Оқушылардың түрлі изопроцестерді меңгеруі
Сабақтың мақсаты
Дамытушылық
Изопроцестердің өзара байланысын түсіндіру, формулаларды қолданып есеп шығаруға үйрету, ойлау қабілетін дамыту.
Білімділік
Үш параметрдің (P, V, T) біреуі тұрақты болғанда, қалған екеуінің арасындағы тәуелділікті сипаттайтын газ заңдарын тұжырымдау және изопроцестер туралы түсінік қалыптастыру.
Тәрбиелік
Пәнаралық байланысты күшейту, теорияны практикада қолдануға, өз бетінше ізденуге және зерттеуге тәрбиелеу.
Сабақтың өту барысы (8-сынып)
Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеріп, сабақ қорытындысы бойынша бағалау парағын таратамын.
I. Ой қозғау
Физикалық диктант: интерактивті тақтада сұрақтар көрсетіледі. Оқушылар жауаптарды жұмыс дәптеріне жазып, толықтығына қарай бағалау парағына ұпай қояды.
II. Мағынаны тану
1) Тәжірибе арқылы түсіндіру
Сыныпта тәжірибе жасалады: пробиркаға су құйып, спирт шамымен қыздырғанда, пробирканың тығыны атып шығады. Бұл құбылыс су қайнаған кезде жүйенің ішкі энергиясы артатынын және газдың (буның) қысымы өсетінін көрсетеді. Оқушылар байқағанын түсіндіргеннен кейін жаңа тақырыпқа көшеміз.
2) Изопроцестер және газ заңдары
Газдың берілген массасы үшін үш параметрдің (P, V, T) біреуі тұрақты болып, қалған екі параметрдің арасындағы сандық тәуелділікті сипаттайтын заңдар қарастырылады. Осындай процестер изопроцестер деп аталады.
Изотермиялық процесс
T = const
P1V1 = P2V2
Бойль–Мариотт заңы
Изобаралық процесс
P = const
V1 / T1 = V2 / T2
Гей–Люссак заңы
Изохоралық процесс
V = const
P1 / T1 = P2 / T2
Шарль заңы
Сызба-нұсқалар мен графиктерді пайдаланып, әр процестің ерекшеліктері мен параметрлерінің өзгерісін салыстыра талдаймыз.
3) АКТ және өзіндік жұмыс
- Оқушылар электрондық оқулықты ашып, виртуалды зертханалық жұмыстарды орындайды.
- Соңында интерактивті тақтада тест тапсырмаларын орындайды.
Бекіту: тест тапсырмалары
Оқушылар тест сұрақтарына жауап береді. Дұрыс жауаптар кейін талданып, қорытындыланады.
1) Көлем тұрақты болған жағдайда процесс қалай аталады?
- A) Изотермиялық
- B) Изохоралық
- C) Изобаралық
- D) Адиабаталық
2) Гей–Люссак газ заңын қай жылы тұжырымдады және процесс қалай аталады?
- A) Изобаралық, 1802 ж.
- B) Изотермиялық, 1822 ж.
- C) Изохоралық, 1800 ж.
- D) Адиабаталық, 1832 ж.
3) Берілген газдың массасы үшін бір параметрі өзгермейтін процесс қалай аталады?
- A) Изотермиялық
- B) Температуралық
- C) Изопроцесс
- D) Термостат
4) P1 / T1 = P2 / T2 теңдеуін тағайындаған кім?
- A) Шарль
- B) Гей–Люссак
- C) Менделеев
- D) Бойль–Мариотт
5) Макродененің күйін сипаттайтын параметрлер қандай?
- A) P, T, M
- B) P, V, M
- C) P, V, T
- D) P, T, R
Қолдану және бекіту тапсырмалары
Сәйкестендіру кестесі
Тақтада сәйкестендіру кестесі беріледі. Оқушылар изопроцестерді олардың шарттары, формулалары және графиктерімен сәйкестендіріп, кестені толтырады.
Деңгейлік есептер
Оқушыларға деңгейлік есептер ұсынылады. Жауаптарды тақтадағы суретпен сәйкестендіргенде, қорытынды ретінде «Бәйтерек» монументінің бейнесі шығатын тапсырма орындалады.
I деңгей
- Температурасы 46,5 °C-қа дейін қыздырылған 200 г шай ішкен адам, егер дене температурасы 36,5 °C болса, қанша энергия алады?
- Массасы 3 кг бензин мен 2 кг керосин араластырылды. Қоспа толық жанғанда қанша жылу бөлінеді? Бензин мен керосиннің меншікті жану жылуы: q = 4,6 × 10^7 Дж/кг.
II деңгей
- Q = 440 × 10^7 Дж энергия алу үшін Қарашығанақта өндірілетін табиғи газдың қандай массасын жағу керек? Табиғи газдың меншікті жану жылуы: q = 4,4 × 10^7 Дж/кг.
- A = 1,89 × 10^7 Дж пайдалы жұмыс орындау үшін трактор қозғалтқышына меншікті жану жылуы q = 4,2 × 10^7 Дж/кг болатын 1,5 кг отын қажет. Қозғалтқыштың ПӘК-ін табыңдар.
Үй тапсырмасы
- Массасы 1 кг қорғасынды балқытқанда ішкі энергиясы қаншаға артады? Қорғасынның балқу жылуы: λ = 0,25 × 10^5 Дж/кг.
- Массасы 11 кг су буы конденсацияланғанда қандай жылу мөлшері бөлінеді? Су буының меншікті булану жылуы: r = 2,3 × 10^6 Дж/кг.
Сабақ аяқталды. Белсенді қатысқандарыңыз үшін рақмет!