Мерекеңіз бүгін, Қызғалдақтай қыздар

Тақырыбы: Аналар — асыл жандар

Бұл кеш 8 Наурыз мерекесіне арналған құттықтау-ертеңгілік ретінде ұйымдастырылады.

Мақсаты

  • Оқушылардың аналар мен әжелерді, ұстаздар мен қыздарды мерекемен құттықтауы.
  • «Ана» деген қасиетті сөздің мәнін таныту, құрметтеуге және қастерлеуге баулу.
  • Оқушылар бойына адамгершілік пен ізгі қасиеттерді сіңіру.

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • Шарлар
  • Ұлағатты сөздер жазылған плакаттар

Форматы

Өлең оқу, бейнеқұттықтаулар, шығармалар таныстыру, ән-күй, би, қойылым және шағын сайыс.

Негізгі ой: ананың мейірімі, ұстаздың еңбегі, қыз баланың нәзіктігі — қоғамның ұйытқысы.

Құттықтау сөздері

Кеш жүргізушілері мерекелік лебізін өлеңмен жеткізеді.

Спандияр

Аяулы әжелер мен ардақты аналар!

Қуанышты жүз көреміз әркімнен,
Болашаққа бастайтын жол жарқын, кең.
Қызғалдақтай құлпырыңдар бәрің де,
Құттықтаймыз сегізінші наурызбен!

Аружан

Құрметті де қадірлі ұстаздар!

Қызық болсын әрбір күнің әр күннен,
Еңбектерің жансын ерен қарқынмен.
Құшақтарың гүлге толсын әрдайым,
Құттықтаймыз сегізінші наурызбен!

Экранға назар

Спандияр: «Енді назарларыңызды экранға аударайық».

Мұғалім: әр баланың анасы туралы жазған шығармасын таныстырамыз. Әуелі бейнежазбадағы тілектер тыңдалады, кейін слайд арқылы шығармалар ашылып, оқушылар ортаға шақырылады. Соңында аналарына дайындалған сыйлықтар табысталады.

Өлең-шашу

Оқушылар аналар мен қыз-келіншектерге арналған жыр жолдарын оқиды.

Айғаным

Мерейлі сәт мерекеге ұласып,
Сегізінші наурыз келді қыр асып.
Қыз-келіншек, нәзік жандар мейрамы —
Көктемімнің шапағатын тұр шашып.

Мирас

Құттықтаймыз аналарды, қыздарды,
Мерекеден шуақты бір із қалды.
Болсын әркез көтеріңкі көңілдер,
Нұрын шашсын мерекеге өңірлер!

Әмина

Тал бесікке тірлікті ілмектеген,
Мадақтауға Ананы тіл жетпеген.
Алатаудың шыңына ту тігеді,
Анасына той жасап, құрметтеген.

Арлан

Анашым шалқып күлсең,
Алдымда ұзақ жүрсең,
Жүрегім жыр толғайды,
Көңілім ортаймайды.

Анасы бар адамдар,
Ешқашан қартаймайды.

Аружан

Анасыздар — кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң, жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңілде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.

Әдемі

Әр үйдің Күні десек те — лайықсыздар.
Өр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді — лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді — лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді — лайықсыздар.

Ескерту: мұндағы «лайықсыздар» сөзі — «соған да сыймайсыздар, одан да биіксіздер» деген мағынада қолданылады.

Дәуірбек

Гүлдей болсын өміріңіз,
Нұрға толсын көңіліңіз.
Биік болсын жұлдызыңыз,
Көктемдей құлпырыңыз.

Бақыт қонсын басыңызға,
Қолдап жүрсін Тәңіріңіз!

Лейла

Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған.
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер — жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.

Мадияр

Келді көктем күннің,
Күлімдейді гүлің —
Алтын ойлы Анам,
Мерекеңіз бүгін!

Жұмақ — құшақ панам,
Күндей нұрлы санаң!
Қызығын көр ұл-қыз,
Еңбек сүйгіш Анам!

Кетті қысқы ызғар,
Еріп жатыр мұздар.
Мерекеңіз бүгін,
Қызғалдақтай қыздар!

Анель

Дүниеде ең кемеңгер дананы
Ана табады, аялайды, бағады.
Сондықтан да құдіретіңе бас иіп,
Құрметтейік қасиетті — ананы.

Ажар

Құтты болсын аналардың мейрамы!
Жарқыраңдар, жаз күніндей жайдары!
Мерекесі бұл — көктемнің алғашқы,
Бақыт берсін әр көктемнің айлары!

Дарина

Сұлусыңдар күн нұрынан жаралған,
Шапақтарың бар әлемге таралған.
Гүлдеріне жаз күнінің ұқсайсың,
Орындалсын жүректегі бар арман!

Спандияр

Болса өзге жүрек,
Адамға адам — тірек.
Сіздерге айтар мынау
Мерекелік тілек:

Қарау жүрсін қашық,
Алшы түссін асық.
Берекесін берсін,
Сіздер еткен кәсіп!

Әр таңыңыз атқан,
Бақыт берсін батпан.
Құрастырсын Құдай,
Табысыңыз тасқан!

Шығармашылық тапсырма

Өлең құрастыру

Балалар, аналарға арнап ән-шашу орындалып жатқан кезде таратылған параққа үлгі бойынша өз өлең шумақтарыңды құрастырып көріңдер.

1-үлгі

________________ өміріңіз,
________________ көңіліңіз.
__________________________
_____________ құлпырыңыз!

2-үлгі

________________ гүліміз,
________________ күніміз.
__________________________
________________ жүріңіз!

Сүйікті аналар, сіздердің мейірбан жүздеріңіздей көктемнің алғашқы мерекесі — 8 Наурыз құтты болсын!

Сынып қыздарын құттықтау

Спандияр

Қыздар, көктемнің алғашқы күндерімен бірге көңілге қуаныш әкелетін 8 Наурыз мерекелерің құтты болсын!

Мадияр

Көктемнің бар гүлі, көңілдің сазды үні — тек сендерге арналсын!

Дәуірбек

Жандарыңа жылылық, жүректеріңе ұлылық берсін!

Арлан

Ата-аналарың аман болсын!

Мирас

Күнделіктерің «5»-ке толсын!

(Қыздарға арналған сыйлықтар табысталады.)

Аружан

Бүгінгі ән-жыр, би-күй — сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!

Өнер бағдарламасы

Ән (хор)

  • «Анашым»
  • «Ақ мамам»
  • «Құттықтаймын, ана, туған күніңмен!»

Би

Қыздардың орындауында «Саржайлау» биі.

Күй

  • «Гәкку» — орындайтын: Мирас
  • «Ақ сиса» — орындайтын: Спандияр

Ән

«Ай дидарлы анашым» — орындайтын: Әмина, Айғаным, Аружан.

Қойылым: бағдарлама бойынша көрініс ұсынылады.

Сайыс: «Кішкентай көмекші»

Ана мен қыздар арасында «Кішкентай көмекші» атты көңілді сайыс ұйымдастырылады.

Қорытынды

Осымен ертеңгілігіміз аяқталды. Жайма-шуақ күнде қайта кездескенше!