Солдат хаты
Қысқа күлкілі әңгімелер жинағы
Ауыз әдебиеті үлгісіндегі шағын мысалдар мен қалжың оқиғалар. Мәтін редакцияланып, тынысы ашық оқылымға келтірілді.
Өсиет
Бір алпауыт, асқан бай өлер алдында былай деп өсиет айтыпты: «Жоғалған екі өгізім бар еді. Егер табылса, ұлыма қалсын. Табылмаса да оқасы жоқ — ұнатқан бір қызметшіге берерсіңдер».
Жаңа намаз
Атақты Шүкір — қарақшы ұрлаған атты әкеліп, қораға қамап қойыпты. Үйге кіргені сол еді, далаға қараса урядниктер келе жатыр екен. Шүкір тез арада жайнамазын жайып, қыблаға қарап тұра қалып, айқайлағандарға құлақ қаққандай дауыстап құран оқыған сыңай танытып, келініне былай депті:
«Хаййя — ғалас — саалат,
Қорада тұр ала-а-ат.
Маһира келін! Ал, қақпаны жап,
Үй артына атты ұза-а-ат!
Алаху әкбар!»
Келін сыртқа шығып, атты босатып жібереді. Шүкір намазын бітіріп тұрған кезде, урядниктерді енді ғана көрген кісідей: «Бәрекелді! Қонақтар келіп қалған білем, кешірім етіңіздер», — деп дастархан әзірлетіпті.
Ақыл — амал
Бір әлжуаз бүкір кісі бұрылыстан өтіп бара жатса, бір бала тас лақтырып ұрыпты. Әлгі бүкір баланы шақырып алып, азын-аулақ ақша беріпті де: «Әй, ақылдым! Зулатып-ақ атады екенсің», — дейді.
Алдарынан өтіп бара жатқан таза киімді кісіні көрсетіп: «Менен анау бай болса керек. Оны да қадап ұр! Соған бар, мүмкін көбірек берер», — дейді.
Бала бұл сөзге иланып, әлгі кісіге де тас атыпты. Ана кісі баланы ұстап алып, сазайын беріпті.
Міне, саған жәрдем!
— Достым Мұртаза, он сом ақша бере тұрмайсың ба? Өте қажет еді.
— Он сом неге жетеді? Сенің көбірек сұрауға да қақың бар!
— Әйтпесе, достым, елу сом бере ғой.
— Әрине, одан да көбірек сұрай аласың. Қайтейін, менің бір тиын да ақшам жоқ.
Офицерді алдаған солдат
Бұрынғы заманда бір солдат қызметтен қайтып келе жатып, бір үйге кіріпті. Ол үйге бірнеше офицер тоқтаған екен. Солдат офицерлерге білдірмей қазанды ашып қараса, қаз асулы тұр екен. Қазды қапшығына салып, орнына шәркей салып қояды.
Офицерлер: «Сенің командирің кім еді?» — деп сұрайды. Солдат: «Бұрын Гусев болатын, кейін Лаптев болды», — дейді. Офицерлер Гусев пен Лаптевтің мағынасын солдат кетіп қалған соң ғана аңғарыпты.
Орынды сөз
Генерал әрбір бөлімді аралап жүріп, бір старшинаның кемшіліктерін байқап, оған өте қатты ұрсыпты. Старшина бір реті келгенде генералға ақырын ғана: «Жолдас генерал, сіз білесіз бе? Егер сіздің ұрысқаныңызды солдаттар екінші рет естісе, “Командирлер өзара тату емес екен”, — деп екеуміздің де абыройымызды төгуі мүмкін», — депті. Генерал ішек-сілесі қатқанша күліпті де, старшинаға кешірім жасапты.
Нақты жауап
— Хаким бауырым, әлгі берген қарызымды сұрай келдім. Адамды сандалта берме. Енді қайтарсаң қайтеді?
— Түк тиыным жоқ. Бәрі Хамдияның қолында.
— Онда көршілеріңнің бірінен ала тұрып, бере ғой.
— Міне, бұл ақылың — ақыл-ақ. Он сом бере тұршы?!
