Жасы кішілермен амандасу

Тәрбие жұмысының мақсаты

  • Оқушыларды ізеттілікке, сыпайылыққа, әдептілікке және достыққа тәрбиелеу.
  • Оқушылардың сыйластық қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
  • Үлкендермен амандасуға, бір-бірімен сәлемдесуге, бір-біріне ізет пен сый-құрмет көрсете білуге үйрету.

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Слайдтар
  • Жүрекшелер, шарлар
  • Көңіл-күй топтамасы

Жүру барысы

  1. 1 Ұйымдастыру.
  2. 2 Мұғалімнің кіріспе сөзі.

Сәлемдесудің мәні мен мәдениеті

«Сәлем» сөзі араб тіліндегі «ассалам» — тыныштық, бейбітшілік мағынасынан шыққан. Шын мәнінде, әдеп пен адамгершілік көбіне амандасудан басталады.

Неге амандасамыз?

  • Кездескен сәттегі үнсіздікті жою үшін.
  • Аман-есен жүздескенімізге қуаныш білдіру үшін.
  • Ниетіміздің ақ, адал, таза екенін аңғарту үшін.

Мұсылман қауымында амандасу көбіне «Ассалаумағалейкум» сөзінен басталады. Жасы кіші адам жасы үлкенге алдымен сәлем береді. Ал сәлем қабылдаушы «Уағалейкумассалам» деп жауап қайтарады.

Қазақ дәстүріндегі ерекшелік

Қазақ халқында сәлемдесу рәсімдері терең мағыналы. Әсіресе, үлкенге сәлем беру — жауапты әдеп. Бұрын кез келген адамға кез келген уақытта арнайы барып сәлем бере бермеген: көбіне жасы үлкен, елге сыйлы адамдарға ғана уақыт бөліп, арнайы сәлем беруге барған. Сондай-ақ оқу, әскер немесе сапардан оралған адам үлкендерге сәлем беріп шығуды борыш санаған.

Қалай амандасамыз?

Үлкендермен

Егер жасы үлкен кісі (ата жастағы, аға жастағы) кездессе, қай жерде жолықсаң да бұрылып, қасына барып амандасу орынды. Ер адамдар үлкен кісіге: «Ассалаумағалейкум, ата!» немесе «Ассалаумағалейкум, аға!» деп сәлем береді. Сәлем алушының екі қолын немесе бір қолын беруі — әбестік емес.

Жасы қатарлармен

Қатар құрбы кездессе, кім бұрын ыңғайланса да амандаса беру артық емес. Екеуі бір мезгілде амандасуға ұмтылса — бұл сыпайылықтың белгісі. Көбіне «Сәлеметсіз бе?» деп амандасады.

Жасы кішілермен

Жасы кішілермен көбіне «сәлемдесу» емес, «амандасу» түрінде сөйлеседі. Кейде жас адам байқамай сәлем бермей қалуы мүмкін. Ондайда үлкен кісі: «Ау, пәленше жан, амансың ба? Үлкен жігіт болыпсың ғой» деп өзі бастап амандасады. Сол сәтте жас адам «Байқамай қалыппын, ассалаумағалейкум» деп сәлемін толықтырса — жарасымды.

Үйге кіргенде: «шаңыраққа сәлем»

Бір үйге кіргенде, үй иелері жасы кіші болса да, сырттан кірген адам «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп кіруі керек. Мұны «шаңыраққа сәлем беру» дейді. Қазақ ұғымында шаңырақ әрдайым қастерлі саналған. Содан кейін үй ішіндегілер жасының ретіне қарай өзара амандасады. Бұл — кішінің үлкенді сыйлау борышы екенін еске салады.

Оқушылар пікірі және нақыл сөздер

Оқушы ойы

«Әкем: “Үлкен кісіні көрсең, оны танысаң да, танымасаң да, алдымен сәлем бер” деп отырады».
1-оқушы: Айдос
«Төле би: “Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал орнынан тұрып сәлем береді” деген».
2-оқушы: Асылзат

Мұғалім сұрағы

Қандай жағдайларда сәлем беруге тыйым салынады?

Бұл сұрақ әдептің тек форма емес, жағдайға сай ойлануды талап ететінін еске салады.

«Ақыл әліппесі» (өсиет жолдары)

Ата-ананың тілегі — адам болып өскенің.

Адамдықтың белгісі — адал болып өскенің.

Әдептілік дегенің — әрқашанда керегің.

Әсемпаздық дегенің — әуре-сарсаң әлегің.

Тәртіпті бала — сүйеніш, төбең көкке жетеді.

Тәртіпсіз бала — күйініш, төмендеп басың кетеді.

Кім үлкенді тыңдаса, кім үлкенді сыйласа —

Үлкен болған кезінде сыйлы болмақ өзі де.

Атам маған әманда кішіпейіл бол деген.

Ата сөзі санамда, мақтанбауды жөн көрем.

Алдын орап кісінің, кесіп өтпей көлденең.

Ізетімен кішінің, сәлемдесіп қол берем.

Атам маған әманда әдепті жан бол деген.

Ата сөзі санамда, жасы үлкенге жол берем.

Көршілерді көргенде, сыйлап сәлем беремін.

Есіңде болсын

Сыныпта

  • Сыныпқа кіргенде әуелі мұғаліммен, содан соң сыныптастарыңмен амандас.
  • Сыныпқа үлкендер кірсе, орныңнан тұрып амандас.

Күнделікті ортада

  • Көліктен түсіп амандас.
  • Көршілеріңмен жылы амандас.
  • Көп адам жиналған жерден сәлемдеспей өтпе.