Мақалға тән сөзді тап

Сыныптан тыс шара

Тақырыбы

Ауыз әдебиеті — асыл мұра

Мақсаты

  • Тілімізге деген құрметті дәріптеу.
  • Атадан қалған мұраға құрметпен қарауға тәрбиелеу.
  • Оқушылардың тілін, сөздік қорын дамыту.

Барысы

Сайысқа қатысатын оқушылар сұрақ-жауап арқылы іріктеледі. Әр сыныпқа арналған тапсырмалар төмендегідей.

5-сыныпқа сұрақтар

  • «Қиын» сөзін пайдаланып, көп мағыналы сөз жаса.

  • Мақалды аяқта: «Дұшпанға тастай қатты бол, ...»

  • «Бетінен оты шықты» тіркесінің мағынасын түсіндір.

  • Жұмбақтың шешуін тап: «Қабат-қабат қаттама, ақылың болса аттама».

6-сыныпқа сұрақтар

  • Төмендегі сөздерден жаңа сөздерді ажырат: төлқұжат, кеден, әке, ата, әуежай.

  • Қос сөздердің екінші сыңарын тап: сәлем — ..., ән — ..., әдет — ..., әзіл — ....

  • Төмендегі сөздерді буынға бөл: ақыл, қонақ, бұлт, төрт, мың.

  • Бірнеше біріккен сөз айт.

7-сыныпқа сұрақтар

  • «Тар» сөзінің антонимін тап та, оған -ей, -іт, -шілік жұрнақтарын қос.

  • Мақалға тән сөзді тап: «Қандай жолдас жолда қалдырар?»

  • «Жатып ішер» тіркесінің мағынасын түсіндір.

  • Жұмбақтың шешуін тап: «Мекендеген портфелімді,
    Беттері аппақ — ақ көңілді.
    Қызаратын қатем үшін,
    Кірлетпеймін ...»
    (Жауабы: дәптер)

Ескерту: Жауап берген 12 оқушы екі топқа бөлінеді.

1-кезең: «Кім көп біледі?»

Екі топқа кезекпен сұрақ қойылады.

1-топ

  • Ауыз әдебиеті деген не?

  • «Ауыз әдебиеті — атадан қалған мұра» дегенді қалай түсінесіңдер?

2-топ

  • Ауыз әдебиетінің салаларын ата.

  • Бізге жеткен ауыз әдебиеті үлгілері ұрпаққа қалай жетеді (ауызша ма, жазбаша ма)?

2-кезең: «Кім жылдам?»

Әр топқа 10 сұрақ қойылады. Жауапты мүмкіндігінше тез айту қажет.

1-топ сұрақтары

  1. «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурылдың неше күндік кемдігі бар? (41)

  2. «Ер Төстік» ертегісіндегі Төстік Ерназардың нешінші баласы? (9)

  3. «Сырттандар» ертегісінде баланың түсіне не кіреді? (қасқыр)

  4. «Аяз би» ертегісіндегі ханның аты кім? (Мадан)

  5. Сол ертегідегі хан кімнің баласы? (наубайдың)

  6. Білім туралы бір мақал айт.

  7. «Қырық өтірік» ертегісінде құрықтың басына шаншылған ине баланың қай жерінде болады? (тілінің астында)

  8. Сол ертекте алты құлаш алаң биеден қанша құлаш жирен құлын туады? (жеті)

  9. «Аяз би» ертегісіндегі шал мен ханның диалогын айт.

  10. Бір жұмбақ айт.

2-топ сұрақтары

  1. «Алпамыс батыр» жырындағы Алпамыстың қарындасының аты кім? (Қарлығаш)

  2. «Ер Төстік» ертегісіндегі перінің қызының аты кім? (Бекторы)

  3. «Сырттандар» ертегісінде баланың тірі қалуына кім көмектеседі? (жігіттің сырттаны)

  4. «Аяз би» ертегісінде Жаманның жылқыны сынаған жерін айт.

  5. Осы ертегіде Жаман қызға барғанда, оған қыздың жеңгесі не берді? (пышақ, тәрелке, гауһар тас, қайрақ)

  6. Өнер туралы бір мақал айт.

  7. «Қырық өтірік» ертегісінде тазша бала басын қай жерде ұмытып кетеді? (суат басында)

  8. Басының жоқ екенін қайдан біледі? (қоянның етін жей алмай қалғанынан)

  9. «Қырық өтірік» ертегісіндегі етік туралы хикаяны айтып бер.

  10. Бір жұмбақ айт.

3-кезең: Өлең оқу сайысы

Бұл кезеңде қай топқа қандай тапсырма түссе, сол тапсырманы орындайды.

Тапсырма 1

Бір салт өлеңін жатқа оқы.

Тапсырма 2

Төрт түлікке байланысты өлеңді жатқа айт.

4-кезең: «Мен саған, сен маған»

Топтар бір-біріне сұрақ қою арқылы өзара сайысқа түседі.

5-кезең: «Алдағыны қуып жету…»

Бұл кезең артта қалған топқа жеңіске жетуге немесе тең түсуге мүмкіндік береді. Сұрақ тек артта қалған топқа қойылады. Егер жауап берілмесе, қарсы топқа жауап беруге мүмкіндік беріледі.

  1. «Аяз би» ертегісіндегі шалдың «Күндіз төртеуміз, түнде екеуміз» деген сөзін Жаман қалай шешті?

  2. Кез келген жаңылтпаш айт.

  3. «Қырық өтірік» ертегісіндегі Тазша бала шешесінің құрсағында жатып, атасының малын неше жыл бақты?

  4. Жұмбақ айт та, оның шешуіне байланысты мақал келтір.

  5. Шешендік өнер деген не?

Қорытынды

Соңында топтардың жинаған ұпайы есептеледі. Жеңімпаз топ марапатталады.