Ұлағатты ұстаздар

Мақсаты

Оқушыларды ардақты да аяулы ұстаздарын құрметтеуге, сыйлай білуге үйрету; адамгершілікке, сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Сахна мерекелік кешке арналып безендіріледі. Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер жазылған плакаттар ілінеді.

Сценарий: құттықтау және жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Армысыздар, ардақты ұстаздар! Бүгін — Мұғалімдер күні. Баршамыздың сауатымызды ашып, білім нәрімен сусындатып, өмірге қанат қақтырған ұлағатты ұстаздар, мерекелеріңіз құтты болсын! «Ұстазым, ұлағатым, үлгі-өнегем!» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз!

2-жүргізуші

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салып, мал бағып, терін төккен шаруа да, көкті шарлаған ғарышкер де — бәрі де ұстаздан білім үйреніп, тәлім алған. Ұлағатты ұстаздар! Сіздерге бүкіл адам баласы бас иеді.

Оқушылар оқитын өлеңдер

1-оқушы — Сая

Өлең

Ұстаз деген қасиетті адам бар, Біле білсең, сенің екі анаң бар. Бірі — сенің туған анаң болса егер, Екінші анаң — ұстаз деген данаң бар.

2-оқушы — Айгерім

Өлең

Ұстаз ана — болашақтың анасы, Ұстаз ана — ақыл-білім анасы. Жүзіндегі пәк мейірімді көргенде Әр шәкірттің оянады санасы.

3-оқушы — Гүлжайна

Өлең

Ұлы өмірге жетелеп, Ашқан білім есігін, Құрметтейік, мәпелеп, Ұстаздардың есімін.

4-оқушы — Жібек

Өлең

Сыйлай бәрін еліңіз, Сізге жыр да, тілек те. Шыңға өрлей беріңіз, Білім сеуіп жүрекке. Домбырасын қағып қап, Төгілдірер небір саз. Шабыты асқақ шарықтап, Ортаға шықсын өнерпаз.

5-оқушы — Эльвира

Өлең

Жыр өнерін жалғаған, Тайпалдырсын жорғасын. Өздеріңе арнаған Әнін жырау толғасын.

6-оқушы — Мөлдір

Өлең

Ұстаз болам өзіңдей, Үйретер ақыл, парасат. Аянбай еңбек ететін, Болсыншы деп бала шат!

Ұстаз еңбегі туралы толғаныс

1-жүргізуші

Ұстаз жолы — қиынырақ басқадан, Жеміс күткен гүл ашпаған бақшадан. Жігерің мен талантыңды жұмсамай, Оңай ма адам тәрбиелеу, жақсынан? Осы жолдың қиясы мен өрі бар, Сүріндірер қиын өткел, жолы бар.

2-жүргізуші

Көп ізденіп алсаң биік бұл шыңды, Отырғызар шын құрметтеп төрі бар. Ұстаз жолы — қиынырақ басқадан, Сырлары мол, әлі сыртқа шашпаған. Шаршаса да осы жолдың бойында, Қандай жақсы шын бақытын тапса адам!

Би

Қазақ биі

Ізгі тілек пен құрмет

1-жүргізуші

Жақсылық атаулыға жаршы жандар, Жамандық атаулыға қарсы жандар. Баланы сусындатып өсіруге Білімнің бұлақ көзін аршығандар.

2-жүргізуші

Ұстаздар, қандай ғажап халықсыздар, Шәкіртке шындай биік алыпсыздар. Жан біткен жанарына нұр — Күндей боп, Күлімдеген жарықсыздар.

Ән

Атауы: «Ағажан»

Орындайтын: Сағиева Сымбат

Ұстаздарға арнау

Ұстаздарға арнау (оқушылар)

7-оқушы — Бахтияр

Келешекті кезінде Кесіп айтар өзіңе. Өнеге мол өзінде, Өсиет көп сөзінде. Көп шәкірттің досындай — Бақыт апай осындай.

8-оқушы — Қ. Әлішер

Білім десе бойымызда тұрар күш, Шәкірттері шетінен тіл алғыш. Талай рет тентектікті кешірген, Индира апай, өзіңізге мың алғыс!

9-оқушы — Сая

Теңейміз біз оны кейде жұлдызға, Үлгі тұтып келешек жас ұл-қызға. Дүние жүзінің географиясын жаттатқан, Жан жете ме жайсаң апай Гауһарға!