Анаңа көмектес

5-сынып

Шаңырағым – шаттығым

Отбасы құндылықтары Татулық Құрмет

Мақсаты

  • Отбасындағы әке, ана және баланың рөлін айқындау.
  • Ата-ананы сыйлауға, қадірлеуге, татулыққа тәрбиелеу.
  • Оқушылардың отбасы мен өз ортасына деген мейірім сезімін ояту.
  • Ой-өрісін дамыту, ата-ана мен бала арасындағы ынтымақты нығайту.

Көрнекілігі

  • Нақыл сөздер
  • Суреттер
  • Үнтаспа және қосымша материалдар

Кіріспе ой

Мұғалім сөзі

Жылжи берші, кезім емес жасқанар,
Бөгей алмас білім атты тас қамал.
Отанның аяулысы боларсың —
Отан деген отбасынан басталар.

Ата-ана — асқар тау алдымдағы,
Әрқашан асқақтайсың алдымда әлі.
Өзің берген өнеге, тәрбиеңмен —
Бақыттымыз жанұя бауырындағы.

Мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен сабыр сияқты асыл қасиеттерді бойына жинаған ардақты әкелер мен аяулы аналарға өмірдегі жақсылықтың бәрі лайық. Себебі олар — әр шаңырақтың шаттығы мен шуағы.

Олардың шыдамдылығы мен қамқорлығына біз әрдайым тәнтіміз. Өйткені өмірдегі тазалық, ізгілік пен сенімнің барлығы ата-анамыздың тәлімі мен үлгісіне байланысты.

Негізгі ой: Әке, шеше, ұл, қыз — бәрі қосылып отбасы құрайды. Отбасы — мемлекеттің іргетасы; әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болмай, мемлекеттің де мықты болуы қиын.

Қазақстанның дамуына қатысты ұзақмерзімді басымдықтар ішінде отбасы құндылықтарының орны ерекше. Өйткені отбасы — адам баласының өсіп-өніп, қаз тұрып, қанат жаяр алтын бесігі. Сондықтан әр бала өз жанұясын құрметтеуге, сыйлауға және мақтан тұтуға ұмтылуы тиіс.

Ой қозғау

Сұрақ: «Ата-ана деген кім?»

Оқушылар гүл бейнесін жасап, жапырақшаларына өз жауаптарын жазады. Мысалы: қамқоршым, тәрбиешім, жанымның саясы, асыраушым, т.б.

Отбасындағы қыз баланың міндеттері

  • Анаңа көмектес.
  • Бажылдап, айғайлап сөйлеме.
  • Бейуақытта ұйықтама.
  • Қонақ күтуді үйрен.
  • Үйдің тазалығына көңіл бөл.
  • Үйді таза ұста.
  • Тамақ жасауды үйрен.
  • Қолөнер үйрен.
  • Таза сөйлей біл.
  • Таңертең тұрған соң, төсекті жина.
  • Тамақтан кейін ыдысты ертеңге қалдырмай жу.
  • Ештеңені айтқызбай-ақ, өзің біліп істеуге дағдылан.
  • Барынша сыпайы, инабатты бол.
  • Берілген тапсырманы уақытында орында.
  • Анаңмен, жеңгелеріңмен сырлас.
  • Бөгде адамға сыр айтпа.

Ата-ана мен бала арасындағы 7 қателік

  1. 1-қателік: Баланы орынсыз еркелету.
  2. 2-қателік: «Не істесең де өзің біл, маған бәрібір» деу.
  3. 3-қателік: Аса қаталдық: «Не айтсам, соны орындауың керек, өйткені мен сенің ата-анаңмын» деп талап ету.
  4. 4-қателік: «Егер сен мен қалағандай болмасаң, мен сені жақсы көрмеймін» деу.
  5. 5-қателік: «Саған көңіл бөлуге уақытым жоқ» деу.
  6. 6-қателік: Баланы еңбекке, жауапкершілікке баулымау.
  7. 7-қателік: Баланың ісіне өз көңіл-күйің арқылы баға беру: көңіл-күйің нашар болса, оның қуанышына ортақтаспау, әңгімесіне құлақ аспау.

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. 1) Өзіңіздің бойыңызда қандай жақсы қасиеттер бар деп ойлайсыз?
  2. 2) Тіпті өзіңіз дұрыс болмасаңыз да, анаңыздан (ата-анаңыздан) кешірім сұрай аласыз ба?
  3. 3) «Шыдам» деген не? Шыдамдылықты қалыптастыруда сіз қандай рөл атқарасыз?
  4. 4) «Өнегелі отбасы» ұғымын қалай түсінесіз?

Ситуациялық тапсырма

«Қымбат машина» әңгімесі

Бірде әкесі Аманға жаңа ойыншық сатып әкеліп берді де: «Сындырма, қымбатқа сатып алдым», — деді. Ойыншық — қара бояуы жалтылдаған әдемі машина еді.

Келесі күні Аман жаңа ойыншығын құшақтап аулаға шықты. Сыртта оны Рахат, Қанат, Мұса қоршап алды.

Диалог

— Қараңдаршы, папам әперді, — деп Аман мақтана сөйледі.

— Келші, көрейік... Бере тұршы, жүре ме екен?

— Қандай әдемі! Кел, ойнайық.

Аман ойыншығын құшағынан шығармай, оларға бермей қойды. Біраздан соң Рахат та, Қанат та, Мұса да өз беттерімен ойнап кетті. Аман ойыншықты үйге әкеліп, төсегінің астына қойып, қайта сыртқа шықты.

Сыртқа шықса, балалар арық қазып ойнап жүр екен. Аман қызығып, жүгіріп қастарына келді: «Мен де ойнайыншы», — деді. Бірақ балалар үндемей, ойындарын жалғастыра берді.

Талқылау сұрақтары

  1. 1) Әңгімеден не түсіндіңіз?
  2. 2) Кім қателік жіберді деп ойлайсыз?
  3. 3) Аман кінәлі ме?
  4. 4) Аманның әкесінің орнында болсаңыз, не істер едіңіз?

Маңызды түйін

Қымбат нәрсені қорғау — дұрыс. Бірақ бөлісе білу, достыққа ашық болу және ортақ ойынның қызығын түсіну — қарым-қатынасты нығайтатын қасиеттер.

Шығармашылық тапсырмалар

Берілген суреттер бойынша топпен шығармашылық жұмыс орындаңыздар:

1) Шағын шығарма

«Шаңырағым — шаттығым» тақырыбында қысқа мәтін жазыңыз.

2) Мақал-мәтелдер

Ата-ана туралы мақал-мәтелдер жинақтап жазыңыз.

3) Өлең

«Менің анам», «Менің әкем» немесе «Менің отбасым» тақырыптарының біріне өлең шығарыңыз.

Қорытынды

Адамның бет-әлпеті мен іс-әрекетінен көрініп тұратын ең шынайы қасиеттердің бірі — мейірімділік.

Мейірімділік — басқа адамның ақыл-ойын, мүддесін, тілегін дұрыс сезініп, шамасы келгенше көмектесу; демеп-жебеу; жанашыр болу.

Отбасындағы татулық пен сыйластық — әр баланың жүрегінде қалыптасатын ең маңызды тәрбие. Сол құндылықтарды сақтай білсек, шаңырағымыздың шуағы да, шаттығы да арта береді.