Алдаркөсенің алдауы

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Баршақұм орта мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі: Шамбаева Акзада Боранбаевна

Пән

Әдебиеттік оқу (4-сынып)

Сабақтың тақырыбы

Алдаркөсенің алдауы

Сабақтың түрі

Жаңа сабақ

Пәнаралық байланыс

Математика, дүниетану

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушылардың Алдаркөсе туралы білімін кеңейту, ізденіс арқылы жаңа тақырыпты меңгерту.

Дамытушылық

Өзіндік ізденісті, ойлау қабілетін дамыту; сөздік қорын молайту; сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, өз пікірін ашық әрі еркін жеткізуге жағдай жасау.

Тәрбиелік

Адамгершілік құндылықтарды нығайту, жақсы мен жаманды ажыратуға үйрету, адалдық пен ізгі қасиеттерді бойға сіңіруге ықпал ету.

Әдістер мен құралдар

Сабақтың әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелеу, түсіндіру
  • «Екі түрлі күнделік» толтыру
  • Тірек сызбалармен жұмыс

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • «Аңыз адам» журналы

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

Психологиялық дайындық: амандасу, түгендеу, оқушылардың зейіні мен назарын сабаққа шоғырландыру.

Ынтымақтастыққа арналған шумақ

Әрбір адам — туысым, досым, жұрағат.

Әрбір сабақ — үйрену, ұғу, ұлағат.

Әрбір ісің — тірлік, тірек, адамдық.

Әрбір сөзің — шындық, бірлік, адалдық.

Жақсы қасиеттерді бойымызға сіңіре отырып, бүгінгі сабағымызды бастайық.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Қожанасыр әңгімелерінен:

  • «Қирап қалған қиял»
  • «Шөлдеген екенсің…»
  • «Кітап ескірмейді?»

Өтілгенді пысықтау

  • Қожанасыр қиялындағы байлықты есептеуге көмектесу.
  • «Қожанасыр қиялын іске асыра алады» деген пікірге көзқарас білдіру.

Қожанасырға мінездеме (тірек ойлар)

  • Күлдіре отырып ойлантады.
  • Аңқау адам кейпінде көрінеді.
  • Халық ауыз әдебиетінің мұрасы.
  • Жамандықтан аулақ болуға үндейді.

Қызықты деректер

«Жиырма төрт Қожанасыр»: Қожанасырды әр ел әрқалай атайды — бұл бейненің кең таралғанын көрсетеді.

Қожанасыр ескерткіштері қойылған қалалар: Мәскеу, Түркия, Бұхара, Анкара, Бельгия, Алшехир.

Қожанасыр туралы шығармалар адам мінезіндегі кемшіліктерді сынап, тәрбиелік мән береді. Тапқыр да күлкілі әрекеттері арқылы жас ұрпақты жаман қылықтан сақтандырады.

III. Жаңа сабақты түсіндіру

1) Кіріспе: «Ой шақыру»

Күлдіргі, көңілді, бала мінезді, қызық мінезді — мұндай адамды халық жақсы көреді. Қожанасырмен бірге аты аталатын, шындық пен әділеттілік үшін күресетін халыққа жағымды кейіпкер кім?

Жауап: Алдаркөсе.

2) Алдаркөсенің алғашқы қадамы

«Қазақ ертегілері» (1964) жинағының үшінші томында «Алдардың тууы» атты аңыз бар. Аңыз бойынша, Алдардың әкесі Алдан — момын, адал еңбегінің ақысын ала алмай, әділдік іздеген жан. Сол қиын кезеңде дүниеге келген ұлына: «Алдаушылар көбейген заманда туды ғой. Мені алдаған арсыздар баламды алдамасын. Көп асауға бір тұсау болсын, алдаушыларға тұсау болсын» деп, атын Алдар қояды.

Халық «Адам өз атына сай өмір сүреді» дейді. Алдар да тілі шығып, тәй-тәй басқаннан-ақ есесін жібермейтін ақылды, алғыр болып өседі.

Талқылау сұрақтары

  • Алдардың мақсаты не болды?
  • Ол кімдерді алдады?

Алдаркөсе өзінен басқа ешкімді ойламайтын, ел-жұртына пайдасы жоқ, санасыз әрі сараң адамдарды алдап, солардан кек алады.

3) Алдаркөсе әңгімелері неге өміршең?

Алдаркөсе — халықтың өзі тудырған күрескер бейне. Мұндағы алдау — кейіпкердің күрес құралы. Ол әрі данышпан, әрі қарапайым: қарапайым сөз бен іс-әрекет арқылы адам бойындағы надандық пен кемшілікті келемеждеп, ой салады.

Басты қаруы

Сөз

Сөз құдіреті арқылы қарсыласын өз кемшілігін мойындатуға жетелейді.