Қиын мәселе
Біреу бір кісіден: «Бал дәмді ме, шекер дәмді ме?» — деп сұрапты. Әлгі кісі: «Жеп көрмесем, қайдан білем? Әкеліңіз, жеп көрейін, содан соң айтармын», — дейді. Қарыны қатты ашқан екен.
Бір тостақ бал, бір тостақ шекер әкеледі. Қайдан тапқанын өзі біледі — қасық та алып келіпті. Балдан бір асайды, шекерден бір асайды. Сөйтіп тұрып, бәрін де жеп тауысқанда: «Жоқ, қайсысының дәмдірек екенін біле алмадым», — депті.
Сонда кірмегенде, қайда кіресің?
Бірнеше кісі зират қасынан өтіп бара жатып: «Анаған қара, зират ішінде балалар ойнап жүр», — десіпті. Сонда бір қорқақтау кісі: «Қорықпай зират ішіне неге кіреді екен? Мен өлсем де кірмес едім», — дейді. Ал бір палуан жігіт: «Өлсең, сонда кірмегенде, қайда кіресің?» — деген екен.
Шаш пен сақал неге ағарады?
Бір кісі досынан сұрапты: «Менің шашым ақ, сақалым қара. Ал керісінше, сенің шашың қара, сақалың ақ. Неге олай?» Досы: «Шаш пен сақалдың ағаруы — қатты жұмыс істегенінің белгісі. Сен басыңды қатты жұмыс істеткенсің. Мен ауыз бен жаққа тыным берген емеспін», — деп жауап беріпті.
Доңыз — яғни доңыз
Бір ызақор кісі біреуге қатты ашуланып, әлгінің үй жағына барып, есегіне «Доңыз!» деп жазып кетіпті. Келесі күні ана кісі өзі келіп: «Сіз кеше біздікіне барып, есіміңізді есекке жазып қалдырған екенсіз. Ол кезде мен үйде жоқ едім. Мұндай есімді кісінің қандай екенін көрейін деп келіп едім», — депті.
Білсең, сұрама
Жолда екі шаруа ұшырасады. Бірі пішен тиеп алып келе жатса, екіншісі орманға бара жатыр екен.
— Қайда бардың? — дейді бара жатқан.
— Отын алып келе жатырмын.
— Пішен басып алыпсың ғой.
— Білсең, несін сұрайсың? — депті қайтып келе жатқан.
Шамаң келсе, қуып жет!
Біреу моншада қымбат киім-кешегін қоятын орын таппай, еденге қойыпты да, үстіне «Бокс чемпионы» деп жазып кетіпті. Моншадан шықса, киімдері жоқ. Қараса, қағаздың екінші жағына: «Жүгіру чемпионы» — деп жазып қойыпты.
Өтіріктің өтеуі
Біреу тіс дәрігеріне жалған ақша төлепті де, сотта: «Мұның маған қойған тістері де өтірік», — деп ақталыпты.
Кім жалмауыз?
Бір күні біреу досымен отырып, құрма жепті. Үй иесі өзі жеген құрманың сүйегін ақырындап қонағының алдына үйе беріпті. Жеп болған соң: «Тіпті, жалмауыз екенсің ғой! Қанша құрма жегенсің? Қарашы, алдыңда қанша сүйек жатыр!» — дейді.
Қонақ: «Сен менен де өткен жалмауыз екенсің: құрмаларды сүйегімен жұтыпсың. Алдыңда бірде-бір сүйек көрінбейді ғой», — депті.
Олай да, бұлай да
Кейуана қатты ауырып жатыпты. Көрші әйелдер халін білуге барыпты. Ауру қатын: «Бір үлкен алма жегім келеді, әрдайым түсіме кіреді», — дейді.
Араларынан бір апай жұбатып: «Әй, апатай! Тіптен уайымдама. Өмірің жетсе — кез келген үйден сатып аларсың. Өмірің бітіп, өле қалсаң — ол жақта, жұмақта, өз қолыңмен үзіп алып жерсің», — депті.
Дұрыс жауап
Бір қыңыр кісіге сұрақ беріпті: «Ертеңгілік тұрғанда әтеш неге бір аяғын ғана көтереді?» Әлгі: «Айтасың-ау! Егер екі аяғын да көтерсе, отырған кермесінен омақа аспай ма?» — депті.
