Музыка - дыбыс өнері

Сабақ туралы мәлімет

Өңір
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы
Білім ордасы
Жансүгіров атындағы орта мектеп
Пән
Музыка
Мұғалім
Сапарғалиева Айгүл Мантиқызы
Сабақтың тақырыбы
Музыка тілі

Мақсаттар мен күтілетін нәтиже

Жалпы мақсат

Оқушыларды музыка әлеміне жетелеп, музыка тілінің құдіретін сезімталдықпен ұғындыру; музыка арқылы эстетикалық талғам қалыптастыру.

Білімділік

  • Кәсіби композиторлардың шығармаларын тыңдау арқылы музыка мен өмірдің тығыз байланысын түсіндіру.
  • Ән үйрету барысында дауыс жаттығуларын орындау.
  • Саралау сұрақтары арқылы дыбысты ажырату және елестету қабілетін жетілдіру.

Дамытушылық

  • Музыкалық шығарманы талдау және баға беру дағдыларын қалыптастыру.
  • Интонацияны таза сақтап орындауға назар аударту.
  • Көрнекіліктер арқылы әсер мен ойды жүйелі жеткізуге машықтандыру, сөйлеу мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік

Музыкалық туындыларға қызығушылық оятып, эстетикалық және мәдени құндылықтарды бойға сіңіру.

Сабақ құрылымы

  1. 1 Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2 Жаңа білімді қалыптастыру
  3. 3 Музыка тыңдау
  4. 4 Дауысқа жаттығу жасау
  5. 5 Ән орындату
  6. 6 Үй тапсырмасын сұрау
  7. 7 Сабақты қорытындылау
  8. 8 Бағалау
  9. 9 Үйге тапсырма беру

Сабақтың барысы: «Музыка тілі»

Кіріспе диалог

Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Оқушылар: Сәлеметсіз бе, апай!

Мұғалім: Бүгін біз музыка әлеміне саяхат жасаймыз. Музыка — дыбыс өнері. Ол бізді қоршаған ортадағы және табиғат аясындағы көптеген дыбыстар мен шуды жаңғыртып, бейнелей алады: күннің күркірі, құстардың үні, желдің гуілі, қоңырау сыңғыры, ұшқан араның ызыңы, ат тұяғының дүбірі, сылдырап аққан бұлақ, теңіз толқындарының шуылы.

Тыңдалым

Латиф Хамиди — «Бұлбұл әні» (орындаушы: Бибігүл Төлегенова)

Мұғалім: Бұл ән сендерге қандай әсер қалдырды?
Оқушылар: Бұлбұл құсының сайрағанын естігендей болдық.

Мұғалім: Дұрыс байқадыңдар. Әнші апамыздың әсем үні бұлбұлдай сайрап, табиғат үндерімен үндескендей әсер береді. «Бұлбұл әні» бізді дыбыс әлемінің көкжиегіне жетелейді.

Ойланайық: Егер көңілің түсіп тұрған сәтте көңілді музыка ойнаса, қандай күйге енесің?

Оқушылар: Көңілденеміз, күлеміз, билегіміз келеді.

Қорытынды: Музыка адам жан-күйін өзгерте алады.

Мұғалім: Ал музыканы тыңдайтын адамды қалай атаймыз?
Оқушылар: Тыңдаушы.

Музыка тілінің әмбебаптығы

Тыңдалым 1

Орыстың халық әні — «Калинка» (сырнаймен)

Тыңдалым 2

Қазақ әні — «Қамажай» (әуені)

Сұрақ: Екі әуеннің ұқсастығы қандай?
Жауап: Екеуі де көңілді.

Сұрақ: Бұл шығармалар қай халықтікі?
Жауап: Орыс және қазақ халықтарының шығармалары.

Негізгі ой: Музыкалық әсер ұлтқа бөлінбейді. Тілді түсінбесе де, адам әуеннің қуанышын не мұңын музыка тілі арқылы сезіне алады.

Аңыз күй: «Ақсақ құлан»

Тыңдалым

«Ақсақ құлан» (күй)

Сарыны

Басталуы жігерлі, орта тұсы мұң мен қайғыға ұласатындай.

Елестету

Кең далада аттар шауып бара жатқандай әсер береді.

