Музыкалық қабілетін арттыру

Сабақтың тақырыбы

Күй тартудағы оқушының алғашқы қадамы

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыға күй туралы түсінік беру, музыкалық қабілетін арттыру.

Дамытушылық

Оқушының музыкалық білімін, есте сақтау және ойлау қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Музыканы түсінуге баулу, ұлттық өнерді қастерлеуге және құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі

Тақырыпқа сай плакат.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушының сабаққа әзірлігін тексеру, назарын сабаққа аудару.

II. Үй тапсырмасын тексеру

  • «Тень-тень» — В. Калинников
  • «Еркем-ай» — халық әні
  • «Алма ағаштың аясында» — Т. Камалдинов

III. Сергіту сәті (тренинг-жаттығу)

Өлең жолдарын мәнерлеп айтып, түрлі дене жаттығуларын орындаймыз.

Қанат қағып жалма-жан,
Талпынғандай ұшуға.
Иіліп келіп қол созам,
Аяғымның ұшына.

Баян болып тартылып,
Барабанша соғамыз.
Домбырамен ән айтып,
Қамажайға билейміз.

IV. Жаңа сабақ

Күй — домбырада және басқа да халық аспаптарында орындалатын музыкалық шығарма. Күй құрылымдық ерекшелігіне байланысты бірнеше бөлімнен тұрады: бас буын, негізгі буын, орта буын, сондай-ақ кіші саға және үлкен саға. Осыған орай домбыра мойны да шартты түрде осындай бөліктерге бөлінеді.

Күйлер тақырыбы мен мазмұнына қарай аңыз күйлер, тарихи күйлер, лирикалық күйлер, халық күйлері болып жіктеледі.

Бүгінгі оқу нысаны

Бүгін біз халық күйі «Кеңес» шығармасын үйренеміз.

Халық күйлері ұрпақтан-ұрпаққа жеткенімен, шығарған адамның аты-жөні ұмытылып қалуына байланысты «халық күйі» деп аталады.

Орындап көрсету

«Кеңес» күйін мұғалім орындап көрсетеді.

Музыкалық сипаттама

Тональдігі
C-dur
Өлшемі
2/4
Құрылымы
Күй бас, негізгі, орта буындарда және кіші сағада орындалады.

Дамыту жұмысы

  • «Кеңес» күйін нота бойынша талдау.
  • Тактпен жұмыс жасау, ырғақ дәлдігін бекіту.

Бекіту сұрақтары

  1. 1. Күй дегеніміз не?
  2. 2. «Кеңес» күйінің авторы кім?
  3. 3. Халық күйі дегеніміз не?

Қорытынды

Бүгін біз домбырада күй тартудың алғашқы қадамдарын жасап, «Кеңес» күйімен таныстық. Домбыра тарту өнері — атадан балаға ғасырлар бойы жалғасқан рухани дәстүр, баға жетпес музыкалық мұра. Сондықтан өнерді де, музыканы да қастерлей білуіміз керек.

Үйге тапсырма

«Кеңес» күйін сағаға дейін нота бойынша жүргізіп ойнау.

Бағалау

Оқушының сабақтағы белсенділігі, ырғақ дәлдігі, саусақ басу және дыбыс сапасы ескеріле отырып бағаланады.