Әдіс
— Иә, қалай, достым? Ұйықтай алмаймын деп зарлап едің. Мен айтқан әдісті қолданып көрдің бе?
— Көрдім.
— Қаншаға дейін санадың?
— 17 420-ға дейін.
— Содан соң рахаттанып ұйықтаған шығарсың?
— Жоқ, жоқ-ә! Жұмысқа кететін кез келді.
Хорасан жалқаулары
Хорасанның үш адамы алма түбінде жатыр екен дейді. Ағашта уылжыған алмалар тұр екен. Сонда біреуі: «Шіркін-ай, ана алмаларды жесең!» — депті. Екіншісі: «Олар өздері үзіліп ауызға түсер ме еді», — депті. Үшіншісі: «Сөйлей беруге қалай ерінбейсіңдер?» — депті.
Ақырында өртенген
Ертеде екі жалқау болыпты. Екеуі де ештеңе істеп көрмепті. Қыстан қалған ескі сабанның үстінде ұйықтап жатыр екен. Кенет олар жатқан сабан өртене бастайды. Біреуі айқайлап: «Жанып барам, құтқарыңдар!» — дейді. Жолдасына өкпелі екіншісі: «Япырмай, дос! Мен үшін де айқайлай салсаң, нең кететін еді?» — депті.
Жалқау қыз
Бір өте жалқау қыз болыпты. Ешқашан жөндеп киінбейді, дұрыстап жуынбайды екен. Бір күні шешесі қонақ шақырып, қызына: «Қызым, киімдеріңді ауыстыр, беті-қолыңды жақсылап жу», — депті.
Қызы: «Шеше, қонақтар келмесе, менің киінгенім босқа кетпей ме?» — депті.
Демалу жоқ
Бір шаруа жұмыстан шаршап қайтады екен де, сәл тыныс алайын деп, төсекке қисаяды екен. Жантая кетсе, ұйқыға кетеді екен. Оянған соң әйеліне: «Тыныстайын деп жатам да, ұйқыға кетем. Сөйтіп, менде ешқашан демалу жоқ», — деп зарлайды екен.
Уақыты жоқ
Құдықтан су алып қайтқан екі әйел ұнатқан дүниелерін көрмей-білмей саудаласып тұр екен. Біреуінің күйеуі шыдай алмай сыртқа шығып: «Барыңдар! Үйге кіріп сөйлесіңдер», — депті. Сонда әйелі: «Жоқ, жоқ-ә! Оның айға қарап тұратын уақыты жоқ», — депті.
Асығыс әйел
Біреудің әйелі қыдырғанды ұнатады екен. Көршілері бұл шақырылмаған қонақтан әбден мезі болған соң, бір күні күйеуіне: «Кешкілік әйеліңді үйден шығарма, дос, біржолата діңкелетті», — депті.
Күйеуі: «Болады. Ол қыдырымпаз ғой. Егер күндіз үйден тапсам, әлбетте, шығармаймын», — деген екен.
Солдат хаты
Патша армиясында қызмет етіп жүрген бір солдат туған ауылын қатты сағынса да, хат жаздыратын адам таба алмапты. «Не болса, сол болсын», — деп хатты өзі жазыпты.
Ауылдан оған: «Хатыңды алып қатты қуандық, бірақ оқи алмадық. Аман-сау елге оралсаң, өзің оқып берерсің», — деген жауап келіпті.
Ұлық болсаң, кішік бол
Бір жігіт әскери қызметте жүргенде ефрейтор атағын алыпты. Қуанып, кәрі шешесіне хат жазыпты: «Шеше, маған ефрейтор атағын берді».
«Менің балам үлкен өкімет болған екен!» — деп қатты қуанған шешесі, баласына хат жаздырыпты: «Балам, саған рахмет! Жақсы қызмет атқарғаның үшін сені нән ұлық етіп қойған болар. Енді ефрейтор болдым деп мастанып кетпе, жандаралдарыңды жәбірлеп жүрме. Әсте есті ефрейтор бола гөр», — депті.