Күйдің ішкі күйі

Тынышсыздық, алаңдаушылық сезіледі.

Бұл — «Ақсақ құлан» атты аңыз күй. Негізгі кейіпкерлері: Шыңғыс хан, оның ұлы Жошы, күйші және құландар.

Аңыздың қысқаша мазмұны

Жошы құлан аулауға құмар болады. Бір күні ханзадa әкесінен жасырын аңға шығып, жайылып жүрген құландарды атады. Бұған ашуланған көсем құлан оны қос тұяғымен теуіп, айдалада мерт қылады. Ұлы оралмаған соң, бір сұмдықты сезген Шыңғыс хан жаман хабарды естуге дәті бармай: «Кімде-кім баламның өлгенін естіртсе, аузына қорғасын құямын», — деп жарлық етеді. Ешкім айтуға батпайды. Бір күні хан алдына домбыра ұстаған күйші келеді. Күйші тіл қатпай, күй тартады. Әуеннің ырғағынан хан бәрін түсінеді: бір сәт домбыра адамша зарлап, жылайды. Сонда хан «жалғыз ұлымның мерт болғанын естірттің» деп, домбыраның көмейіне балқыған қорғасын құйғызады.

Түйін: Бұл оқиғада қара сөз айтылмаса да, Шыңғыс хан шындықты музыка тілі арқылы ұғынды. Күйді жеткізген негізгі аспап — домбыра.

Аңыз күй және қобыз үні: «Қасқыр»

Домбырадан бөлек қандай музыкалық аспаптарды білесіңдер? Оқушылар жауап берген соң, қобыз аспабында орындалатын аңыз күйге назар аударамыз.

Тыңдалым

Ж. Қаламбаев — «Қасқыр» (қобыз)

Табиғат, маусым және шабыт

Сұрақ-жауап

Қазір жылдың қай мезгілі? Күз.
Күзде қандай құбылыстар болады? Жеміс-жидек піседі, жапырақ сарғаяды, күн салқындайды, құстар жылы жаққа ұшады.

Жыл мезгілдерінің ауысуы мен табиғаттағы өзгерістер ақын-композиторлардың шабытын оятып, ән мен күй тудырады.

Тыңдалым

Н. Тілендиев — «Құстар әні» (Еркін және Жанель Нұржановтардың орындауында)

Ән үйрену және дауыс жаттығуы

Енді музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен жаңа ән үйренеміз. Алдымен дауысымызға жаттығу жасап алайық.

Үйренетін ән

Т. Молдағалиевтың өлеңіне жазылған Т. Базарбаев — «Қаздар қайтқанда»

Әлемдік музыка: Вивальди және «Күз»

Вивальди — 1678–1741 жылдар аралығында өмір сүрген итальян композиторы. Ол жылдың төрт мезгіліне арнап «Жыл мезгілдері» атты төрт циклдан тұратын концерттер жазды. Бұл туынды бірнеше ғасыр өтсе де, өз құндылығын жоғалтпай, мәңгілік мұра ретінде бүгінге жетті.

Тыңдалым

А. Вивальди — «Күз»

Бұл шығарма арқылы да музыка тілінің адамзатқа ортақ екенін тағы бір мәрте байқаймыз.

Шығармашылық тапсырмалар

Вивальдидің «Күз» шығармасын тыңдай отырып, алған әсерімізді әртүрлі өнер түрі арқылы бейнелейік.

1-топ

Бейнелеу өнері: сурет/композиция

2-топ

Шағын эссе: көңіл күй, көрініс, ой

3-топ

Көркем сөз: өлең/шағын мәтін

Оқушылардың жауаптары тыңдалады. Соңында бүгінгі сабақтан не үйренгенін және нені білгісі келетінін стикерге жазып қалдырады.

Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы

Бүгін біз музыка әлемінің толқынында бірге жүздік. Сабақты Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйімен әрлейміз. Ерекше жауаптарымен көзге түскен оқушылар жоғары бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • «Қаздар қайтқанда» әнін жаттау.
  • «Көңіл толқыны» күйін қайта тыңдап, туған сезім мен қиялды жазбаша түрде қағаз бетіне түсіру.