Туберкулез қандай ауру

Қазалы ауданы • Абай ауылы • №90 мектеп

Бастауыш сынып мұғалімі: Айсұлу Рахманберген

Тәрбие сағаты 2-сынып Түрі: пікірлесу

Туберкулез — жұқпалы ауру

Мақсаты

Оқушыларды өзін-өзі күте білуге, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу.

Әдістері

  • Пікірлесу
  • Салыстыру
  • Өз бетінше жұмыс

Сабақ барысы

Ой қозғау

1) Сөзжұмбақ шешу. Төмендегі сөздердің бірінші әріптерін алып, сөз құрастырыңыз:

  • Тасбақа
  • Уран
  • Балық
  • Ертек
  • Ракета
  • Көл
  • Ура
  • Лақ
  • Есік
  • Зебра

Жауабы: ТУБЕРКУЛЕЗ

2) «Туберкулез» дегеніміз не? Оқушылардың пікірлері тыңдалады.

Мағынаны тану

Мұғалім суреттер арқылы түсіндіреді. Туберкулез (лат. tuberculum — «төмпешік») — адам мен жануарларда кездесетін созылмалы жұқпалы ауру. Ескі атаулары: құрт ауру, көксау.

Қоздырғышы

Туберкулездің қоздырғышы — микобактерия (Кох таяқшасы). Оны неміс микробиологы Роберт Кох (1843–1910) 1882 жылы ашқан.

Микобактерияның сипаттамасы

Жіңішке, түзу немесе сәл иілген таяқша тәрізді болады. Ұзындығы 1–10, ені 0,2–0,6 мкм.

Таралу жолдары

Жұқпалы аурудың негізгі көзі — науқас адамнан бөлінетін, құрамында микробы бар қақырық. Сау адамға көбіне:

  • науқас адамның қақырығының ұсақ тамшылары арқылы немесе кепкен бөлшектерін ауамен бірге жұтқанда;
  • сирек жағдайда — туберкулезбен ауырған үй жануарларының сүтін шикілей ішкенде немесе етін шала пісіріп жегенде жұғады.

Туберкулез таяқшасының ағзаға енуі ауруға себеп болуы мүмкін, бірақ аурудың толық дамуына қосымша факторлар әсер етеді.

  • иммунитеттің төмендеуі;
  • дұрыс тамақтанбау (әсіресе ақуыз бен дәрумен тапшылығы);
  • санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталмауы;
  • науқаспен ұзақ уақыт байланыста болу.

Көбірек қауіп тобы

Туберкулез көбіне 3 жасқа дейінгі балаларда кездесуі мүмкін, себебі бұл кезеңде ауруға қарсы иммунитет толық қалыптаса қоймайды.

Сондай-ақ жасөспірімдерде жыныстық жетілу кезеңінде иммундық жүйе әлсіреп, қауіп артуы ықтимал.

Туберкулез, әдетте, тұқым қуаламайды. Дегенмен ата-ана дер кезінде емделмесе және сақтану ережелерін дұрыс сақтамаса, инфекцияны балаға жұқтыру қаупі болады.

Туберкулез түрлері

Ашық түрі

Қақырықта туберкулез таяқшалары болады. Сондықтан мұндай түрімен ауыратын адам өте жұқпалы деп есептеледі.

Жабық түрі

Қақырықта туберкулез таяқшалары болмайды. Бірақ дерт асқынған жағдайда жұқтыру қаупі туындауы мүмкін.

Туберкулез таяқшалары әртүрлі мүшелерді зақымдауы мүмкін, бірақ көбінесе өкпені зақымдайды.

Ауруды анықтау

Туберкулезді әртүрлі әдіспен анықтайды. Ерте анықтау үшін:

  • балаларға жаппай тексеру жүргізіледі: Манту реакциясы;
  • халықты жаппай флюорографиялық (рентгенологиялық) тексерудің маңызы зор.

Алдын алу және ем

Вакцина (БЦЖ)

Туберкулезге қарсы арнайы егу — БЦЖ. Ол нәресте дүниеге келгеннен кейін 3–5 күн ішінде салынады.

Емдеу тәсілдері

Туберкулезді емдеудің терапиялық, хирургиялық және басқа да әдістері бар. Санаторийде емделу де пайдалы.

Қазақстанда туберкулезге қарсы жұмысты Туберкулез мәселелері ұлттық орталығы үйлестіреді. Әр облыс орталығында арнаулы диспансер, ал жергілікті жерлерде оның бөлімшелері жұмыс істейді.

Республика туберкулезге қарсы дәрі-дәрмекпен және емдеу орындарындағы төсек-орынмен жеткілікті қамтамасыз етілген.

Әлемдік жағдай

Туберкулез — тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай нұқсан келтіретін, әлемде кең таралған жұқпалы аурулардың бірі.

1993 жылы Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы туберкулезді қоғамдық денсаулық сақтаудың жаһандық мәселесі деп жариялады.

Жұқтырылғандар

Жер шары халқының шамамен 1/3 бөлігі

микобактериямен жұқтырылған деп есептеледі.

Жыл сайын

шамамен 8,4 млн

жаңа жағдай тіркеледі.

Өлім-жітім

шамамен 2 млн

адам осы аурудан қайтыс болады.

ДДСҰ деректері бойынша туберкулездің көптеген жағдайларын емдеп жазуға болады. Ауру дер кезінде анықталып, емдеу дұрыс және тиімді тағайындалса, науқас толық сауығуы тиіс.

Ой қорыту

«Жауабын тап» ойыны арқылы тест тапсырмалары орындалады.

  1. 1) Туберкулез дегеніміз не?

    Жауап: жұқпалы ауру (сурет/талқылау арқылы бекіту).

  2. 2) Туберкулез қандай ауру?

    • Жұқпайтын
    • Жұқпалы
    • Пайдалы
  3. 3) Туберкулездің түрлері қандай?

    • Ашық
    • Жабық
    • Кең — тар
    • Аз — көп
  4. 4) Туберкулез көбінесе қай мүшені зақымдайды?

    • Жүрек
    • Өкпе
    • Бас
  5. 5) Туберкулез емделе ме?

    • Жоқ
    • Емделеді
    • Жазылмайды

Ескерту: Слайд/көрнекілік материалдары жүктеледі.