Түйенің сүтін ата

Мақсаты

Болашаққа сеніммен қадам басқан халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, жөн-жоралғыларын оқушылардың бойына сіңіру; батыл, намысты ұлдарды тәрбиелеу.

Қош келдіңіздер!

Мұғалім: Қайырлы күн, құрметті оқушылар, ұстаздар, қонақтар! Сіздер бүгін «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, 2-сынып оқушыларының «Жігіт сұлтаны» сайысына қош келдіңіздер.

Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық.
Ата жолын жалғамақ,
Ел дәстүрін қорғамақ.
Жігіттер шықсын ортаға,
Бүгін сұлтан атанбақ.

Құрметті көрермен қауым, ендеше сайысқа түсетін жігіттерімізді қол соғып қарсы алайық. Бүгін біздің сыныптағы жеті жігіт өз өнерлерін көрсетеді.

Сайысымызды бастамас бұрын, бүгінгі сайысты саралап, жігіттеріміздің өнерін тамашалап, әділ бағасын беретін әділқазылар алқасымен танысайық.

1-кезең: Таныстыру

Жүргізуші:
Жігіттер келіп жетті танысуға,
Бойындағы бар дарынды дамытуға.
Жігерленіп келіп жетті,
Әдеппен, ізетпен табысуға.

  1. Қатысушы 1

    Нұрым

    Қуантады білімімен бізді Нұрым. Қол соғып қарсы алайық! Білімің серік болсын талабыңа, бүгінгі қабыл болсын тілегіміз.

  2. Қатысушы 2

    Жансұлтан

    Өнер қуған жасынан, өнері судай тасыған — келесі біздің Жансұлтан, көрінген күштің басы.

  3. Қатысушы 3

    Дияс

    Ата-анасын сыйлаған, үлкеннің батасын алған — ол Дияс.

  4. Қатысушы 4

    Бегайдар

    «Сүрінбей сыннан өтемін, мақсатыма жетемін!» — деп келе жатқан Бегайдар.

  5. Қатысушы 5

    Мұхаммедамин

    Жігіттің дара туған ірісіндей, жүрісі батырлардың жүрісіндей. Келбетті батыр тұлға, сом білек — Қажымұқанның інісіндей Мұхаммедамин.

  6. Қатысушы 6

    Ерлан

    «Ақынның тұяғымын сарқылдаған, асылдың сынығымын жарқылдаған» — деп келе жатқан Ерлан.

  7. Қатысушы 7

    Нұрман

    Арман бар биік шыңға шықсам деген, қыран боп көк әлемге ұшсам деген. Бүгінгі сайыста жеңіп шығып, кең сермеп қанатымды ұшсам деген — ол Нұрман.

2-кезең: «Білгенге маржан» (сұрақ-жауап)

Ал, кәнеки, қырандар, босқа қарап тұрмаңдар! Бастап жігіт өнерін, алыстарға самғаңдар. «Біреу білмегенді біреу біледі» демекші, салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап береміз.

  • 1

    Төрт түлік малды ата.

  • 2

    Түйенің сүтін ата.

  • 3

    Киіз үйге жарық қайдан түседі?

  • 4

    Сәби баланың төсегін ата.

  • 5

    Ер жігіттің бес қаруын ата.

  • 6

    Қазақтың ұлттық ойындарын ата.

  • 7

    Ұлыстың ұлы күні жасалатын тағамды ата.

3-кезең: Өнер көрсету

Кедеймін деп қысылма,
Өнерің болса қолыңда.
Өнерлінің ырысы
Жарқырап жатыр жолында.

Кезекті өнер сайысына берейік:

Нұрым

«Сұлу қыз» әнін орындайды.

Дияс

«Қара жорға» биі.

Жансұлтан

Жаяу Мұса әні.

Бегайдар

«Сиқырлы сандық» (сиқыр көрсету).

Ерлан

«Анашым» әні.

Мұхаммедамин

«Шофёр» биі.

Нұрман

«Ауылым» әні.

4-кезең: Қамшы өру

Шеберлерім, өнер тамсын қолынан. Ата-баба салтынан жаңылмай, шебер қолдар өз өнерлерін көрсетсін — төрелігін соңынан айтамыз.

5-кезең: Күш сынасу

Ат өнері білінбес — бәйгеге түсіп жарыспай. Қайрат сыналар — қоян-қолтық алыспай. Қатысушылар өзара білектесіп, күш сынасады.

6-кезең: Сән үлгісі

Жігіттер ұлттық киім үлгілерін көрсетеді.

Қорытынды

Жеңімпазға «Жігіт сұлтаны» атағы беріліп, сайысқа қатысқан оқушылардың барлығы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталады.