Оқушыларға білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру

Тәрбие сағатының мазмұны

Тақырып

«Кітап — тілсіз ұстаз»

Мақсаты

  • Білімнің кітап арқылы берілетінін оқушыларға ұғындыру.
  • Зейінді шоғырландыру, шығармашылық қабілетті және ой-өрісті дамыту.
  • Оқулықты құрметтеуге, ұқыптылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.

Көрнекілік

Тақтадағы суреттер.

Сабақтың барысы

  1. 1 Мұғалімнің кіріспе сөзі.
  2. 2 Журналистер дайындаған жаңалықтармен танысу.
  3. 3 Жұмбақ шешу.

Жұмбақ: «Бұл не?»

Көп әңгімем, өлеңім,
Күнде ақыл беремін.
Жақсы көрсе мені кім,
Мен де оны жақсы көремін.

Жауабы Кітап

Балалар, «кітап» — небәрі бес әріптен тұратын сөз. Бірақ осы қысқа атаудың өзінде қанша мән, қанша мағына бар!

Кітап — шебер ұстаз, тілсіз мұғалім. Ол оқушы өмірінде ата-ана мен мұғалімнен кейін ерекше орын алатын құрал. Кітапты адал дос, асыл қазынаға толы қойма деуге де болады.

Ендеше, кітаптың біздің өміріміздегі орнын тереңірек түсініп көрейік. Ол үшін тілшілерімізге сөз берейік.

Ақпараттық бөлім: «Айна» бағдарламасы

Тілшілердің сәлемдесуі

1-тілші: Армысыздар, ағайын! (Нұрислам, Назерке)

2-тілші: Бармысыздар, бауырлар! Эфирде «Айна» ақпараттық бағдарламасы.

1-тілші: Бүгінгі күннің басты жаңалықтарымен таныс болыңыздар!

Бүгінгі айдарлар

  • «Не білеміз?»

    Марат тілшінің сұхбаты.

  • «Кітапты қадірлейік!»

    Ерхан тілшінің сұрақтарына 4 «Б» сынып оқушылары жауап береді.

  • «Әр түрлі жаңалықтар»

    Динара тілшінің сұхбаты.

Марат тілшінің мәліметі

Кітап — араб сөзі, «жазба» деген мағынаны білдіреді, ал түрікше «дәптер» ұғымына жақын.

Кітап — өмір айнасы, заман сыры, тарих шежіресі, оқу мен тәрбие құралы.

Тұңғыш қазақ кітаптары 1800 жылдан бастап шығарыла бастаған.

«Не білеміз?» айдарымен — тілшілеріңіз Марат.

Оқиға: «Науқас кітап» көрінісі

Белгілі 4 «Б» сынып оқушысы Төлеген Арманның қазақ тілі кітабы қатты науқастанып, жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның қалай болғанын түсіну үшін көрініске назар аударайық.

Диалог

Арман: Сәлеметсіз бе, дәрігер!

Дәрігер: Сәлеметсің бе?

Арман: Дәрігер, мен сізге кітабымды әкелдім. Ол қатты науқас.

Дәрігер: Жарайды, алдымен диагнозын анықтап алайық. (Кітапты қарап шығады.)

Арман: Мен үйде жоқта інім алып, осындай күйге жеткізіпті.

Дәрігер: Көңіліңді түсірме, емдеп жазамыз! Кітабыңа су тиген, жыртылған.

Дәрігердің өсиеті

Кітабыңды түптеймін — жыртылмасын,
Мұқабасын бүктеймін — жыртылмасын,
Таза болсын беттері — кірлемесін!
Көрген адам кітабың кір демесін!

Мен саған кеңестер жазып беремін, соларды мұқият сақтайтын бол!