Назарларын сабаққа аударту
Гидросфера және оның негізгі құрамдас бөліктері
Бұл сабақта Жердің су қабығы — гидросфера, оның құрамдас бөліктері және судың негізгі қасиеттері қарастырылады. Оқушылар судың табиғаттағы рөлі мен оны қорғаудың маңызын түсінеді.
Сынып
Жаратылыстану, 5-сынып
Әдістер
Түсіндіру, талдау, қима қағаздармен жұмыс
Көрнекіліктер
Интерактивті тақта, карта, слайд, бейне
Сабақтың мақсаттары
-
Білімдік: гидросфераның маңызы мен негізгі компоненттері туралы толық мәлімет беру.
-
Тәрбиелік: суды ластамауға, табиғатты аялауға және қорғауға тәрбиелеу.
-
Дамытушылық: ойын арқылы қызығушылықты оятып, ойлау қабілетін арттыру және өз ойын еркін айтуға дағдыландыру.
Сабақ құрылымы
1) Ұйымдастыру
Сәлемдесу, түгендеу, сабақ жоспарын таныстыру.
2) Үй тапсырмасы
«Материктер мен аралдар» тақырыбы.
3) «Суретті таны» ойыны
Материктер мен географиялық ұғымдарды еске түсіру.
4) «Ең ерекше кесте»
Кестемен жұмыс (топтық/жеке).
5) Жаңа сабақ
Гидросфера, су айналымы, судың қасиеттері.
6) Бекіту және бағалау
Диктант, мақал-мәтел, сұрақтар, ұпаймен бағалау.
Қайталау: «Суретті таны» ойыны (материктер мен ұғымдар)
Солтүстік жарты шарда орналасқан, аумағы 24,2 млн км² материк — Солтүстік Америка.
Солтүстік және Оңтүстік жарты шарда орналасқан, аумағы 30,3 млн км² ең ыстық материк — Африка.
Солтүстік жарты шарда орналасқан, аумағы 54 млн км² ең үлкен материк — Еуразия.
Оңтүстікте орналасқан, аумағы 14 млн км² ең суық материк — Антарктида.
Оңтүстік жарты шарда орналасқан, аумағы 9,0 млн км² ең құрғақ материк — Аустралия.
Оңтүстік жарты шарда орналасқан, аумағы 18,3 млн км² материк — Оңтүстік Америка.
Құрлықтың суға еніп тұрған бөлігі — түбек.
Дүние жүзіндегі ең үлкен арал, аумағы 2 175 597 км² — Гренландия.
Материкке қарай сұғына еніп жатқан мұхиттың бір бөлігі — шығанақ.
Жаңа тақырыпқа кіріспе: «Жұмбақтар әлемінде»
Жұмбақтардың шешімін табу арқылы бүгінгі сабақтың негізгі ұғымын ашамыз. Бұл жұмбақтардың барлығы сумен байланысты.
1) Жұмбақ
Қара таудай буралар,
Қара бұйра шудалар.
Бура жерге шөгеді:
Бұлау терін төгеді.
Шешуі: бұлт пен жаңбыр
2) Жұмбақ
Қыста ғана болады,
Ұстасаң қолың тоңады.
Шешуі: қар
3) Жұмбақ
Ауыл сыртында сайда
Жатыр үлкен айна.
Шешуі: көл
4) Жұмбақ
Қыста шыны боп қатады,
Жылыда су болып жатады.
Шешуі: мұз
5) Жұмбақ
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Бірақ тыныш тұрмайды.
Сақтамасақ егер де,
Барлық тірлік тоқтайды. Бұл не?
Шешуі: су
6) Жұмбақ
Күн астында көк шұбар,
Одан асау жоқ шығар.
Жарытпайды қоныстап,
Тұра алмайсың, оны ұстап.
Шешуі: өзен
Негізгі қорытынды
Жұмбақтардың шешімдерінің барлығы судың табиғаттағы әртүрлі көріністерін сипаттайды. Демек, бүгінгі жаңа тақырып — Жердің су қабығы: гидросфера.
Гидросфера дегеніміз не?
Гидросфера — Жердің су қабығы. Ол мұхиттар мен теңіздерден, өзендер мен көлдерден, жер асты суларынан, батпақтардан, мұздықтардан және атмосферадағы су буынан тұрады. «Гидро» сөзі грек тілінен аударғанда «су» деген мағынаны білдіреді.
Судың негізгі қоры
Гидросферадағы судың шамамен 70–71% — мұхиттар мен теңіздердегі тұзды су.
Су қорының көлемі
Гидросфераның негізгі бөлігі: 1322 млн км³ — дүниежүзілік мұхиттың тұзды суы, 38 млн км³ — тұщы су.
