Қамқор болуға тәрбиелеу

Әлеуметтік орта Өзін-өзі тану Тақырып: Жүрегімде жақсылық

Бұл тәрбие сағатының өзегі — қамқорлық. Қамқорлық — адамның ойы мен іс-әрекетінің өзіне, ата-анасына, жақындарына, достарына және айналасындағыларға жақсылық жасауға ұмтылысы.

Халқымыз ұрпағын мейірімділікке тәрбиелеп, қатыгездіктен тыйып, қаталдықтан сақтандырып отырған. Мейірімді адам қамқор болуға бейім келеді. Әрбір адамға өз жанымыздай қамқор болсақ, біз де өзгенің қамқорлығын сезінеміз. Сондықтан өзімізді де, өзгені де аялай білуді үйренуіміз қажет.

Мақсаты мен міндеттері

Негізгі мақсат

Балаларды қамқорлық ұғымымен таныстыру; өзіне және өзгеге деген қамқорлық сезімін қалыптастыру, дамыту.

Міндеттері

  • Айналасындағыларға қамқор, кішіпейіл, мейірімді, қайырымды болуға үйрету.
  • Достарына, жанұясына, туыстарына деген сүйіспеншілігін арттыру.
  • Қамқор болуға тәрбиелеу.

Заттық-дамытушы орта

Интерактивті тақта Оқулық Түрлі-түсті қағаздар Желім Қайшы

Сабақ барысы

1) Мотивациялық-қызықтыру кезеңі

Балалармен амандасу. Балалар сәлемдеседі.

Сәлемдесу — адамгершіліктің, инабаттылықтың, ізеттіліктің нышаны.

Үлкенге де — сіз,

Кішіге де — сіз.

Сәлем беріп сіздерге,

Бас иеміз бәріміз!

Шуақты күнге жылы шыраймен, көтеріңкі көңіл күймен күлімсіреп сәлем беріп, бір-бірімізді қарсы аламыз.

Біз қамқоршы баламыз,

Үлкендерге панамыз.

Аялаймыз, сүйеміз,

Әрқашанда үлкенге

Біз қамқоршы боламыз.

2) «Тыныштық сәті» (әуен)

Әуен ойнағанда, көзімізді жұмып, жүрегіміздегі сиқырлы әлемге сапар шегеміз.

Өздеріңді бақ ішінде серуендеп жүр деп елестетіңдер. Төңірек қандай әсем! Жаздағы жасыл түс алтын сары реңкке боялған. Аяқ астында сап-сары кілем төселгендей: жер жұмсақ, жүруге жайлы. Ара-тұра жеміс ағаштары көрінеді. Сары жапырақтар сусылдап жерге түсіп жатыр, бұтақтардың арасынан көгілдір аспан көрінеді.

Бұл — сиқырлы бақ. Мұнда адамдар мейірімді, қамқоршыл бола түседі. Бақта данышпан қария өмір сүреді. Ол ізетті балаларды жақсы көреді. Егер: «Ассалаумағалейкум, ата!» деп амандассаңдар, ол жылы алақанымен бастарыңнан сипап, батасын береді.

Енді сол батаны алып, сыныбымызға оралайық. Сендер бұрынғыдан да мейірімді, инабатты, ізетті, тәртіпті бола түсесіңдер. Көздеріңді ашып, қолдарыңды жоғары көтеріп, екі жаққа созып, терең дем алыңдар.

Талқылауға сұрақтар

  • Тыныштық сәтінде көз алдарыңа не елестеді?
  • Сендер өздеріңді қандай жерде жүргендей сезіндіңдер?

3) Өлең арқылы ой қозғау

Атам менің қашанда,

Кішіпейіл бол деген.

Ақыл сөзі санамда,

Мақтанбауды жөн көрем.

Атам менің әрқашан,

Мейірімді бол деген.

Ақыл сөзі санамда,

Жасы үлкенге жол берем.

Атам менің әрқашан,

Қамқоршы бала бол деген.

Қамқор болса адамдар,

Шын бақыт қой ол дейтін.

4) Әңгімелесейік

Сұрақтар

  • Өлеңде не туралы айтылған?
  • Сендер аталарыңа көмектесесіңдер ме?
  • Сендер қамқорлық жасай аласыңдар ма?
  • Қамқорлық дегенді қалай түсінесіңдер?

Бүгінгі сабақтың рухани өзегі — қамқорлық. Қамқорлық — өзіңе де, өзгеге де жақсылық жасап, жанашырлық таныта білу.

5) Рефлексия: «Жүректен — жүрекке»

«Өзін-өзі тану» әлемінде жүрек сөйлейтін ғажайып мекен бар. Сол жерге бару үшін «Жүректен — жүрекке» шеңберін құрамыз.

Бір топта тату-тәтті өмір сүру үшін бір-бірімізге жүректен шыққан әдемі, жылы сөздер арнайық. Сол игі тілектерімізді қонақтарға да сыйлайық.