Денсаулық салауатты өмір салты туралы ғылым

Кіріспе

Тәрбие сағатын Н. Ә. Назарбаевтың сөзімен бастау орынды:

«Дені сау сәби — әр отбасының қуанышы, бақыты. Ал денсаулығы мықты сәби — халықтың болашағы, Отанның сенімді тірегі».

«Салауатты өмір — көтеріңкі көңіл» атты ашық тәрбие сағатында денсаулықтың құндылығы, дұрыс әдет қалыптастыру, зиянды әрекеттерден сақтану туралы ой бөлісеміз.

Жоспар

  1. I

    Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен

    Жұмбақ кейіпкер және жағдаяттар арқылы талқылау.

  2. II

    Зиянды әдеттер

    Мұғалім түсіндірмесі, плакат және слайдпен жұмыс.

  3. III

    Медбике кеңесі

    Күнделікті тағамдар мен сусындардың зияны туралы сұрақ-жауап.

  4. IV

    Денсаулық — зор байлық

    Топтық сұрақ-жауап.

  5. V

    Сергіту сәті

    Би-қозғалыс: «Қозғалыс — денсаулық».

  6. VI

    Қорытынды

    Денсаулық — бақыттың кепілі.

Зиянды әдеттер туралы ой

Бүгінгі ұрпақ еліктегіш болуы мүмкін. Сондықтан «жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену» — өмірлік қағида. Жаман әдеттерге темекі шегу, ішімдікке әуестік, нашақорлық, ұрлық, бұзақылық және жұқпалы ауруларға немқұрайлы қарау сияқты әрекеттер жатады.

Халық сөзі бекер емес: «Арақ — арыңа нұқсан, темекі — тегіңе нұқсан». Бұл әдеттерден алыс болу — өзіңді құрметтеу.

Жұмбақ кейіпкердің хаты

Өзімнен өзім сыр таптым,
Өле алмай жүрген сырқатпын.
Шіріген картоп сияқты,
Бұрышта қалған бір қаппын.

Өзімнен өзім тістенем,
Істеген ісіме өкінем.
Ұмытайын десем қорқамын,
Көрмейтін сұмдық түс көрем.

Қымбатты оқушылар, мен 14–15 жасымда үлкен өкінішке ұрындым. Кейбіреулер үшін бұл жас — қуаныш пен шаттыққа толы кезең болса, мен үшін ең ауыр уақыт болып қалды.

Бастауыштан бері алғырлығыммен, өнеріммен, ұшқыр ойыммен көзге түсіп жүрдім. Бірақ 8-сыныптан бастап күрт өзгердім. Бұған себеп — алғашқы махаббат. Сыныбымызға жаңадан келген қызға ғашық болып, сезімім жауапсыз қалған соң, өмірден түңілдім.

Көшедегі жаман ортаға еріп, темекі тарта бастадым. Сабаққа немқұрайлы қарап, бір тоқсанның ішінде үлгерімім төмендеп кетті. Кейін мектепке баруды да қойдым. Ата-анамның ақылын тыңдамадым: қанша сөйлессе де, қанша тәрбиелесе де, өзім дегеннен қайтпадым.

Ұстаздардың сөзінен, үйдегі ұрыс-керістен қашып, түнде үйге қонбай жүрдім. Подвалда түнеп, ұрлыққа барып, төбелеске араластым. Ішкенім — арақ, шеккенім — темекі болып, ақыры нашақорлық пен жұқпалы ауруға тап болдым. Сол ағынға қарсы тұра алмай, темір тордың ар жағынан бір-ақ шықтым.

Тек сонда ғана есімді жиып, қатты өкіндім. Алты ай отырып шыққан соң, жаңа өмір бастауға бел будым. Достар, өмір қамшының сабындай қысқа. Қандай жағдай болса да мойымау керек. Ашуды ақылға жеңдіріп, мен сияқты қателікке бой алдырмаңыздар.

Талқылауға сұрақтар

  1. Жұмбақ кейіпкердің әрекеті дұрыс па? Неліктен?
  2. Егер сіз оның орнында болсаңыз, қандай шешім қабылдар едіңіз?

