Сөздерге сұрақ қой
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Тақырыбы
Зат есімнің септелуі
Сабақтың түрі мен типі
- Сабақтың түрі: жаңа сабақ
- Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту
Мақсаттары
-
Білімділік
Зат есімнің септелуі туралы түсінік беру, септік жалғауларымен таныстыру, сұрақтарын меңгерту.
-
Дамытушылық
Топпен жұмыс істеу, ойлау, есте сақтау, зерделеу қабілеттерін дамыту.
-
Тәрбиелік
Сауатты жазуға, мәдениетті сөйлеуге, жылдамдық пен ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер, көрнекіліктер, байланыс
Әдіс-тәсілдер
Топпен жұмыс, сұрақ-жауап, ой қозғау.
Көрнекіліктер
Септіктер кестесі, суреттер, жетіген музыкалық аспабы.
Пәнаралық байланыс
Ән-әуен, математика, сурет, ана тілі.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу, оқушыларды түгелдеу, сабаққа назар аударту.
- Топқа бөлу.
II. Үй тапсырмасын тексеру
«Орнын тап» ойыны арқылы кесте толтыру:
Заттар, нәрселер
Парта, терезе, орындық, дәптер.
Өсімдіктер, жемістер
Жусан, қарақат, өрік, бүлдірген.
Жануарлар
Қоян, түлкі, барыс, арыстан.
Адам
Дәрігер, мұғалім, зергер, тігінші.
Табиғат құбылыстары
Найзағай, жел, дауыл, жаңбыр.
Керекті сөздер
Терезе, қарақат, түлкі, мұғалім, жел, орындық, өрік, барыс, зергер, дауыл, дәптер, бүлдірген, арыстан, тігінші, жаңбыр.
Бағыттаушы сұрақтар
- Әр бөліктегі сөздерге қандай сұрақ қойылады?
- Не байқадыңдар?
- Қандай қорытынды жасауға болады?
III. Жаңа сабақ: зат есімнің септелуі
Бүгінгі тақырып — зат есімнің септелуі. Тақырыпты түсіндіру үшін ұлттық мұрамыздың бірі — жетіген аспабы туралы мәлімет беріледі.
Жетіген туралы
Жетіген — шертіп ойналатын көне ұлттық аспап. Ол жеті ішекті, жеті тиекті, бұрауы жоқ аспап саналады. Құлақ күйі жеті асықты ілгері-кейін орналастыру арқылы келтіріледі. Дыбыс ішектерді саусақпен іліп-қағу арқылы шығады. Шанағы тұтас ағаштан ойылып жасалады, ішектері аттың қылынан тағылады. Осы аспап арқылы өнерпаздар өз мұңын халыққа жеткізген.
Аңыз желісі (септіктердің мәнін ашу)
Ерте, ерте, ертеде қазақ тілі елінде Септік деген шал болыпты. Оның жеті ұлы болыпты. Елді жұт жайлап, ашаршылық шалдың отбасына да жетіп, ол ұлдарынан айырылып қала береді.
- Атау қайтыс болғанда, шал ағашқа бірінші ішек тағып, үнсіз егілді.
- Ілік қайтыс болғанда: «Ненің зияны, кімнің көзі тиді екен?» — деп екінші ішекті тақты.
- Барыс қайтыс болғанда: «Кімге айтып жылайын, неге ғана өлді екен?» — деп үшінші ішекті тақты.
- Табыс қайтыс болғанда: «Нені айтып, кімді ғана жоқтайын?» — деп төртінші ішекті тақты.
- Жатыс қайтыс болғанда: «Кімде кетті обалың, неде жатып көз жұмдың?» — деп бесінші ішекті тақты.
- Шығыс қайтыс болғанда: «Неден қайтыс болдың, кімнен сені сұрайын?» — деп алтыншы ішекті тақты.
- Көмектес қайтыс болғанда: «Кіммен өмір сүрмекпін, енді немен шұғылданамын?» — деп жетінші ішекті тақты.
Сөйтіп, жеті ішек тағылған ағаштан Жетіген аспабы пайда болыпты.
IV. Ой қозғау (сұрақ-жауап)
Сұрақ
Атау қайтыс болғанда кім үнсіз егілді?
Жауап
Септік шал.
Сұрақ
Ілік қайтыс болғанда шал не деді?
Жауап
«Ненің зияны, кімнің көзі тиді екен?»
