерекең! Құтты болсын, ұстаздарым, Қуанышты берекең!
1-кезең: Ана туралы жыр жолдары
1-топ
Ақ сүтінен барлық адам нәр алған, Ол азығың — өзіңмен бірге жаралған. Туа салып тұңғыш татқан дәмің — ол, Күш-қуат боп өн бойыңа таралған.
2-топ
Азамат қуат алар ақ сүтіңнен, Мәпелеп әлдилеген пейілі кең. Аналық махаббатың — кәусар бұлақ, Сөнбейтін ақ жүрегің — мәңгі шырақ.
1-топ
Дүниенің жарық күні — анамыз, Дана болсақ — анаменен данамыз. Тыңдаңыздар, көңіл қойып, ағайын, Анаға арнап тағы бір ән саламыз.
2-топ
Алтын анам жасымнан аялаған, Мен үшін игілікті аямаған. Сабақтан шаршап үйге келгенімде, «Балам» деген сөзі — сая маған.
1-топ
Көңілің Алатаудың ақ қарындай, Мейірімің күннің шуақ шақтарындай. Қалайша, аяулы ана, тына алармын, Ән болып сағыныштан ақтарылмай?
2-топ
«Ана» дейміз бәріміз де аңқылдап, «Ана» дейді жас сәби де жарқылдап. Ана деген — бәйтерегі өмірдің, Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.
Бәрекелді, оқушылар! Армысың, ауылымның асылдары! Жайнасын көңілдердің жасыл бағы. Сендер үшін ән мен күй, өлең мен би — бәрі де мерекенің шашуы!
2-кезең: Ән жарысы
1-топ
«Ананың тілі» әні
2-топ
«Анашым» әні
3-кезең: Оқушы шығармашылығы
Бұл кезеңде оқушылар өздері шығарған өлеңдерін оқиды. Қабыл алыңыздар!
4-кезең: Сұрақ-жауап
Топ басшыларын ортаға шақырып, бір санды таңдатамыз. Таңдаған санына сәйкес сұрақтарға жауап береді. Әр сан 5 сұрақтан тұрады.
I жүргізуші: Менің анам — алтын.
II жүргізуші: Менің де анам — алтын.
I жүргізуші: Аналарды құрметтеп,
II жүргізуші: Қол соғыңдар, жалпың!
Марапаттау
Оқушыларды марапаттау үшін ортаға әділқазылар алқасының мүшелерін шақырайық.
Қонақ
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, І. Үргенішбаев атындағы орта мектебінің кітапханашысы Еспембетова Салтанат Шәріпқызы.