Дауыссыз дыбыстардың астын сызу

Сабақтың тақырыбы

Дауыссыз дыбыстардың түрлері.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: оқушыларды дауыссыз дыбыстардың түрлерімен таныстыру; мәтінді түсініп оқуға және дыбыстарды ажырата білуге үйрету.
  • Дамытушылық: сөздік қорын байыту, сөйлеу тілін дамыту, сабаққа ынта-ықыласын арттыру.
  • Тәрбиелік: жылдам ойлауға, әдемі сөйлеуге, сауатты көркем жазуға, зейінді әрі ұқыпты болуға баулу.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың түрі:
Жаңа сабақ.
Сабақтың әдістері:
түсіндіру, сұрақ-жауап, ой қозғау, сергіту сәті, ребус шешу.
Пәнаралық байланыс:
дүниетану, математика.

Көрнекіліктер

  • интерактивті тақта;
  • оқулық;
  • құстардың суреттері;
  • дауыссыз дыбыстар жазылған плакат;
  • сөзжұмбақ.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

  • Оқушылармен амандасу.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Зейіндерін сабаққа аудару.

II. Өткенді пысықтау: Ю әрпінің жазылуы

Ю — қосарлы дауысты дыбыс. Сөзде йу дыбыстары естілгенімен, олардың орнына ю әрпі жазылады: еңкею, ою.

Сөзде и әрпінен кейін у естілгенімен, ю әрпі жазылады: кию, қию.

Сөзжұмбақ

Көлденеңінен

  1. Ертеңгілік жаттығудан кейін денені дымқыл сүлгімен сүртіп, салқын суды (құю) керек.
  2. Ертемен тұрған соң төсек-орынды (жию) керек.

Тігінен

  1. Кешкісін аяқ киімді тазалап, орнына (қою) керек.
  2. Отанды (сүю) керек.

III. Жаңа сабақ: Дауыссыз дыбыстардың түрлері

Сұрақ-жауап

  • Қазақ тілінде неше дыбыс, неше әріп бар? (40 дыбыс, 42 әріп)
  • Дыбыстар нешеге бөлінеді? (дауысты және дауыссыз)
  • Дауысты дыбыстар нешеге бөлінеді? (жуан және жіңішке)
  • Дауыссыз дыбыстар нешеге бөлінеді? (қатаң, ұяң, үнді)

Айтқанда ауа кедергіге ұшырап шығатын дыбыстар дауыссыз дыбыстар деп аталады. Дауыссыз дыбыстарда дауыс болмайды; олар үн мен салдырдан немесе тек салдырдан тұрады.

Қазақ тілінде 26 дауыссыз дыбыс бар:

б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ф, х, һ, ц, ч, ш, щ

Маңызды ереже: у дыбысы

Дауысты дыбыстан кейін айтылғанда, у дыбысы дауыссыз болып келеді: бауыр, ауыр, жауын, әуре.

Буын туралы

Дауысты дыбыстар буын құрайды, ал дауыссыз дыбыстар өз бетімен буын құрай алмайды. Сондықтан сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады.

Мысал

  • бауыр → ба-уыр
  • ауыр → а-уыр
  • жауын → жа-уын
  • әуре → әу-ре

Бұл сөздердегі у өз алдына буын құрай алмай тұр.

Дауыссыз дыбыстардың жіктелуі

Қатаң

к, қ, п, ф, с, т, х, ц, ч, ш, щ, һ

Қатаң дауыссыздарда үн болмайды, тек салдырдан тұрады.

Ұяң

б, в, г, ғ, д, ж, з

Ұяң дауыссыздарда үн аз болады да, салдыр басым болады.

Үнді (сонор)

р, л, м, н, ң, й, у

Үнді дауыссыздарда үн басым болады, салдыр аз келеді.

Дәптермен жұмыс

1-жаттығу: құстардың атын көшіріп жазып, дауыссыз дыбыстардың астын сызыңдар.

Тырна, қырғауыл, бүркіт, бөдене, сұңқар, шүрегей, тауық, сауысқан.

Оқулықпен жұмыс

2-жаттығу: Мәтінді түсініп оқу

Мәтін

Ұя

Ұя — құстың жұмыртқалап, балапан басатын орны.

Ұяның түрі көп. Әр құс ұясын өзінше салады.

Қарға ұясын ұсақ бұтақтардан жасайды. Қарлығаш ұясын саз және шөп-шаламмен тұрғызады.

Ал аққу еш уақытта ыстық жерде ұя тұрғызбайды.

Тапсырма: қарамен берілген сөздерден дауыссыз дыбыстарды тауып, оларды түріне қарай топтастырып жазыңдар.

Қатаң

п, т

Ұяң

б, ж, д, ғ, з

Үнді

л, н, й, р

Сергіту сәті: жұмбақтар

  1. Балапанын басатын басқа құс, бар сондай қасқа құс.

    Жауабы: көкек

  2. Күндіз соқыр, не деген; түнде қандай көреген.

    Жауабы: үкі

  3. Ұшқаны қызық жалпылдап, өзі сондай қарқылдақ.

    Жауабы: қарға

  4. Сайрайды бір талмайды, әнші құс бал таңдайлы.

    Жауабы: бұлбұл

Тақтамен жұмыс

3-жаттығу: өлеңді мәнерлеп оқу

Аққулар

Әй, аққулар, аққулар,

Күз алыс па, жуық па?

Неге қанат қақтыңдар,

Көлдің суы суық па?

Тапсырма: қарамен берілген сөздерге дыбыстық талдау жаса.

Аққулар

Үш буын, жеті әріп, жеті дыбыс.

  • а — дауысты, жуан
  • қ — дауыссыз, қатаң
  • қ — дауыссыз, қатаң
  • у — дауысты, жуан
  • л — дауыссыз, үнді
  • а — дауысты, жуан
  • р — дауыссыз, үнді

Қанат

Екі буын, бес әріп, бес дыбыс.

  • қ — дауыссыз, қатаң
  • а — дауысты, жуан
  • н — дауыссыз, үнді
  • а — дауысты, жуан
  • т — дауыссыз, қатаң

Суық

Екі буын, төрт әріп, төрт дыбыс.

  • с — дауыссыз, қатаң
  • у — дауысты, жуан
  • ы — дауысты, жуан
  • қ — дауыссыз, қатаң

Ой қозғау

  • Күзде құстардың тіршілігінде қандай өзгерістер болады?
  • Жыл құстарын атаңдар.

Өз бетімен жұмыс

4-жаттығу: жаңылтпашты жатқа айту.

Ақ қыс, қағаз, аққу ақ,

Ақ тіс, ақ бу, ақ бұлақ.

Аппақ дейін, ақ дейін,

Ақ емес, бірақ ақтиін.

IV. Сабақты қорытындылау

Ребус

Сандарды өсу ретімен қойып, жасырынған сөйлемді оқыңдар:

Реті

1 — 8 — 5 — 7 — 4 — 6 — 2 — 3

Сөйлем

Құстарға қамқор болайық!

V. Үйге тапсырма

63-бет, 5-жаттығу.

VI. Бағалау

Оқушыларды құс атауларымен мадақтап, бағалау:

  • Аққудай пәк бол.
  • Қарлығаштай адал бол.
  • Бұлбұлдай сайрап жүр.
  • Бүркіттей алғыр бол.