Мақалдарды оқып мағынасын түсіндіру
Сабақ туралы мәлімет
Мекеме
Қызылорда қаласы, №112 орта мектебі
Мұғалім
Жортулова Кенжегүл Талдырмашқызы
Бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары, «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі
Сынып және тақырып
4-сынып
Тақырыбы: «Еңбекқорлық пен еріншектік»
Мақсаты
Еңбек ұғымының құндылық ретіндегі маңызын ашу.
Міндеттері
- Еңбектің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
- Еңбекті қадірлеу, бағалау, еңбектің қуанышын сезіну және іскерліктерін дамыту.
- Еңбексүйгіштікке, табандылыққа, шыдамдылыққа, достыққа және ұжымшылдыққа тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар
Сабақ барысы
Тыныштық сәті (әуен арқылы)
Балалар, орнымызда отырып денемізді бос ұстайық, терең дем алайық.
Көз алдымызға егіс алқабында еңбек етіп жүрген үлкендерді елестетейік. Олар біздің болашағымыз үшін, жақсы өмір сүруіміз үшін маңдай терін төгіп, еңбек етіп жүр.
Ал біздің қазіргі қолымыздан келетін еңбек — сабақ оқу, білім алу. Ендеше, көзімізді ашып, білім алатын сыныбымызға қайта оралайық.
Ән: «Болайықшы осындай»
Жақсы бала еңбекшіл —
Ер азамат болады.
Қиындықты жеңіп кіл,
Құшағы гүлге толады.
Еңбекшіл осындай,
Болайықшы, досым-ай.
Талқылау сұрақтары
- Өлең жолдарында не туралы айтылған?
- Еңбек адамға не үшін қажет?
- Еңбекқорлық адамды тағы қандай қасиеттерге баулиды?
- Өзіңді еңбекқормын деп санайсың ба? Неліктен?
Мәтінмен жұмыс: «Еңбексүйгіш пен Еріншек» ертегісі
Ертегі оқылады, кейін мәтін бойынша талқылау жүргізіледі.
Мәтінді екі топқа бөліп оқуға уақыт беріледі.
Тапсырмалар
- Еңбексүйгіш пен еріншектің әрекеттерін салыстырып, ерекшеліктерін айтып беріңдер.
- «Нағыз адамның өткен жылдары өшпейді» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Еңбексүйгіштің бойындағы жақсы қасиеттерді атап беріңдер.
Жаңа ақпарат
Адал еңбектің нәтижесі адамды қуанышқа бөлейді. Адам өз мақсатына ерінбей еңбек еткенде ғана қол жеткізе алады.
Сергіту сәті: «Еңбек»
Қырға шықсаң, өрлеп —
Мұның аты — еңбек.
Кесте тіксең, зерлеп —
Мұның аты — еңбек.
Сабағыңа жөндеп
Әзірленсең — еңбек.
Қиындықтың бәрін
Еңбек қана жеңбек.
Екі нұсқаға екі өлең беріледі. Оқушылар өлеңде не туралы айтылғанын түсіндіріп береді.
Дәйексөз
«Еңбек — қуаныш, жалқаулық — айырылмас азап.»
Бұл мақал еңбектің адамға қуаныш, мағына және нәтижелі өмір әкелетінін, ал жалқаулықтың адамды тежеп, ішкі қиналысқа соқтыратынын білдіреді.
Дәптермен жұмыс
- 1. Дәптердегі кестеге еріншек пен еңбекқорға тән белгілерді бөліп жазыңдар.
- 2. Мақалдарды оқып, мағынасын түсіндіріңдер. Еңбек туралы нақыл сөздер айтып көріңдер.
Қорытынды ой
Адам бойындағы ең жағымсыз әдеттердің бірі — еріншектік. Бұл әдет — өнердің де, дамудың да дұшпаны. Өйткені еріншек адамның мойны іске жар бермейді.
Абайдың 38-қара сөзінен
«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі — надандық, екінші — еріншектік, үшінші — залымдық.»
Тапсырма
«Өз еңбегіңнің жемісі неліктен тәтті?» сұрағына жауап беріңдер.
Соңында оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге тұрып, бір-біріне жақсы тілек айтады.
Тыныштық сәті: «Еңбек»
Жасампаз төрді түлетіп,
Жаңғыртқан қайта мың рет.
Шөлейтті жерді гүл етіп,
Жайқалтқан мен бір құдірет.
Бәрі де менің жеңісім,
Зейнетім, демек, жемісім,
Шалқыған астық, кенішім —
Ырысты бейбіт ел үшін!
Шаттықтың әнін тербеткен,
Көресің мені жер-көктен.
Ерліктің туын өрлеткен,
Өркендер ғалым еңбекпен.
Сондықтан ойлап ертеңді,
Сүйіп өс, маған табын да.
Еңбекпен өмір өркенді,
Еңбекпен келер бағың да.