Жылуын шашқан күнге сәлем

Сабақ туралы мәлімет

Білім саласы

Қатынас

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

Сөйлеуді дамыту

Тақырып

Жыл басына таласқан хайуанаттар

Мақсаты

  • Балаларға он екі жыл атауы туралы түсіндіру.
  • Достыққа, бір-бірін сыйлауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Суреттер
  • Плакаттар
  • Үнтаспа

Әдіс-тәсілдері

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Ойын түрлері

Мотивациялық кезең: «Шаттық шеңбері»

Тәрбиеші балаларға: «Бүгін оқу іс-әрекетімізге көптеген қонақтар келді. Барлығымыз амандасайық», — дейді.

Балалардың амандасуы

Арайлап атқан таңға сәлем!

Жылуын шашқан күнге сәлем!

Жайнап өскен бізге сәлем!

Білім беріп, тәрбиелеген апайларым — сіздерге сәлем!

Сәлеметсіздер ме, апайлар!

Іздену-ұйымдастырушылық кезең

Өткен материалды еске түсіру

Біз қай мемлекетте тұрамыз?
Қазақстан.
Қазақстанның елордасы қай қала?
Астана.
Астанадағы қандай көрікті жерлерді білесіңдер?
Бәйтерек, Нұр-Астана мешіті және т.б.
«Астана» сөзі неше буыннан тұрады?
3 буын: Ас-та-на.

Ертегі еліне саяхат

Тәрбиеші балаларға бүгін ертегілер әлеміне саяхат жасайтындарын хабарлайды және ойындар арқылы тақырыпқа жетелейді.

Дидактикалық ойын: «Ойлан, тап»

Тәрбиеші ертегі кейіпкерлері мен атауларын атайды, балалар танып, жауап береді:

  • Қызыл телпек
  • Бауырсақ
  • Күлше қыз
  • Алтын балық
  • Алма

Дидактикалық ойын: «Мозайка»

Мақсаты: балаларды жылдамдыққа үйрету және үй жануарлары туралы білімдерін кеңейту. Балалар құрастырылған жануарлар туралы әңгімелейді.

  • Түйе сүтін шұбат деп атаймыз.
  • Жылқы сүтін қымыз дейді.
  • Бұлар — үй жануарлары.

Осылайша бүгінгі оқу іс-әрекетінің тақырыбы айқындалады:

«Жыл басына таласқан хайуанаттар»

Ертегі: «Жыл басына таласқан хайуанаттар»

Ертеде хайуанаттар «жылдың басы кім болады?» деп таласыпты. Әрқайсысы өз пайдасын айтып, жыл басы болуға лайық екенін дәлелдеуге тырысқан екен.

Жылқының сөзі

«Мен алысты жақын қыламын. Күшімді көреді, сүтімді ішеді. Қылыма дейін арқан, жіп еседі. Адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын», — дейді.

Түйенің сөзі

«Мен сен көтере алмайтын ауырды көтеремін, неше айшылық алыс жерлерге барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын: көде болса көде, жусан болса жусан — кез келгенін қорек етемін. Су табылса ішемін, табылмаса шөлде де жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық», — дейді.

Сиырдың сөзі

«Адам егін ексе, менімен егеді. Сүтімді ішеді, құрт-май жасайды. Жыл басы болу маған лайық», — дейді.

Қойдың сөзі

«Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді? Жүнімнен киіз басады, жабағымнан киім тігеді, арқан-жіп еседі. Сүтімнен құрт-май алады. Пайдам мол», — дейді.

Иттің сөзі

«Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұры алып кетер еді, не қасқыр жеп қояр еді. Мен — баршаңа бақташы. Дұшпан көрінсе, үріп, иеме хабар беремін», — дейді.

Тауықтың сөзі

«Мен болмасам, кісі ерте тұра алмай ұйықтап қалар еді. Таң атты деп шақырамын, кеш болса, жатар уақыт болғанын да ескертемін», — дейді.

Тышқанның тапқырлығы

Тышқан не айтарын білмей тұрып, бір қулық ойлайды да көпшілікке ұсыныс айтады: «Таластан еш нәрсе шықпас. Күннің шығуын бәріміз бірге бағып тұрайық: кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын».

Өзгелері қарап тұрғанда, түйе бойына сеніп: «Менен бұрын кім көреді?» — деп, тышқанның сөзіне келіседі. Біраздан соң тышқан білдірмей жорғалап, түйенің өркешіне шығып отырады.

Күн шапағы көрінген сәтте ең биікте отырған тышқан бірінші болып байқап: «Жыл келді! Күннің шыққанын мен көрдім. Мен жыл басы боламын!» — дейді.

Өлең жолдары

Тышқан деген батырың,

Таңды көзбен атырды.

Төбесінен түйенің,

Жылды көріп қатырды.

Барлығың да қараңдар,

Енді үйге тараңдар.

Жылды көрген тышқанды,

Жыл басы деп санаңдар!

12 жыл атауы (ретімен)

Тышқаннан кейін: сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз.

Түйенің күйі

Түйе аузы ашылып, таңырқап, ештеңе түсінбей қалады. Сөйтіп жыл атауларынан құр қалады.

Осыдан «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалды» деген сөз қалған.

Жан-жануарлар достық пен сыйластықты, ақылдылық пен тапқырлықты мойындап, ән айтып, би билеп, жаңа жылды тойлаған екен. Содан бері жыл атаулары 12 атаумен аталады. 12 жыл — 1 мүшел.

Сергіту сәті

Аққу болып ұшамыз,

Көлге келіп қонамыз.

Көлдің бетін құшамыз,

Қайта самғап ұшамыз.

Ойындар және бекіту

Ойын: «Төлін тап»

Балалар үй жануарларын және олардың төлдерін сәйкестендіріп табады.

Хормен жаттау

Тышқан, Сиыр, Барыс, Қоян, Ұлу, Жылан, Жылқы, Қой, Мешін, Тауық, Ит, Доңызды Санап, жаттап, біліп қой!

Үй жануарларына қатысты мақал-мәтелдер

Сабақ соңында балалар үй жануарларына байланысты мақал-мәтелдер айтып, ойларын толықтырады.

Рефлексия

Сұрақтар

  • Бүгінгі оқу іс-әрекетінде қандай ертегімен таныстық?
  • Ертегі сендерге ұнады ма?
  • Бүгін біз не үйрендік?

Қорытынды

Тәрбиеші балалардың белсенді қатысқанын атап өтіп, сабақтың аяқталғанын хабарлайды және қонақтармен қоштасуға шақырады.

Күтілетін нәтиже

Білуі тиіс

Жыл атауларын білу.

Үйренуі керек

Ертегіні кейіптендіру; кейіпкердің жүрісіндегі, қимылындағы және дауысындағы ерекшелікті бейнелеу.

Авторлық мәлімет

Мектеп
№4 М. Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп
Тәрбиеші
Ергебек Ж. Ә.