Өсімдіктердің жапырақтарын жинау

Күзгі өсімдіктер (1-сынып)

Бұл сабақ жоспары оқушылардың күз мезгілінде өсімдіктер тіршілігінде болатын өзгерістер туралы түсінігін қалыптастыруға бағытталған. Оқу үдерісі табиғат құбылыстарын бақылау, салыстыру және шығармашылық тапсырмалар арқылы ұйымдастырылады.

Жалпы мақсат

Күздегі өсімдіктер тіршілігінде болатын өзгерістер туралы оқушылардың түсінігін қалыптастыруға жағдай жасау.

Міндеттер

  • Қоршаған дүниедегі құбылыстар мен заттардың маңызын түсіндіру.
  • Тірі табиғат пен өлі табиғат арасындағы байланысты түсіну мүмкіндіктерін дамыту.

Негізгі идея

Табиғат пен адам тығыз байланыста. Экологиялық зерттеу жүргізе отырып, оқушыларды шығармашылықпен жұмыс жасауға дағдыландыру.

Күтілетін нәтиже

  • Күздегі өсімдіктер тіршілігіндегі өзгерістер туралы түсінік қалыптасады.
  • Қоршаған орта құбылыстары мен заттарының маңызы түсіндіріледі.
  • Тірі және өлі табиғат арасындағы байланыс туралы білім кеңейеді.

Сабақ барысы

Сабақ құрылымы қызығушылықты ояту, мағынаны ажырату (жаңа ақпарат), толғаныс (рефлексия) және ой қорытынды кезеңдерінен тұрады.

I. Қызығушылығын ояту

5 минут

Оқушыларды ой қозғау арқылы тақырыпқа алып келу және бұрынғы білімдерін анықтау.

  • Суреттерді салыстыр: күз мезгілі қай суретте бейнеленген?
  • Күз белгілерін ата.
  • Жаз бен күз табиғатын салыстыр.
  • Күзгі табиғатты бақыла.

II. Мағынаны ажырату (жаңа ақпарат)

15 минут

Оқушылардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету: сұрақ қоя білу, талдау, баяндау және пікірталас жасау дағдыларын дамыту. Оқулықтан тыс ақпарат көздеріне де сүйену ұсынылады.

Негізгі тапсырмалар

  1. 1 Күзде өсімдіктер тіршілігінде болатын өзгерістерді талқылау: жапырақтардың сарғаюы, түсуі, өсімдіктердің қурай бастауы. Жапырағына және сыртқы көрінісіне қарай өсімдіктерді ажырату (ағаш, бұта, шөп) және таныс өсімдіктердің атын атау.
  2. 2 Көзге түскен жануарлар туралы әңгімелесу. Өсімдіктердің жапырақтарын жинау.
  3. 3 Сурет бойынша әңгіме құрастыру және суретке ат қою. Оқушылар жұмыстарын ватманға салып, қорғап шығады.

Сергіту сәті

2 минут

Ормандағы аюдың,
Құлпынайы көп екен.
Теріп-теріп аламыз,
Қалтамызға саламыз.

III. Толғаныс және ой қорытынды

6 минут

Сабақта үйренгендерін бекіту, жаңа білімді қолдану және жүйелеу. Түсіну деңгейін сұрақтар мен тапсырмалар арқылы тексеру.

Сұрақтар

  • Күзде жапырақты өсімдіктерде қандай өзгерістер басталады?
  • Жапырақ түсу қай кезде басталады?
  • Өсімдіктерде тағы қандай өзгерістер байқалады?
  • Күзгі жапырақтарды жина.
  • Бұл мезгілді неге «Алтын күз» деп атайды?

Өлең жолдары

Түсті алтын жапырақ,
Ағаштан үзіліп.
Ұшты ұзақ сапарға,
Тырналар тізіліп.