Балаларды жылдамдыққа, шапшандыққа үйрету
Қимылды және рөлдік ойындар: тақырыптар мен мақсаттар
Төмендегі ойындар балалардың танымын кеңейтуге, әлеуметтік дағдыларын дамытуға және қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыруға бағытталған. Әр тақырып бойынша мақсаттар нақты беріліп, балалардың қызығушылығын оятуға көмектеседі.
Аспазшы
- Балаларды тағам түрлерімен таныстыру.
- Тағам жасаудың қарапайым жолдарын түсіндіру.
- Асты қадірлеуге үйрету.
Отбасы
- Отбасы мүшелерін тану және олардың үйдегі қызметін түсіну.
- Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу дағдыларын қалыптастыру.
- Бауырмалдыққа, мейірімділікке баулу.
- Рөлдерді дұрыс орындап, тату ойнауға тәрбиелеу.
Мектеп
- Мектеп туралы білімді толықтыру.
- «Мұғалім–оқушы» рөлдік ойынын ойнай білуге үйрету.
- Үлкендердің іс-әрекетін қайталау арқылы қарым-қатынас мәдениетін көрсету.
- Ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту.
Құрылысшы
- Құрылысшы мамандығының қызметімен таныстыру.
- Үй, мектеп, балабақша секілді нысандарды құрылысшылар салатынын түсіндіру.
- Ойын арқылы құрылыс барысын көрсету.
- Еңбектің маңызын ұғындыру және еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Жолаушылар
- Балалардың көңіл-күйін көтеріп, саяхат атмосферасын жасау.
- Саяхатқа арналған көлік түрлерімен таныстыру.
- Жол жүру ережелерін түсіндіру.
Шаштараз
- Шаштараз ойыны арқылы күтім мәдениетін қалыптастыру.
- Шашты үнемі тарап, таза әрі әдемі жүруге үйрету.
- Шаш өрудің әртүрлі үлгілерін көрсету.
- Әсемдікке, ұқыптылыққа баулу.
Қимылды ойындар: қысқа нұсқаулық
Бұл бөлімдегі ойындар жылдамдық, шапшаңдық, зейін және ептілік сияқты дағдыларды дамытады. Ережелер жеңіл, балаларға түсінікті.
Торғайлар мен автомобиль
Бір бала «автомобиль» болады, қалған балалар «торғайлар» болып орындықтарға отырады. Педагог торғайларға «жем шашып» шақырады. Торғайлар жем тере бастағанда, автомобиль зырылдап келеді. Торғайлар автомобильден қашып, орындықтарына қайта отыра қалады.
Мақсаты
Жылдамдыққа, шапшаңдыққа үйрету.
Күн мен жаңбыр
Бір бала «күн», екінші бала «жаңбыр» болады. «Күн» деген бала орнынан тұрғанда балалар жүгіреді, ойнайды. «Жаңбыр» деген бала орнынан тұрғанда, барлық бала бастарын жауып, тығылады.
Мақсаты
Табиғат құбылыстарын сезіне білуге үйрету.
Қарақұс пен балапандар
Педагог «тауық» болып, балалар «балапандар» болып жем теруге шығады. Бір бала «қарақұс» болады. Жем теріп жүргенде қарақұс ұшып келеді. Барлық балапан тауықтың қанатының астына жасырынады.
Мақсаты
Шапшаңдыққа баулу, көңіл-күйді көтеру.
Ұшты-ұшты
Педагог «Ұшты-ұшты, қарлығаш ұшты» десе, балалар қолдарын көтеріп «ұшады». Ал педагог «Ұшты-ұшты, орындық ұшты» десе, балалар отыра қалады.
Мақсаты
Аяқ-қол бұлшықеттерін дамыту, қимыл-қозғалысты жетілдіру.
Дидактикалық ойын
«Не жедім, тауып ал»
Дидактикалық мақсат
Дәм сезу анализаторы арқылы затты ажыратып, атауын табу.
Шарты
Көзді жұмып, ауызға салынған затты шайнап, не екенін анықтау.
Құралдар
Әртүрлі дәмдегі көкөністер мен жемістер (жуылып, тазаланып, ұсақ бөліктерге бөлінеді).
Ойын барысы
Тәрбиеші бір балаға көкөніс немесе жемістің кішкентай бөлігін дәмін татқызып, көзін жұмғызады. Бала жақсылап шайнап, қандай өнім екенін табады да айтады. Барлығы орындап болғаннан кейін, тәрбиеші жемістермен сый көрсетеді.
Ұлттық ойын
«Хан талапай»
Ойынның мақсаты
Жылдамдыққа, шапшаңдыққа баулу және ойынға қызығушылықты арттыру.
Қатысушылар
5–10 балаға дейін.
Құралдар
Көп асық, соның ішінде бір үлкенірек асық (қызыл түске боялады) — «хан».
Ойынның шарты
Алдымен санамақ арқылы ойын бастаушы таңдалады.
Ойын бастаушы барлық асықты уысына жинап алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Балалар ханның қалай түскенін мұқият бақылайды.
Егер хан бүк, шік немесе тәйкі түссе, ойын бастаушы ханның түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегімен сұқ саусағымен итеріп, біріне-бірін дәл тигізуге тырысады. Тигізген асықтарды өзіне алады.