Гидросфераның құрамдас бөліктері
Су туралы қысқаша
Су — сутегі мен оттегінің қосылуынан түзілетін, табиғатта кең таралған ерекше зат. Су тіршілік иелерінің негізгі құрамдас бөлігі және тазалық үшін де аса қажет. Өнеркәсіпте (зауыттар, фабрикалар) көптеген үдерістер суға байланысты жүзеге асады.
Судың агрегаттық күйлері
Сұйық күйі
Көлдер, өзендер, теңіздер, мұхиттар.
Қатты күйі
Мұз, қар, қылау, қырау, бұршақ.
Газ күйі
Тұман және көзге көрінбейтін ұсақ су тамшылары (су буы).
Судың ерекше қасиеттері
-
Су салқындаған кезде ұлғаяды; сондықтан мұздың тығыздығы төмен болып, мұз суға батпай қалқып жүреді.
-
Су — жақсы еріткіш; көптеген заттар суда ериді.
-
Су энергия көзі ретінде де маңызды (мысалы, су электр станциялары).
-
Судың емдік және тұрмыстық маңызы зор.
Бекіту: 5 минуттық диктант
- Гидросфера — ...
- Жер шарындағы судың ... мұхиттар мен теңіздердің үлесіне тиеді.
- Құрлық сулары — ..., ..., ...
- Су табиғатта ... күйде ..., ..., ... түрінде кездеседі.
- Ауадағы көзге көрінбейтін ұсақ су тамшылары — ...
- Су салқындаған кезде ... және ... болады.
Мақал-мәтелдерді толықтыр
Су басынан __________ сұрауы бар.
Сулы жер — __________, арамдық жоқ.
Судың да __________ бұзылады.
Ағын суда — __________, нулы жер.
Тапсырма: бос орындарды толтырып, әр мақалдың мағынасын түсіндір.
Қосымша сұрақтар (талдау және түсіндіру)
- Неліктен тұз бен қантты қасықпен араластырғанда тез ериді?
- Неліктен мұз су бетінде батып кетпей, қалқып жүреді?
- Неліктен кейбір өзендердің табаны құмды болса да, су жерге толық сіңіп кетпейді?
- Көктемде қар тегіс жерде ме, әлде орманда тез ериді? Неліктен?
- Неліктен өзендер үнемі ағып жатады және неге таусылып қалмайды? Өзенді толықтыратын су қайдан келеді?
- Судың үш агрегаттық күйін ата.
- Қандай жағдайда су бір күйден екінші күйге ауысады?
- Судың ластану көздерін ата.
- Судың қасиеттерін ата.
- Суда еритін заттарға мысал келтір.
- Табиғаттағы судың рөлі қандай?
Оқиға: «Су қайдан келеді?»
Аулада ойнап жүрген Ерлан шүмектен ағып тұрған судан: «Сен қайдан келдің?» — деп сұрайды. Су: «Алыстағы мұхиттан келдім», — дейді.
Содан кейін Ерлан шөп үстіндегі шықтан да сұрайды: «Сен қайдан келдің?» Шық: «Мен де мұхиттан келдім», — дейді.
Кешке қарай аулаға тұман түседі. Ерлан тұманнан да сұрайды: «Тұман, қайдан келдің?» Тұман: «Мен де басқа сулар сияқты алыстағы мұхиттан келдім», — деп жауап береді.
Үйдің жанындағы газдалған су сататын жерден бір стақан су алып, Ерлан: «Көпіршіген су, сен қайдан келдің?» — дейді. Су: «Сенсең, досым, мен де мұхиттан келдім», — дейді.
Ерлан таң қалады: мұз да, қар да, су тамшысы да, сорпа да, жаңбыр да — бәрі «мұхиттан келдім» деп жауап береді.
Сұрақтар
- Әңгімеде судың қандай күйлері аталған?
- Судың қатты күйін қай жерден көруге болады?
- Біздің шүмектен аққан су қайдан келеді?
Бағалау (ұпай жинау жүйесі)
Әр дұрыс жауап үшін 1 ұпай беріледі. Сабақ соңында ұпай саны есептеледі:
5 (өте жақсы)
13–15 дұрыс жауап
4 (жақсы)
8–12 дұрыс жауап
3 (қанағаттанарлық)
5–7 дұрыс жауап
Үй тапсырмасы
§19. «Гидросфера және оның құрамдас бөліктері. Судың қасиеттері»
Құрастырған: Таласбаева Динара Елеусізқызы
Мойынқұм ауданы, А. Назарбеков ауылы, Ә. Молдағұлова мектебі