Пренатальды тəрбиенің негізі міндеті - болашақ анаға туылмай тұрып сəбиімен толыққанды байланыс орнатуға көмектесу

Бала тәрбиесі жатырда басталады

Бала тәрбиесі ана құрсағында жатқан кезден басталады — бұл ақиқат. Баланы тек ес білгенінде тәрбиелеу дегеніміз тәрбиені тым кеш бастау деген сөз. Құрсақтағы сәби әлемді қалай қабылдайды? Бұл сұраққа жауап беру үшін, ең алдымен, анасының денесі мен эмоциясы арқылы сәби сыртқы ортаны қалай сезінетінін түсіну маңызды.

Құрсақтағы сәби нені естиді?

Сәби дүниеге келмей тұрып-ақ есту қабілетін дамыта бастайды. Жүктіліктің 16-аптасынан бастап ол анасының тамырларындағы қан айналымының дыбыстарын ести алады. Ал құлақ құрылымы шамамен 24-аптаға қарай толық қалыптасады.

Таныс ырғақ

Сәби анасының жүрек соғысына үйренеді, анасының даусына және тыңдап жүрген әуеніне елеңдейді.

Тілге бейімділік

Туғаннан кейін сәби анасының дауысын ғана емес, айналасында естілетін тілдің ырғағын да ажырата бастайды.

Зерттеулерге сүйенсек, сәби өз ана тілінде сөйлеген адамға көбірек қызығушылық танытады. Сондықтан әкенің даусымен ертерек таныстыру да маңызды: әкесі ішке тақап, жұмсақ үнмен сөйлесіп, сәбиімен байланыс орната бастаса, ұрық маңындағы сұйықтық дыбысты жақсы өткізетіндіктен, сәби оны естиді. Бұл тәсіл әке мен бала арасындағы жақын қарым-қатынастың негізін қалайды.

Дауыс ырғағы мен эмоцияның әсері

Сәби тек естіп қана қоймай, анасының сөйлеу мәнеріне қарай қимыл-қозғалыспен жауап береді. Жайлы, жұмсақ дауыс ырғағы ананы да, сәбиді де тыныштандырады. Ал қызу әңгіме, қатты дауыс немесе қатты әуен кезінде сәби айналып, аяқтарымен тебуі мүмкін — бұл мазасызданудың белгісі.

Маңызды ой

Сәби сыртқы әлемді көбіне анасының эмоциясы арқылы “оқиды”. Сондықтан өзіңізге де мейіріммен қарау — тәрбиенің бір бөлігі.

Сезу, иіс және дәм: алғашқы тәжірибелер

Ана құрсағында жатқанда сәбидің сезу қабілеті де дамиды: ол иістер мен түрлі дәмдерді қабылдай алады. Ең алдымен сезу қабілеті қалыптасатындықтан, жүктіліктің алғашқы кезеңінен-ақ ішіңізді жайлап сипау арқылы сәбиімен қарым-қатынас орнатуға болады. Мұндай әдет кейін сәби туғаннан соң да оны аяғынан немесе қолынан сипап тыныштандыруға көмектеседі.

16-апта

Дәм сезу рецепторлары қалыптаса бастайды.

Ана рационы

Ана жеген тағамның құрамы жолдас арқылы беріліп, ұрық маңындағы суға сіңеді.

Дәмге реакция

Тәттіге ынтыға жұтуы, ащыға жайсыз реакция білдіруі байқалған.

Сондай-ақ, баланың кейінгі тағам талғамына анасының жүктілік кезіндегі рационы әсер етуі мүмкін. Болашақта сәбиіңіздің әртүрлі тағамды талғамай жеуін қаласаңыз, жүктілік кезінде ас мәзірін мүмкіндігінше алуан түрлі ұстаған жөн.

Құрсақтағы сәбиді қалай тәрбиелеуге болады?

Төмендегі ұсыныстар болашақ анаға сәбиімен ерте байланыс орнатуға көмектеседі. Негізгі қағида: жүйелілік, жұмсақтық және өз эмоцияңызды реттей білу.

  • Сәбидің қимылына мұқият болыңыз. Әртүрлі әрекеттерге қалай жауап беретінін есте сақтап, қимылдың мағынасын түсінуге тырысыңыз.

  • Оған ұнайтын нәрселерді көбейтіңіз. Қалауын байқаған соң, тыныштандыратын әуен, серуен немесе жайлы үнмен сөйлесу сияқты әрекеттерді жиілетіңіз.

  • 20-аптадан бастап әңгімелесуді әдетке айналдырыңыз. Сәбиіңізге өзі келетін әлем туралы айтып беріңіз. Мұны табиғат аясында жасап, айнала сұлулығын сипаттау пайдалы.

  • Стресс кезінде міндетті түрде сөйлесіңіз. Ішкі мазасыздықты үнмен жұмсартып, өзіңізді де, сәбиді де сабырға шақырыңыз.

  • Қарапайым күн тәртібін әуенмен бекітіңіз. Сәби ырғақты әуендерді тез есте сақтайды. Таңертең ояну, кешкі ұйқы, жуыну, тамақтану сияқты қайталанатын әрекеттерді қысқа, есте қаларлық әуенмен бастау пайдалы.

Нәтиже

Қысқа ырғақты әуендер мен тұрақты әдеттер арқылы сіз сәбиіңізді дүниеге келмей тұрып-ақ күн тәртібіне бейімдей бастайсыз.

Пренатальды тәрбие және жаңа туған нәрестемен байланыс

Кейбір ғылыми көзқарастарға сәйкес, адамның дүниеге келмей тұрып бастан кешкен сезімдік тәжірибелері подсознаниеде із қалдыруы мүмкін. Трансперсоналды психология бағыты босану сәтін сана мен психиканың қалыптасуындағы маңызды кезең ретінде қарастырады.

Назар аударатын жайт

Егер жүктілік, босану немесе босанғаннан кейінгі кезең өте ауыр өтіп, ана мен сәби арасында эмоционалды жылылық жетіспесе, бұл баланың кейінгі мінез-құлқына және қоршаған ортамен байланысына кері әсер етуі мүмкін.

Осындай қиындықтардың алдын алу үшін пренатальды тәрбие әдістері қолданылады. Оның негізгі мақсаты — болашақ анаға сәбиімен туылмай тұрып-ақ толыққанды байланыс орнатуға көмектесу. Балалық шағында аналық мейірімді сезініп өскен әйел үшін бұл табиғи болуы мүмкін, ал кейбір адамдарға мұны саналы түрде үйренуге тура келеді.

Дереккөз: anamenbala