Сұрақ
Барыс қайтыс болғанда шал не деді?
Жауап
«Кімге айтып жылайын, неге ғана өлді екен?»
Сұрақ
Табыс қайтыс болғанда шал не деді?
Жауап
«Нені айтып, кімді ғана жоқтайын?»
Сұрақ
Жатыс қайтыс болғанда шал не деді?
Жауап
«Кімде кетті обалың, неде жатып көз жұмдың?»
Сұрақ
Шығыс қайтыс болғанда шал не деді?
Жауап
«Неден қайтыс болдың, кімнен сені сұрайын?»
Сұрақ
Көмектес қайтыс болғанда шал не деді?
Жауап
«Кіммен өмір сүрмекпін, енді немен шұғылданамын?»
V. Сұрақтар сыры: жеті септік
Септік атаулары (атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес) өз сұрақтары арқылы мағына береді. Мысал ретінде «жетіген» сөзін септейік:
| Сұрақ | Мысал |
|---|---|
| Не? | Жетіген |
| Ненің? | Жетігеннің |
| Неге? Қайда? | Жетігенге |
| Нені? | Жетігенді |
| Неде? | Жетігенде |
| Неден? | Жетігеннен |
| Немен? | Жетігенмен |
Септіктердің қызметі (қысқаша)
- Ілік — сөздердің іліктестігін көрсетеді: кімнің кітабы? Асанның кітабы.
- Барыс — бағыт, бару мағынасы: кімге бардың? Асанға бардым.
- Табыс — тура объект: кімді көрдің? Асанды көрдім.
- Жатыс — орын, мекен: қайда болдың? Мектепте болдым.
- Шығыс — шығу, бастау нүктесі: неден оқыдың? Кітаптан оқыдым.
- Көмектес — бірге/құрал мағынасы: кіммен таныстың? Асанмен таныстым.
Септік жалғаулары (кесте)
| Септік | Сұрақтары | Жалғаулары |
|---|---|---|
| Атау | Кім? Не? | — |
| Ілік | Кімнің? Ненің? | -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің |
| Барыс | Кімге? Неге? Қайда? | -ға, -ге, -қа, -ке |
| Табыс | Кімді? Нені? | -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті |
| Жатыс | Кімде? Неде? | -да, -де, -та, -те |
| Шығыс | Кімнен? Неден? | -нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен |
| Көмектес | Кіммен? Немен? | -мен, -бен, -пен |
VI. Оқулықпен жұмыс (жаттығулар)
281-жаттығу
Берілген сөздер: қарлығаш, қарлығаштың, қарлығашқа, қарлығашты.
- Сөздерге сұрақ қой.
- Қай септікте тұрғанын анықта.
282-жаттығу (топтық жұмыс)
1-топ: «Оқушы»
- Үздік кім?
- Кімді көрді?
- Кімге берді?
- Кімнен сұрады?
2-топ: «Ауыл»
- Қайдан келді?
- Ненің жанында көл бар?
- Демалыста қайда барамын?
- Мен нені ұнатамын?
- Берілген сұрақтарға сәйкес сөздерді өзгертіп жаз.
- Зат есімнің жалғауларының астын сыз.
Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығуы.
283-жаттығу (топтық жұмыс)
1-топ: «Суретші»
Тапсырма: сөзді септеп жаз.
2-топ: «Қайың»
Тапсырма: сөзді септеп жаз.
285-жаттығу
Тар шеңберді айналып,
Тұр қазықта байланып.
Қаға берер таңдайды,
Әдетінен танбайды.
- Қарамен жазылған сөздерді сөз құрамына талда.
- Оларға қай септіктің жалғауы жалғанғанын анықта.
VII. Қорытынды
«Гүлдер» ойыны
Гүл тостағаншалары 7 оқушыға таратылады. Оқушылар оларды септіктердің ретімен орналастырады. Нәтижесінде гүл шоғы құралады.
Бағалау және кері байланыс
Оқушылардың топтық жұмысы, тапсырмаларды орындауы және жауаптары бойынша бағалау жүргізіледі.
Үй тапсырмасы
- 285-жаттығу.
- «Зат есімнің септелуі» тақырыбы бойынша ережені қайталау.
Дереккөз
ОҚО, Қазығұрт ауданы, Т. Рысқұлов мектеп-лицейі. Бастауыш сынып мұғалімі: Кабланова Жазира.