Сұрақ - жауап кезеңі
Мәңгілік Ел (6-сынып)
Сабақтың тақырыбы
Қазақстан — көпұлтты, зайырлы мемлекет
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Әдіс-тәсілдер
- Сөздік
- Сұрақ-жауап
- Топтық жұмыс
Сабақтың мақсаты
Жас ұрпақты Отанды сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, Қазақстанның бай әрі қуатты ел екенін мақтан етуге баулу; туған жерге сүйіспеншілікті арттыру және бейбітшілікті нығайтуға тәрбиелеу.
Міндеттері
- Танымдық ойлау қабілеттерін арттыру, топта жұмыс істей отырып бір-бірінің пікірін тыңдай білуге үйрету.
- Ой-өрісті кеңейту, ауызша сөйлеу мәдениетін дамыту.
- Елін, жерін, салт-дәстүрін құрметтейтін, рухы мықты азамат тәрбиелеу; тарихымызды қадірлеуге баулу.
Оқыту құралдары
Қазақстан — көпұлтты, унитарлы, тәуелсіз мемлекет
Біздің Отанымыз — Қазақстан Республикасы. Ол көне замандардан бастау алатын тарихы бар, табиғаты да, қазынасы да мол ел. Қазақ халқы — ержүрек, достыққа адал, бауырмал әрі қонақжай халық.
Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүреді. Орыстар, өзбектер, ұйғырлар, кәрістер, гректер және басқа да халықтар қазақ халқымен тату-тәтті тіршілік етуде. Сондықтан мемлекетіміз көпұлтты ел ретінде танылады.
Бірлік — ортақ құндылық
Қазақстан — көпұлтты, унитарлы, тәуелсіз мемлекет. Әлем таныған елімізде жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай достық пен татулықта, жарасымды бірлікте өмір сүреді. Қиын кезеңдерде тағдыр табыстырған халықтар бір шаңырақтың астында сүттей ұйып отыр.
Қазақта: «Ырыс қайда барасың десе — ынтымағы жарасқан елге барамын» деген нақыл сөз бар. Еліміз жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрметті қастерлей отырып қадам басты.
Неге келісім маңызды?
Дәстүрлі достықтың тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің халықтардың экономикалық теңдігіне, саяси және мәдени дамуына, сондай-ақ тілдер мен ұлттық ерекшеліктерге құрметті қамтамасыз ететінін көрсетті.
Қоғамдық тұрақтылық
Ұлтаралық татулықты нығайту — мемлекет дамуының стратегиялық бағыты. Бүгінгі ауызбірлік, тұрақтылық пен туыстық қарым-қатынас — осы саясаттың нақты нәтижесі.
Ой толғау
Қазақ елі Тәуелсіздікке қалай қол жеткізді? Оқушылардың пікірін тыңдап, дәлел мен мысал арқылы ойды нақтылау ұсынылады.
Мұғалімнің түйіні
Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Қазақстан тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізіп, кейін ғана әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына сенімді қадам басты. Тәуелсіздік жылдарында еліміз қалыптасып, нарықтық кезеңнің қиын өткелдерінен өтіп, халықаралық деңгейде мойындалған мемлекетке айналды.
Сен білесің бе?
Әлемде көпұлтты мемлекеттер көп. Мысалы, Үндістанда жүзден астам тілде сөйлейтін көптеген этностар өмір сүреді. Қытайда ондаған ұлт бар. Ресейде көптеген ұлт өкілдері тұрады. Дүние жүзіндегі көпұлтты мемлекеттердің бірі — АҚШ: бір ғана Нью-Йорк қаласының өзінде жүздеген ұлт пен этнос өкілдері кездеседі.
Ұлт бірлігі туралы ой
Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ой-тұжырымы негізінде.
Қорытынды
Ең бастысы — ұлтаралық татулықтың арқасында еліміз тыныш, жұртымыз аман. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспей, берекеміз баянды болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз мәңгі болғай.