Астана қаласының бұрынғы атауы
Сабақ тақырыбы
«Білесің бе, Елорданың тарихын?»
Мақсаты
- Демалушыларды Қазақстан Республикасының астаналарының тарихымен таныстыру.
- Жаңа астананың көрікті жерлері туралы білімін кеңейту.
- Елорданың елдік пен тұтастықтың, бірлік пен мәртебенің тұғыры екенін ұғындыру.
- Отанды қорғауға, елорданы құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Әр топ дайындаған қабырға газеттері
- Слайд материалдары
Формат
Танымдық ойын-сайыс. Әр топтан үш оқушы қатысады; аралықта әуен тыңдалып, әнді тапқан топқа қосымша ұпай беріледі.
Кіріспе
Құрметті қонақтар, ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі «Білесің бе, Елорданың тарихын?» танымдық ойын-сайысына қош келдіңіздер.
6 маусым қандай күн? Бұл күн елорда тақырыбын кеңінен қозғап, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын еске түсіруге жақсы мүмкіндік береді.
Қазақстан астаналарының тарихи кезеңдері
Негізгі хронология
- 1920–1924
- Орынбор қаласы
- 1924–1929
- Қызылорда (Ақмешіт) қаласы
- 1929–1997
- Алматы қаласы
- 1997 жылдан бастап
- Астана
Тарихи түсіндірме
Қазақ АССР-і ретінде бөлініп, 1920–1925 жылдары Орынбор астана қызметін атқарды. 1925 жылы әкімшілік орталық Орынбордан Ақмешітке көшірілді, кейін қала атауы Қызылорда болып өзгертілді.
1929 жылдан 1997 жылға дейін Республика астанасы Алматы болды. Тәуелсіздік жылдарында еліміз маңызды тарихи шешімдер қабылдап, Ата Заңын бекітіп, мемлекеттік рәміздерді айқындады.
1994 жылы Парламент астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдап, кейін Президенттің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Жарлығы жарияланды. 1997 жылғы 10 желтоқсанда астана Ақмолаға көшіріліп, 1998 жылғы 10 маусымда жаңа астананы әлемге таныстыру рәсімі өтті.
Бүгінде Астана — Қазақстанның саяси және мәдени орталығы. Бұл өңірдің тарихы көне дәуірлерден басталатынын К. Ақышев бастаған ғалымдар дәлелдеген. Бозоқ қалашығының орны Бозоқ көлінің шығыс жағалауын қамтиды; ескерткіш аумағы және оған іргелес ауылшаруашылық аумағы шамамен 30 гектарды құрайды.
Елорда келбеті: көрікті орындар мен нышандар
Бәйтерек
Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан монументтің биіктігі — 97 м (елорданың 1997 жылы астана мәртебесін алуына байланысты), шардың диаметрі — 27 м. Бәйтерек — қазіргі Қазақстанның нышаны: жаңғыру мен өрлеудің, кеңдік пен биіктіктің, тәуелсіз мемлекеттіліктің көрінісі. Ол елордадағы ең көп баратын орындардың бірі.
Нұр-Астана мешіті
Астанадағы Есіл ауданында орналасқан мешіт. Іргетасы 2002 жылы қаланып, 2005 жылғы 2 наурызда ашылды. Қала сәулетіне айрықша сән беретін рухани орталықтардың бірі.
Хан Шатыр
Ірі ойын-сауық әрі сауда орталығы. 2010 жылғы 6 шілдеде Астана күніне орай ашылған. Дүниежүзіндегі шатыр пішінді ең ауқымды құрылыстардың бірі ретінде танылып, сыртқы келбетімен ерекшеленеді.
Ақорда резиденциясы
Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы. Құрылыс 2001 жылғы қыркүйекте басталды; ресми тұсаукесері 2004 жылғы 24 желтоқсанда өтті. Жалпы көлемі — 36 720 м². Шатыр сүмбісін қоса есептегендегі биіктігі — 80 м. Қасбеті итальян мәрмарымен қапталған. Ғимарат 5 жер үсті және 2 жер асты қабаттан тұрады (бірінші қабат биіктігі 10 м, қалғаны 5 м).
