Бисер түрлері

Қызылорда қаласы, №197 қазақ орта мектебі

Технология пәні мұғалімі: Альжанова Роза Зейнуллаевна

Сабақ тақырыбы: Бисерден бұйымдар жасау технологиясы (презентациямен)

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Сабақ әдістері

Түсіндіру, сұрақ-жауап, өз бетінше сарамандық жұмыс

Көрнекіліктер

Үлгілер, ескертпелер, нұсқау карталары

Пәнаралық байланыс

Сызу, бейнелеу өнері, математика, тарих

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларға бисер туралы толық мәлімет беру.

Дамытушылық

Оқушылардың жұмысты орындаудағы еріктілігін дамыту, алған білімін өз бетінше қолдануын қадағалау, эстетикалық талғамын қалыптастыру.

Тәрбиелік

Оқушыларды осы өнер түріне қызықтыру, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке баулу, сұлулықты қабылдау сезімін ояту және эстетикалық талғамдылыққа тәрбиелеу.

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Құрал-жабдықтарды тексеру.
  • Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

Үй тапсырмасын тексеру

Өткен тақырыпты қайталау мақсатында оқушыларға тақырып бойынша сұрақтар қойылады.

Жаңа сабақ: бисер және оның тарихы

Бүгін біз бисерден бұйым жасауды үйренеміз. «Бисер» сөзі ұсақ моншақтарға берілген жалпы атау ретінде қолданылады. Бисер — ұсақ, домалақ немесе сопақша, түрлі материалдардан (хрусталь, шыны, керамика) жасалатын моншақтар.

Стеклярус пен бисердің айырмашылығы

Стеклярус бисерден пішінімен ерекшеленеді: ол шамамен 3 мм ұзындықтағы түтікше тәрізді болады.

Бисер тоқу — ертеден келе жатқан халық шығармашылығының бір саласы әрі әшекей бұйымдар жасаудың көркем түрі. Бисермен қарапайым суреттерден бастап күрделі түрлі-түсті композицияларға дейін тоқуға болады.

Жасауға болатын бұйымдар

  • Алқа, тұмарша
  • Шашбау, сырға, білезік, белдік
  • Сөмке әшекейлері
  • Ойыншықтар

Қолөнердің қазіргі орны

Қолдан жасалған бисер бұйымдары Ресейде және өзге елдерде жоғары бағаланады. Бүгінде бұл өнер түрі қайта жаңғырып, жаңа даму кезеңіне көтеріліп келеді.

Бисердің шығу тарихы

Бисердің тарихы әйнектің пайда болуымен тығыз байланысты. Әйнектің нақты қашан шыққаны туралы нақты дерек сақталмаған. Дегенмен әйнек жасаудың құпиясын алғаш ашқан ел ретінде Финикия аталады деген аңыз бар.

Кейбір деректер бойынша әйнектің Отаны — ежелгі Египет. Әйнектен жасалған моншақтар, амулеттер мен ыдыс-аяқтар біздің заманымызға дейінгі VI ғасыр ескерткіштерінен табылған.

Египеттіктер әйнек массасына кобальт, мыс, марганец қосу арқылы көгілдір, жасыл және алқызыл түстер алған. Мұндай әшекейлерді ерлер де, әйелдер де ақ түсті киіммен таққан деген деректер кездеседі.

«Бисер» атауы Египетпен байланыстырылады: ол арабтың «бусра» немесе «бусер» сөздерінен шыққан, мағынасы — «жалған маржан».

Рим империясы Египетті басып алғаннан кейін әйнек өндірісі Римге ауысып, империя құлаған соң Византияға өтті. Константинопольді түрік жауынгерлері жаулап алғаннан кейін әйнек шеберлері жан-жаққа тарады да, бисер әлемге кеңінен таныла бастады.

Керекті құрал-жабдықтар

Бисер түрлері
Диаметрі 3 мм болатын сым
Сызғыш, қайшы
Қалың сым
Мулине жіп
Гипс немесе алебастр
ПВА желімі
Қоңыр, ақ, жасыл түсті гуашь
Изолента

Сарамандық жұмыс: орындау қадамдары

Маңызды ереже

Қауіпсіздік ережелерін әрдайым есте сақтап, жұмысқа жұмыс киімімен кірісіңіз.

  1. 1. Қауіпсіздік ережесін үнемі сақтау.
  2. 2. Жұмыс киімін кию.
  3. 3. Құралдарды тексеру.
  4. 4. Тереңдеу ыдысқа қажетті бисерлерді салып, араластырып алу.
  5. 5. Ұзындығы 60–70 см жұқа сымды дайындау.
  6. 6. Сымның бір ұшын түйіндеп, екінші ұшынан бисер өткізу.
  7. 7. Бисерді 7 түйірден орап, әр топтың арақашықтығын 1–1,5 см етіп сақтау.
  8. 8. Осындай бұтақшадан 80–90 дана жасау.
  9. 9. Дайын бұтақшаның 5 данасын біріктіріп, жіппен орап, үстінен изолентамен орап бір бұтақ құрастыру.
  10. 10. Бұтақтарды қалың сымға біріктіріп, изолентамен орау.
  11. 11. Арнайы ыдысқа ағашты отырғызу: гипске ПВА желімін және аздап су қосып араластырып, ыдысқа құю, үстіне ағашты орналастыру.
  12. 12. Дайындаманы 2 тәулікке қалдыру.
  13. 13. Гипс толық кепкен соң гуашьпен бояу.
  14. 14. Эстетикалық талғаммен безендіріп, композицияны түрлендіру.

Қорытынды бөлім

Қорытынды сұрақтар

  • Бисер дегеніміз не?
  • Бисердің Отаны қай ел?
  • Бисер мен стеклярустың айырмашылығы неде?
  • Пайетка дегеніміз не?
  • Бисерден қандай бұйымдар жасауға болады?
  • Әйнек қай ғасырда пайда болды?

Бағалау және үй тапсырмасы

  • Жасалған бұйымдарды қабылдап, оқушылардың еңбегін бағалау.
  • Жіберілген қателерді қайта түсіндіріп, іс жүзінде көрсету.
  • Жақсы орындалған жұмыстарды атап көрсету.

Үй тапсырмасы

Жұмысты үйде аяқтап келу.