Солдат
Ілгері заманда бір солдат «Бесбалта» деген жерде қызмет атқарыпты. Қызметін өтеп келген соң, бір отырыста одан: «Сен дүние көріп қайттың ғой, Қазанның ар жағында не бар?» — деп сұрапты.
Солдат: «Е-е! Көргеніңнен көрмегенің көп. Қазанның ар жағында Бесбалта бар, оның ар жағында түк те жоқ — ол дүниенің шеті», — деп жауап беріпті.
«Ұрып-соғып»
Бір әйел базарға шие сатуға барыпты. Орыс тілін мүлде білмейді екен. Қатар әйелдер үйретіпті: «Шиеңді біреу сұраса, “руб пятьдесят” де», — деп.
Әйел әр келгенге «руб пятьдесят» деп, өзінше масаттанып тұрса, бір орыс келіп бағаны қымбатсынып: «А, руб сорок?» — деп сұрайды. Әйелдің құты қашып, құрбыларына айғай салып: «Тез келіңдер, ұрып-соғып алғанша, тегін алсын!» — депті.
Сенің не ісің бар?
Біреу қой сатуға барыпты. Базарға жеткені сол еді — арбасы ауып қалады. Бір орыс келіп: «Почем овца?» — дейді. Әлгі кісі: «Сенің не ісің бар — ауса?» — деп ашуланыпты.
Құс еті
Гүлниса тәтей көрші орыс ауылына қонаққа барыпты. Ас иесі алдына буы бұрқыраған ет қойыпты. Гүлнисаның тәбеті тартса да: «Ойбай, бұл доңыз еті болып жүрмесін», — деп шекшиейіп қалыпты.
Үй иесі қонағының қысылып отырғанын байқап, қыстай бастап: «Кушайте, кушайте!» — дейді. Осыны естіген тәтейдің өңі өзгеріп, мәз болып: «Әй, текке шекшиейіпті ғой, бәсе, құс еті екен ғой», — деп, доңыз етін тып-тыйпыл етіпті.
Татарға тілмәш керек пе?
Ерлі-зайыптылар орыс ауылына барып, таныстарының үйіне кіріпті. Үй иесі қонақтарды өте жақсы қарсы алып, дастарханға түрлі тағам қойып шақырыпты. Бұл жігіттің әйелі орысша білмейді екен — дым татпай қарап отырады.
Орыс әйелі: «Ешьте, ешьте, зачем она не кушает?» — дейді. Сонда татар әйелі күйеуіне: «Арырақ отыр, анау тұрған қызына орын керек», — дейді депті.
Сосын орыс әйелі капуста салған табақ әкеліп: «Кушай, кушай, не стесняйся», — депті. Сонда әйел күйеуіне тағы да: «Ыдыс ала келмепсіңдер, әкелгендеріңде капуста берер едім», — дейді деп ұғыпты.
Бибилатыйфа
Бойжеткен әр кеште «библиотекаға барам» деп шығып кетіп, өте кеш келеді екен. Бір күні әкесі: «Сол Бибилатыйфаға әрдайым барасың да жүресің, өзі бізге неге келмейді?» — деп сұрапты.
Әр көңілде бір қиял
Бұрынғы заманда орыс тілін шала түсінетін бір жігітті армияға алады. Казармада ұйықтап жатқанда кезекші келіп: «Подъем!» — деп айқайлайды.
Жігіт бір көзін сығырайтып: «Куда пойдем?» — деп сұрайды. Кезекші ашуланып: «Вставай, вставай!» — деп ұрса бастайды. Сонда әлгі жігіт: «Ә, “столовой” дейді екенсің ғой», — деп, орнынан атып тұрып киіне бастапты.
«Контужен» қойыпты
Ұлы Отан соғысы басталғанда бір бастық соғысқа кетеді. Көп ұзамай шешесіне хат келеді: «Келе сала “контужен” болдым. Қазір жағдайым жақсы. Мені ойлап уайымдамаңыз», — деп жазыпты баласы.
Хатты оқытқан соң шешесі көршілеріне: «Басы бардың — басы бар. Менің балам мұнда жүргенде бастық еді, енді ол жақта оны “контужен” етіп қойыпты», — деп мақтанып жүр дейді.