Отан Ана мемориалдық кешені
Жоңғар шапқыншылығы мен Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен қаза тапқандардың құрметіне арналған. Ұзындығы 24 метр мемориалдың ортасында алтын шара ұстаған әйел бейнесі бар: ол — тыныштық пен гүлденудің белгісі. Барельефтің бір жағында кеңес әскерлері, екінші жағында жоңғар шапқыншылығында қаһармандық танытқан қазақ батырлары бейнеленген. Төменгі бөлігінде мәңгілік алау орналасқан.
Бейбітшілік пен келісім сарайы
Елордадағы маңызды мәдени-рухани кеңістіктердің бірі. Сайыс барысында «Бұл қай ғимарат?» бөлімінде тану тапсырмасына ұсынылатын нысандар қатарына енгізіледі.
Танымдық ойын-сайыс құрылымы
Ұйымдастыру тәртібі
- Сайыс басталар алдында әділқазылар алқасы бекітіледі және таныстырылады.
- Әр кезең арасында әуен тыңдалып, әнді дұрыс тапқан топқа қосымша 2 ұпай беріледі.
Сайыс кезеңдері
- Сайыскерлердің өзін таныстыруы
- «Кім көп біледі?» — сұрақтарға жауап беру
- «Бұл қай ғимарат?» — нысандарды тану
- «Қылқалам» — берілген тақырыпқа шығарма жазу
- Мәнерлеп оқу
- Қабырға газетін қорғау
- «Ұйқасын тап»
Әуендер (аралық тапсырма)
- «Көк тудың желбірегені»
- «Атамекен»
- «Десантшылар»
- «Сәлем саған, туған ел»
«Кім көп біледі?» сұрақтары
Сұрақтар
- Қазақстан тарихында неше астана болды?
- Орынбордан астана қай қалаға ауысты?
- Қазақстанның алғашқы астанасы қай қала?
- Астана Алматыдан қай қалаға көшірілді?
- Астана қаласының бұрынғы атауы қандай?
- Ақмоланы «Астана» деп атау туралы жарлық қай жылы шықты?
- Астана қай өзеннің бойында орналасқан?
Жауаптар
- Төрт.
- Қызылорда.
- Орынбор.
- Ақмолаға (қазіргі Астанаға).
- Ақмола.
- 1998 жыл (6 мамыр).
- Есіл.
«Бұл қай ғимарат?»
- Хан Шатыр — бұл қандай ғимарат және қай қалада орналасқан?
- Бейбітшілік пен келісім сарайы — бұл қандай ғимарат және қай қалада орналасқан?
«Қылқалам» тақырыптары
- «Астана — елдің жүрегі»
- «Тәуелсіздік түндігі — Астана»
- «Астана — жаңа қала»
- «Киелі менің Елордам»
Мәнерлеп оқу
«Тамаша өлең таңдайға татып балдай, өз тіліңде жыр оқу — бақыт қандай!» деген ойға сүйене отырып, әр топтан бір оқушы шығып, өзі жаттаған өлеңін мәнерлеп, жатқа айтады.
Қабырға газетін қорғау
Топтар өздері дайындаған газеттерін таныстырып, мазмұнын қорғайды: дерек, көрнекілік, идея және сөйлеу мәдениеті ескеріледі.
«Ұйқасын тап» (топтық жолдар)
Балдырған тобы
Жайнай бер, жаңа Астанам,
Ертегідей ғажап бас қалам.
Шағала
Мынау менің Астанам,
Он беске толған жас қалам.
Жасқыран
Астанам — асқарымдай көрінесің,
Өлең боп көкірегімнен өрілесің.
Достық
Астана — ару қала, аппақ қала,
Көрінген көкжиектен асқақ дара.
Ой түйін
Н. Ә. Назарбаевтың сөзі
«Астана — бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз — астаналықтар өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда…»
Қорытынды үндеу
Бүгін елорда туралы өлең оқып, ой бөлісіп, білімімізді сараладық. Астанамыздың мерейі әрдайым асқақтай берсін. Елімізді қорғау мен қастерлеу — әрқайсымыздың міндетіміз әрі парызымыз екенін ұмытпайық.