Қасиеті

Тапқырлық, шешендік

Тапқырлығы — ақылдан, шешендігі — ойдан туады.

Бағыты

Ойшылдық, сыншылдық

Әрбір әрекетінде әлеуметтік ой, әділетке ұмтылыс бар.

Егер Алдар бар ісін тек өз пайдасына жаратса, халық сүйіктісіне айналар ма еді? Халық оған алғырлық пен тапқырлықты, қулық пен айланы әділетке қызмет ететін құрал ретінде бағалаған.

4) Оқулықпен жұмыс

Оқу түрлері

  • Іштей оқу
  • Тізбектей оқу

Мәтін бөліктері

  • «Үш сом»
  • «Алдардың Шығайбайды тағы бір алдауы»

Сөздік жұмысы

Сараң
Ешкімге ешнәрсе бермейтін, тар адам.
Қорқау
Қомағай, тойымсыз.

Мәтін бойынша сұрақтар

  • Алдаркөсе «Үш сом» әңгімесінде қойды қалай сатып алды?
  • Оның Шығайбайды алдағанына көзқарасың қандай?
  • Алдаркөсе қандай адам?
  • Қожанасыр мен Алдаркөсенің ұқсастығы мен айырмашылығы неде?

5) Сергіту сәті

Мен Алдармын, Алдармын,

Сақалыңды талдармын.

Сақал түгіл, мұрт та жоқ,

Мендей қулық елде жоқ.

Мен көсемін, көсемін,

Сусыз жерде өсемін.

Өтірікті бөсемін,

Сондықтан да көсемін.

6) Көркем жазу және ой түю

«Алдар аты — күлкі аты, күлкіге өлім жоқ. Ендеше, сол күлкі өшпейтіндей, Алдар да өлмес жан бейнесінде әңгімеленуі шарт».

Академик-жазушы М. Әуезов

Адам баласы қашанда күлкінің таусылмауын тілейді. Өйткені күлкі бар жерде өмір бар. Күлкі — жаманшылыққа, түрлі дертке қарсы қолданылатын қуатты құрал; оның мақсаты — адамды тәрбиелеу, жұртқа үміт сыйлау. Қиын кезеңдерде күлкі еңсені көтеріп, рухты күшейтеді.

Дегенмен күлкінің де түрі көп. Ата-бабамыз орынсыз күлкіден тыйып, күлкінің әлеуметтік мәніне ерекше назар аударған. Соның дәлелі — халық ауыз әдебиетіндегі күлдіргі әңгімелер мен күлдіргі кейіпкерлер. Солардың бірегейі — Алдаркөсе.

Алдаркөсе туралы әңгімелер қоғамдағы келеңсіздіктерге, адам бойындағы жат қылықтарға қарсы бағытталған ойлы күлкіге құрылады.

IV. Қорытынды

Драма

Шахмет Құсайынов

«Алдаркөсе» пьесасы (1972).

Кино

Шәкен Айманов

Қазақ киносының негізін қалаушылардың бірі; Алдар бейнесін сомдаған.

Кейінгі экрандау

Бақытжан Әлпейісов

Араға ұзақ уақыт салып түсірілген нұсқада Алдар рөлін орындаған.

Талқылау

  • Фильмнен сізге ерекше ұнаған қандай көріністер болды?
  • Егер сіз кейіпкер рөлін ойнасаңыз, қандай қызық оқиғаны баяндап берер едіңіз?

Алдаркөсе туралы қала деректері

  • Алматы қаласында Алдаркөсе атындағы көше бар.
  • Наурызбай мен Қабанбай саябақтарында Алдаркөсеге арналған ескерткіш бар.

«Екі түрлі күнделік» әдісі

Мәтіндегі әсер еткен тұстар

Оқушы өзіне ерекше әсер еткен үзінділерді белгілеп, қысқаша түсіндіреді.

Қандай сұрақтарың бар?

Оқушы мәтін бойынша ойландырған тұстарын сұрақ түрінде жазады.

Алдаркөсе туралы әңгімелер — тарихи тамыры терең, шындыққа жақын, өміршең туындылар. Бүгінгі күні жанымызға жат құндылықтар жан-жағымыздан арбаған сәтте, ұлттық болмысты сақтайтын мұраның қадірі арта түседі. Алдаркөсе — халыққа қызмет еткен ойлы күлкінің символы.

Тілегіміз: ұлтымыздың төл туындысы түлей берсін.

V. Үй тапсырмасы

  • «Үш сом»
  • «Алдардың Шығайбайды тағы бір алдауы»

VI. Бағалау

Бағалау «Екі түрлі күнделік» әдісі арқылы жүргізіледі:

  • Мәтіндегі әсер еткен тұстар
  • Қандай сұрақтарың бар?