Фельдфебельді бастырмаға
Солдат пен фельдфебель ауылдан өтіп бара жатып, қонып шығайық деп бір үйдің есігін қағады. Іштен: «Бұл кім-ей?» — дейді. Солдат: «Әже, қонып шықсақ деп едік. Біз ғой — фельдфебель екеуміз», — дейді.
Әжей: «Мейлі, Битпебеңді бастырмаға байлап кел, мен есік ашайын», — депті.
Басы жоқтың қорлығы
Соғыс кезінде екі солдат қарауылда тұр екен. Біреуі ұйықтап жатқанда бомба түсіп, басын жұлып кетіпті. Жолдасы: «Бейшара-ай! Ұйқысынан оянып, басының жоқ екенін көрсе, не істер екен енді?» — депті.
Солдат шинелі
Бір кедей шаруаның баласы патша армиясында қызмет өтеп қайтады. Шешесі баласының жағдайын сұрайды. Баласы: «Шеше, ол жақта рахат қой: астыңда да — бір шинель, үстіңде де — бір шинель, басыңда да — бір шинель. Ұйықтай бересің», — дейді.
Шешесі: «Әй, балам-ай! Шинельдерің соншама көп екен. Маған біреуін ала келсең қайтер еді?» — депті.
Жалғыз аяқ
Бір әйгілі биші бір аяғында ұзақ тұра алатынын мақтанып, екінші бишіге: «Сен мен сияқты тұра алмайсың», — депті. Екіншісі: «Жарайды, мен тұра алмаспын. Бірақ сенен де көп тұратындар бар», — депті.
— Ол кім? — деп таң қалыпты қарт биші.
— Қаз.
Жын көрген
Біреу өзінің жын көргенін жыр қылып айтып отыр екен: «Орман аралап келе жатырмын. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Кенет артыма қарасам, құртақандай бір жын тұр».
Тыңдаушылардың бірі: «Қасым ағай, тоқтай тұр. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда оны қалай көрдің?» — дейді. Қасым асықпай: «Ха... ха... ха! Неге көрмеймін? Ай — сүттен де аппақ емес пе?» — депті.
Дұрыс айтасың
Сөйлесіп отырған екі кісінің қасына үшінші біреу келіп: «Иә, не өтірік соғып отырсыңдар?» — дейді. Екеуі: «Сені жақсы жігіт деп мақтап отыр едік», — десе, әлгі кісі: «Дұрыс айтасың», — депті.
Қарт өтірікші
Ілгеріде өте өтірікші бір кісі болыпты. Өмірінде бір рет те шын сөйлемепті. Сөйтіп қартайыпты. Бір күні суықта көршісінің сиыры бұзаулағанын көріп, көршісіне: «Бұзауыңызды алыңыз, әйтпесе үсіп өледі», — депті.
«Тағы да алдап жүр» деп көршілері сенбепті. Сөйтсе, бұзау үсіп өліпті. Сонда өтірікші: «Өмірімде бір рет шын айтқан едім, оған да сенбедіңдер-ау», — деп өкпелепті.
Өтірікшінің өтірігі
Жұрт таныған өтірікші: «Мың сом берсең де өтірік айтпас едім», — депті. Қасында тұрған кісі: «Міне, бір тиынсыз-ақ өтірікті соғып тұрсың ғой», — депті.
Қатырған
Патша заманында бір солдат көпірден өтіп бара жатып, бір офицермен бетпе-бет кездесіпті. Солдат байқамаған болып өте бермек болғанда, офицер тоқтатып: «Сен неге сәлем бермейсің?» — деп ұрсады.
Солдат: «Ғафу етіңіз, ұлы мәртебелім, мен жарғы бойынша әрекет еттім. Жарғының 133-тармағында көпір үстінде сәлем беруге болмайды делінген», — депті. Офицер өз жарғыны білмейтініне ыңғайсызданып қалады.
Кейін казармаға келген соң жарғыны ашып қараса, жарғы небары 132-тармақпен бітеді екен.
Татар тілінен аударған: Ермахан Бердалы