Жұмабаев бейнесіндегі оқушы

Сабақ тақырыбы

«Мағжан — жаны нәзік, сыршыл ақын»

Сабақ мақсаты

Білімділік

Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы мен жазушылық қызметі туралы мағлұмат беру.

Дамытушылық

Оқушыларды өзіндік ізденіс жұмыстарына баулу, ой-өрісін кеңейту, рухани дүниесін байыту және сөйлеу машықтарын жетілдіру.

Тәрбиелік

Елжандылыққа, адамгершілікке, ана тілімізді құрметтеуге және әдебиетті сүюге тәрбиелеу.

Әдісі, түрі және байланысы

Сабақ әдісі

Шығармашылық, зерттеу.

Сабақ түрі

Ғылыми конференция.

Пәнаралық байланыс

Тарих, география, орыс әдебиеті, театр, өнер.

Көрнекіліктер

  • Ақынның портреті
  • Мағжан туралы ұлы тұлғалардың пікірлері
  • Кітаптар, газет-журналдар
  • Слайдтар (презентация)

Сабақ барысы: ұйымдастыру және кіріспе

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Бүгінгі ғылыми-конференция сабағына Мағжан ақынның көзін көрген замандастары мен қаламдас достары «қонақ» ретінде шақырылды. Мұғалім конференцияға қатысушыларды (11-сынып оқушыларын) таныстырады.

Конференция қонақтары (рөлдік құрам)

  • Мағжан Жұмабаев бейнесіндегі оқушы

  • Жүргізуші

  • Әдебиетші-ғалым, М. Әуезов бейнесіндегі оқушы

  • М. Горький — орыстың классик жазушысы

  • С. Қожанов — қоғам қайраткері

  • Зылиха Жұмабаева — ақынның зайыбы

  • Сәйфи Құдаш — Башқұртстанның халық ақыны

  • Ж. Шанин атындағы театрдан келген халық әртісі

Алдын ала берілетін тапсырмалар

Оқушыларға Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы мен шығармашылық қызметі, сондай-ақ оның замандастары мен қаламдас достары туралы деректер жинау тапсырмасы беріледі.

  • Мағжан Жұмабаев кім? Ол қандай ақын?
  • Өмірі: балалық және жастық шағы
  • Шығармашылығының басталуы
  • Ақындық жолы
  • Қоғамдық қызметі

Ақынның тұлғасы: өмірбаян өзегі

Өлең жолдары арқылы идея

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім — патша, өзім — қазы, өзім — би,

Қандай ессіз «не қылдың?» деп тергейді?

Туған жері мен алғашқы білім жолы

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылдың 25 маусымында бұрынғы Ақмола губерниясы, Ақмола уезі, Полуден болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Мағжан атындағы ауыл) текті, ауқатты отбасында дүниеге келген.

Төрт жасында ауыл мұғалімінен сауат ашып, хат таниды. 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгереді. Медресені 1910 жылы үздік үлгеріммен тәмамдайды.

Кейін Уфадағы «Ғалия» медресесінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында білімін жалғастырады.

Қоғамдық қызметі және шығармашылық кеңістігі

  • Алаш қозғалысы

    «Алаш» партиясын құруға қатысады.

  • Баспасөз қызметі

    «Бостандық туы» газетінде редактор болып қызмет атқарады.

  • Ташкент кезеңі (1922)

    «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақ жол» газетінде қызмет етіп, бірқатар шығармаларын жариялайды.

  • Мәскеу кезеңі (1923–1927)

    Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып, орыс және Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттейді.

Қуғын-сүргін

1929 жылы «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген айыппен 10 жылға сотталады. 1936 жылы орыс жазушысы М. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен уақытша бостандық алады. Алайда 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы ақынның ғұмыры қыршыннан қиылады.

Мұра және көркемдік әлем

Танымал шығармалары

Өлеңдер

  • «Мен жастарға сенемін»
  • «Мен кім?»
  • «Анама»
  • «Қазақ тілі»
  • «Түркістан»

Поэмалар

  • «Ертегі»
  • «Қорқыт»
  • «Батыр Баян»
  • «Қойлыбайдың қобызы»

Ақынның мұрасы — өлең, поэма, аударма, әңгіме жанрларын қамтитын кең тынысты көркем әлем.

«Мен жастарға сенемін» — үміт пен жауапкершілік үні

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты —

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін.

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар.

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін.

Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін!

Бұл өлеңде Мағжан болашақ ұрпаққа үлкен сенім артып, намыс, жігер, рух биігін көркем бейнелермен өрнектейді.

Замандас көзқарасы: бағалау және тағзым

Мұхтар Әуезовтің пікірі

«Мағжанды сүйемін, оның еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ жайлауы жарасқан арқа қызын көріп, сезінгендей боламын.

Мағжан — мәдениеті зор ақын. Абай — ақылдың ақыны, ал Мағжан — ақынның ақыны. Сондықтан біз Мағжаннан үйренуіміз керек».

Мұхтар Омарханұлы Әуезов

Зылиха Жұмабаеваның орны

Мағжан сынды халқына біртуар болып туған азаматқа қиын кезеңде сүйеніш бола білген адал жары — Зылиха Жұмабаева.

Шығыс поэзиясы туралы пікір (аударма арқылы)

«Мен шығыс поэзиясын жоғары бағалаймын. Өйткені шығыс поэзиясы халқы сияқты мол тынысты, кең құлашты, сөздері саф аяттай. Абай өлеңдерін оқи отырып, өзіме көп нәрсені қабылдадым, ал Мағжан поэзиясынан оның халқы мен туған жері туралы көп нәрсені білдім».

Мәтінде келтірілген пікір (аударма арқылы)

Қорытынды сөз

Жүргізуші сөзі: Мағжанның келешек жастарға үлкен үміт артқаны анық. Мағжан поэзиясын сүю, оның мұрасын бағалай білу — біздің басты парызымыз. Бүгінгі конференция сабағынан үйренгеніміз көп, алайда үйренеріміз әлі алда.

Ақыным, сен өлмейсің бұл жалғанда,

Ақыным, сен өлмейсің, біз тұрғанда.

Көркейіп туған жерің құлпырғанда,

Туған елің бостандығын құрғанда!

Ақын өлді деуге бола ма екен,

Артында оны сүйген елі барда,

Артында өзі сенген жастар өскен,

Артында өлмейтұғын сөз қалғанда.