Ыбырайды тәрбиелеген атасы

Ашық сабақ (5 «А», 5 «Б» сыныптары)

Сабақ тақырыбы: §37. Ыбырай Алтынсарин — ағартушы, педагог

Сабақтың түрі

Аралас сабақ: баяндау, сұрақ-жауап.

Құрал-жабдықтар

  • «Абай — Ыбырай» буклеті
  • Үлестірмелер
  • Электронды тақта

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушыларға қазақтың ірі ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин туралы, оның еңбегі, шығармашылық мұрасы мен ағартушылық қызметі жайында мәлімет беру.

Дамытушылық

Ыбырай еңбектері арқылы білімді тереңдету, танымдық көзқарасты нығайту, шығармашылық ізденісті жетілдіру.

Тәрбиелік

Ыбырай мұрасын үлгі ете отырып, оқушыларды еңбекқорлыққа, адамгершілікке, іскерлікке тәрбиелеу; достыққа, ынтымаққа баулу.

Сабақ кезеңдері

  1. 1Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2Үй тапсырмасын тексеру
  3. 3Жаңа тақырыпты түсіндіру
  4. 4Жаңа тақырыпты бекіту
  5. 5Бағалау
  6. 6Үйге тапсырма

Үй тапсырмасын тексеру

(Абайдың портреті жасырылған. Оқушылар сұрақтарға жауап берген сайын портрет біртіндеп ашылады.)

Сұрақтар

  • Абай қай жылдары өмір сүрген?
  • Абай кім?
  • Абайдың қай өлеңін жатқа білесің?
  • Абайдың қандай шығармалары бар?

Жаңа сабақ: Ыбырай Алтынсарин (1841–1889)

Қысқаша дерек

Ыбырай Алтынсарин — ағартушы, педагог, жазушы, ғалым, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысындағы Торғай өңірінде дүниеге келген.

Негізгі ұстаным

Алтынсариннің басты мақсаты — қазақ балаларына сапалы білім беру, халықты оқу-білімге үндеу және мектеп ісін жүйелі дамыту.

Балалық шағы және білім алуы

Әкесінен ерте айырылған Ыбырайды атасы Балқожа би тәрбиелейді. 1857 жылы Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы мектепті алтын медальмен бітіріп, орыс, татар, парсы тілдерін меңгереді. Оқуын аяқтаған соң атасы Балқожа бидің хатшысы болып, тілмаштық қызмет атқарады.

Ұстаздық жолы және мектеп ашу ісі

1864 жылы Торғайда қазақ балаларына арнап ашылған мектепте мұғалім болады. Қаражаттың тапшылығы, мектеп үйі мен оқу құралдарының жетіспеуі оны тоқтатпайды: ауыл-ауылды аралап, білім беретін мектептердің маңызын түсіндіреді. Қаржы жинауды өзі бастап, Балқожа бидің еншіге берген малын сатып, қаражатын мектеп салуға жұмсайды. Оқу орны тапшы кезде балаларды өз үйіне жатқызып оқытады.

Озық тәжірибе және оқулық жазу

Петербург пен Қазан қалаларына барып, орыс ағартушыларының еңбектерімен және халыққа білім беру жүйесімен танысады. Осы тәжірибеге сүйене отырып, қазақ балаларына арналған оқулықтар құрастырумен айналысады.

«Қазақ хрестоматиясы» және ағартушылық мұрасы

1879 жылы Ыбырай Торғай облысындағы мектептердің инспекторы болып тағайындалады. Сол жылы Орынборда оның алғашқы қазақ тіліндегі оқулығы — «Қазақ хрестоматиясы» жарық көрді. Бұл кітапқа енген өлеңдер мен әңгімелердің тәрбиелік әрі білімдік мәні жоғары болды.

Оқулықтағы кең танылған туындылар

  • «Кел, балалар, оқылық!»
  • «Өнер-білім бар жұрттар»

Бұл шығармалар шәкірттерді Отанды сүюге, адамгершілікке және ізгі тәрбиеге үндейді.

Қыздар білімін қолдау

Ыбырай қазақ даласында алғашқылардың бірі болып қыз балаларды білімге тартты. 1887 жылы Ырғызда жанында интернаты бар қыздарға арналған мектеп ашты.

Жазушылық және аударма

Алтынсарин — жазушы. Қазақ балаларының жас ерекшелігіне лайық, түсінікті тілмен әңгімелер жазды. Сонымен бірге орыс тіліндегі балаларға арналған көптеген шығармаларды қазақ тіліне ықшам әрі жеңіл аударды.

Қорытынды мәні

Ыбырай Алтынсарин 48 жасында өмірден озса да, келер ұрпаққа мол мұра қалдырды. Оның еңбегі қазақ халқының мәдени-рухани дамуына және озық білім мен өркениетке ұмтылуына зор ықпал етті.

Жаңа сабақты бекіту

Бекіту сұрақтары

  1. 1 Ыбырайдың балалық шағы туралы әңгімелеп бер.
  2. 2 Ы. Алтынсариннің қазақ даласында оқу-білім таратуда атқарған қызметін қалай бағалайсың?
  3. 3 «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін жатқа айта аласың ба?
  4. 4 Қазақ қыздары арасында оқу-білім таратудағы Ыбырайдың рөліне баға бер.

Тапсырма №1

«Ыбырай кім?» — жаңа тақырып бойынша білгеніңді қысқаша жаз.

Рефлексия

Не білдік? Не үйрендік?

Тапсырма №2 — Кітаппен жұмыс (тест)

1) Ыбырай Алтынсарин қазақ қыздарына арнап мектепті қай жерде ашты?

  • A) Торғай
  • Ә) Ырғыз
  • Б) Қостанай
  • В) Семей

2) Ыбырай Алтынсариннің атасы кім?

  • A) Оспан
  • Ә) Балқожа би
  • Б) Қайыр хан
  • В) Төле би

Тапсырма №3 — Хронологиялық кесте

Жыл Болған оқиғалар
1841
1857
1864
1879
1887
1889

Тапсырма №4 — Сұрақтарға жауап

Бос орынға дұрыс жауапты жаз.

1) Ыбырайды тәрбиелеген атасы — Балқожа би

2) Ыбырай қай жердегі мектепті бітірді? — Орынбор

3) 1887 жылы интернаты бар қыздар мектебін қай қалада ашты? — Ырғыз

4) 1864 жылы қай қаладағы мектепке ұстаз болды? — Торғай

5) «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар…» — авторы кім? Ыбырай Алтынсарин

Тапсырма №5 — Семантикалық карта

Тақырып бойынша семантикалық картаны толтыр.

Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен тапсырмаларды орындауына қарай бағалау жүргізіледі.

Үйге тапсырма

  • §37 — кестені толтыру.
  • Кітапханадан қосымша дерек жинап, «Қазақ халқының ағартушы ғалымы — Ыбырай» тақырыбында шығарма жазу.