Бұдан балалар сендер нені ұқтыңдар
Мақсаты мен күтілетін нәтиже
Білім
Оқушылардың еңбек түрлері туралы білімін кеңейту, еңбекке қатысты негізгі ұғымдарды қалыптастыру.
Дағды
Сөйлеу дағдыларын жетілдіру, ой-өрісін дамыту, пікірін нақты жеткізуге үйрету.
Тәрбие
Еңбексүйгіштікке, шаруақорлыққа, іскерлікке, үнемшілдікке баулу.
Көрнекіліктер
- Нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер
- Суреттер, үлестірмелі материалдар
Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу өлеңі
Біз әдепті баламыз,
Біз ерекше боламыз.
Қонақтарды көргенде,
Сәлемдесіп аламыз.
«Шаттық шеңбері»
Жақсы бала еңбекшіл,
Таза бала мұнтаздай,
Ер азамат болады.
Қиындықты жеңіп кіл,
Құшағы гүлге толады,
Жақсы көрер бір адам.
(2 рет қайталау)
Еңбекшіл досым-ай, болайықшы осындай.
Өнеге: табиғаттан үйрену
Әңгіме
Атасы он жасар баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады:
— Анау өрмекшіні көрдің бе? Не істеп жүр?
— Көрдім. Өрмек тоқып жүр.
— Анау құмырсқаны көрдің бе?
— Көрдім. Аузында нанның қиқымы бар, жүгіріп барады.
— Жоғары қара, аспаннан не көрдің?
— Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр. Аузында шөп бар.
Сонда атасы былай деді: өрмекші өзіне азық ету үшін тор құрып жүр; құмырсқа қиқымды өзіне ғана жемей, илеуіне тасып барады; қарлығаш балапандарына ұя жасауға шөп жинап жүр. «Сен де еңбек етуге әдеттен», — деді.
Түйін
- Еңбек етуге дағдылану
- Уақытты босқа өткізбеу
- Мейірімділік пен жауапкершілік
Нақыл сөздер және мағынасы
«Еңбек түбі — зейнет»
Еңбек адамды нәтижеге жеткізеді. Еңбектенсең, ешнәрседен кем болмайсың. Оқушының еңбегі — жақсы оқу, ата-анасын қуанту.
«Жақсы жұмыс — жанға тыныс»
Істі ынтамен, ұқыппен атқарған адам өзі де риза болады, айналасына да пайдасы тиеді.
«Еңбексіз өмір — сөнген көмір»
Көмір жанбаса жылу бермейді. Сол сияқты еңбексіз адам да өзіне де, қоғамға да пайда келтіре алмайды.
«Еленген еңбек — өнімді»
Шынайы еңбек елеусіз қалмайды. Мысалы, Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы еңбегі ел жадында. Спортшылар да тынымсыз еңбектің арқасында танылады.
Ән: «Әңгелек»
1-шумақ
Шуағында көктемнің,
Қауын дәнін еккенмін.
Өзім күтіп-баптадым,
Жаздай тыным таппадым.
Қайырмасы:
Пісіп қалыпты әңгелек,
Доптай болып дөңгелек.
(2 рет)
2-шумақ
Сап-сары боп сабағы,
Иісі мұрын жарады.
Тіл үйіріп, бал татып,
Қойды бізді тамсантып.
Қайырмасы:
Пісіп қалыпты әңгелек,
Доптай болып дөңгелек.
(2 рет)
Оқушылардың өлең-жырлары
Жаңагүл
Еңбекті сүй, құрметте —
Береке болар еңбекте.
Еңбек етсең емерсің,
Жақын болшы еңбекке.
Әсемжан
Майда бол, жігіт болсаң, тал жібектей,
Жарамайды қатты болу тікенектей.
Білімің болса да ұшан-теңіз,
Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей.
Қасиет
Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?
Тоқ тұрар ма дәмдінің дәмдісін іздемей?
«Бір тойған — шала байлық» деген қазақ,
Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?
Еңбек жоқ, харекет жоқ — қазақ кедей.
Айдана
Еңбек — жанға қуат берер күш, сабыр берер медет.
Еңбек — жалқаулықты тиятын, ойды да, бойды да тәрбиелейтін қасиет.
Сұрақ-жауап: еңбек туралы ой
Еңбек адамға не үшін қажет?
Білім алуға, мамандық иесі болуға, тұрмысқа қажет нәрселерге қол жеткізуге.
Еңбекқор деп қандай адамды айтамыз?
Жалқаулыққа салынбайтын, бастаған ісін аяқтайтын, жауапкершілігі бар адамды.
Қандай еңбек түрлері ұнайды?
Сабақ оқу, спортпен шұғылдану, үй шаруасында ата-анаға көмектесу.
Жетістікке жеткізетін қасиеттер
Адалдық, еңбексүйгіштік, тәртіп, табандылық, көп оқу, үлкенді тыңдау.
Еңбектің пайдасы
Еңбек етсең, ерінбесең — барлық мақсат-мұратқа жетесің. «Еңбек — қуаныш, жалқаулық — азап», — деген Абай сөзі осы ойды айқындайды.
Сахналық көрініс: «Қайдан келдің, бауырсақ?»
Еңбектің адам өміріндегі мәнін түсіндіру үшін Өтебай Тұрманжановтың «Қайдан келдің, бауырсақ?» шығармасынан көрініс ұсынылады.
Автор (Тамерлан)
Дастарханға шашылып
Жатты аппақ бауырсақ.
Бауырсаққа қызығып,
Қарап тұрдым көзімді сап.
Қуыршақ (Д. Динара) — Бауырсақ (Ақбота)
Қуыршақ: Қайдан келдің, бауырсақ?
Бауырсақ: Дүкеннен келдім, нан сатқан.
Қуыршақ: Дүкенге келдің қай жақтан?
Бауырсақ: Наубайдан келдім, нан жапқан.
Қуыршақ: Наубайға келдің қай жақтан?
Бауырсақ: Диірменнен келдім, ұн тартқан.
Қуыршақ: Диірменге келдің қай жақтан?
Бауырсақ: Даладан келдім жан-жақтан:
Жер-ана мені тербеткен,
Диқандар мені өсірген.
Еңбек туралы мақал-мәтелдер
Еңбек — бәрін жеңбек.
Еңбек етсең емерсің.
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
Еңбек ер атандырады.
Еңбек мұратқа жеткізер, жалқаулық абыройды кеткізер.
Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық.
Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады.
Ерінбесең, еңбегің өнеді.
Еңбек етпеген ішіп-жемейді.
Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме.
Ерінбеген етікші болады.
Еңбек ет те мақтан, ойнап-күл де шаттан.
Қорытынды: еңбек — берекенің бастауы
Негізгі ой
Еңбек етпеген адам еш нәрсеге қол жеткізе алмайды. Ал ерінбей еңбек еткен адам еңбегінің жемісін көреді. Оқушы үшін ең алғашқы еңбек — білім: көп оқу, тәртіпті болу, сабақты жақсы оқу.
Өмірлік тұжырым
Адам өзіне ыңғайлы, қызығатын, қолынан келетін істі таңдаса, еңбегі өзіне де, өзгеге де пайдалы болады. Сонда еңбек жемісті болып, елге қызмет етудің берекесіне айналады.
Сұрақ-жауапқа ой тастау
- Не үйрендің?
- Қандай қорытынды жасадың?
- Бүгіннен бастап қандай еңбек дағдысын дамытасың?
Еңбек түбі — береке.
Еңбектенейік, ерінбейік, білімімізді арттырайық — сонда мақсатымызға міндетті түрде жетеміз.