Жаттығуларды қайталау

Сабақ туралы жалпы мәлімет

Өңірі
Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы
Білім беру ұйымы
№4 орта мектебі (ММ)
Пән мұғалімі
Сембаева Жанар Тажибайқызы
Сабақтың тақырыбы
Баскетбол элементтері бар қозғалмалы ойындар
Өтетін орны
Мектеп спорт кешені

Сабақтың мақсаты

  • Баскетбол ойынындағы қозғалыс тәсілдерін үйрету.
  • Оқушылардың икемділігі мен ептілігін жетілдіру.
  • Спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру.

Керек құрал-жабдықтар

Баскетбол доптары Ысқырық Шығыршықтар Кедергілер

Кіріспе бөлім

Сабақ сапқа тұрғызудан басталады: рапорт қабылдау, сәлемдесу, оқушыларды түгендеу. Одан кейін сабақтың тақырыбы мен мақсаты таныстырылады.

Саптық жаттығулар

Командалар: «Оңға!», «Солға!», «Артқа!».

Жүру жаттығулары

  • Қолды жоғары тік көтеріп, аяқтың ұшымен жүру
  • Екі қол белде, өкшемен жүру
  • Аяқтың ішкі және сыртқы қырымен жүру
  • Жартылай отырып жүру
  • Спорттық жүріс

Жүгіру жаттығулары

  • Аяқты артқа бүгіп жүгіру
  • Қайшылап жүгіру
  • Оң/сол қырымен тіркеле адымдап жүгіру
  • Артпен жүгіру

Соңында жай жүріс орындалады: терең тыныс алып, демді бірқалыпты шығару арқылы ағзаны қалыпқа келтіру.

Жалпы дамыту жаттығулары

Оқушылар бір қатардан сапқа тұрып, кейін 3 қатарлы лекке бөлінеді. Жаттығулар әр буынға бағытталып орындалады. Бастапқы қалып (Б.қ.): аяқ арасы иық кеңдігінде.

  1. Мойынға арналған жаттығу: екі қол белде, басты оңға 4 санауға, солға 4 санауға айналдыру.
  2. Қол сермеу: оң қол жоғары, сол қол төмен — 1–2 санауға сермеу; кейін сол қол жоғары, оң қол төмен — 1–2 санауға сермеу.
  3. Иық буыны: қол ұшы иықта — 1–2 санауға алға, 3–4 санауға артқа айналдыру.
  4. Кеуде тұсы: қол кеуде алдында, шынтақтан бүгулі — 1–2 санауға қолды жазбай сермеу, 3–4 санауға қолды жазып сермеу (оңға және солға).
  5. Қиғаш иілу: екі қол белде — оңға және солға 2 санауға иілу.
  6. Дене бұру: қол белде — денені екі рет оңға, екі рет солға бұру.
  7. Белді айналдыру: екі қол белде — оңға және солға 4 санауға айналдыру.
  8. Тізе буыны: қол тізеде — аяқтарды ішке және сыртқа айналдыру.
  9. Отырып-тұру: қалыпты ырғақпен бірнеше рет орындау.

Мұғалім жаттығулардың толық әрі дұрыс орындалуын қадағалайды.

Негізгі бөлім

Оқушылар сапқа тұрғызылады. Мұғалім баскетбол элементтері бар қозғалмалы ойын түрлерін түсіндіріп, іс-тәжірибе жүзінде көрсетеді. Қауіпсіздік ережелері еске салынып, әр тапсырма алдында қысқаша нұсқаулық беріледі.

Негізгі жаттығулар (доппен)

  • Бір орында тұрып, допты оң және сол қолмен жерге соғып, ыршыту.
  • Допты бір қолмен жетелей жүріп, жерге соғып ыршыту.
  • Екі-екіден қарама-қарсы тұрып: допты кезекпен жерге соғып ыршытып, қарсыласына кеуде тұстан екі қолмен лақтыру.
  • Екі-екіден қатар жүгіріп келе жатып: допты ыршытып, тоқтамай бір-біріне кеуде тұстан пас беру.

Эстафеталық ойын (екі топ)

Оқушылар екі топқа бөлінеді. Мақсат — баскетболдың негізгі элементтерін сақтай отырып, эстафеталық тапсырмаларды ретімен орындау.

  1. Кедергілердің арасынан допты ыршытып өту.
  2. Допты жоғарыдан беру.
  3. Допты төменнен беру.
  4. Жерге қатар сызылған 5–6 шығыршықтың ішіне допты дәл түсіре отырып ыршыту.
  5. Алаңның ортасынан қалқанға қарай допты ыршытып келіп, қалқанға жақындағанда тоқтап, допты шығыршыққа екі қолмен лақтырып түсіруге талпыну.

Орындау барысында мұғалім дұрыс техника, қарқын және қауіпсіз қашықтық сақталуын бақылап отырады.

Қорытынды бөлім

  • Сапқа тұрғызу және сабақты қорытындылау.
  • Белсенді қатысқан оқушыларды мадақтау, жіберілген қателіктер бойынша қысқаша кері байланыс беру.
  • Бағалау.
  • Үй тапсырмасы: сабақтағы жаттығуларды қайталау.