Жағдаяттар: өмірлік таңдау сәттері

Төмендегі жағдаяттарды оқып, өз ұстанымыңыз бен нақты әрекет жоспарыңызды айтыңыз.

1-жағдаят

Жан досыңыз сізді бір отырысқа ертіп барды. Онда бейтаныс адамдар ішімдік ішуге, шылым шегуге шақырады. Досыңыз да соларды қолдайды. Сіз не істейсіз? Шұғыл шешім қабылдайсыз ба?

2-жағдаят

Сыныпқа жаңа оқушы келді, сіз онымен дос болдыңыз. Кейін оның жұқпалы аурумен ауыратынын білдіңіз. Бұл жағдайда қарым-қатынасыңызды қалай дұрыс құрасыз?

3-жағдаят

Жақсы көретін ағаңыздың аузынан бірнеше рет сыраның иісі шыққанын байқадыңыз. Оған қалай көмектесер едіңіз?

4-жағдаят

Мектептен қайтып келе жатып, темекі шегіп отырған оқушыны көрдіңіз. Сіз не істейсіз?

5-жағдаят

11-сынып оқушысы: «Күнде бір қорап темекі әкеп бер. Екеуміз бірге шегеміз. Ешкім білмесін. Әйтпесе…» — деп қорқытады. Не істейсіз?

Зиянды әдеттер: қысқаша түсіндірме

Бұл бөлімде слайд пен плакаттар арқылы зиянды әдеттердің салдары, тәуелділіктің алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық туралы мәлімет беріледі.

Темекі

Тыныс алу жүйесіне зиян, тәуелділік қалыптастырады, спорттық төзімділікті төмендетеді.

Ішімдік

Жас ағзаға ауыр салмақ түсіреді, шешім қабылдауды әлсіретеді, қауіп-қатерді арттырады.

Нашақорлық

Денсаулыққа ғана емес, өмірлік жоспарға, отбасы мен қоғамға да зиян келтіреді.

Медбике кеңесі

Сұрақ:

Қазіргі кока-кола, чипсы сияқты өнімдердің құрамында қандай зиянды заттар болуы мүмкін?

Бұл сұрақ оқушылардың тұтынушылық сауатын арттыруға, қант мөлшері, тұз, қоспалар және энергетикалық құндылық туралы ойлануға бағытталады.

Денсаулық — зор байлық: сұрақ-жауап

1-топ

  1. Денсаулық дегенді қалай түсінесіңдер?

    Денсаулық — адам өміріндегі ең үлкен байлықтың бірі. Денсаулық бар кезде адам еңбек етеді, мақсатқа жетеді, сапалы өмір сүреді. Оны сақтау мен нығайту әр адамның өзіне байланысты.

  2. Денсаулықтың достары мен қастары нелер?
  3. Қандай спорт түрлерін жақсы көресіңдер?

2-топ

  1. Денсаулықты сақтау үшін қандай ережелерді орындау керек?

    Жеке бас гигиенасын сақтау, күн тәртібін ұстану, дене шынықтырумен шұғылдану, дұрыс тамақтану, ағзаны шыңдау, белсенді әрі мейірімді болу.

  2. Біз не үшін тамақтанамыз?

    Адам күш-қуат жұмсайды, оны қалпына келтіру үшін дұрыс тамақтануы тиіс. Дұрыс тамақтану — денсаулықтың негізі.

  3. Қазақстанның туын көкке көтеріп жүрген қандай спортшыларды білесіңдер?

3-топ

  1. Денсаулыққа не зиян?

    Күн тәртібін бұзу, гигиенаны сақтамау, аз қимылдау, жағымсыз әдеттерге әуестену.

  2. Сезім мүшелері қандай?

    Көз, құлақ, мұрын, тіл, тері.

  3. Қандай ұлттық ойындарды білесіңдер?

Сергіту сәті

Би-қозғалыс: «Қозғалыс — денсаулық. Денсаулық — зор байлық».

Әуен: «Чемпиондар» әні.

Қорытынды

Бірде ұлы ойшыл Сократтан: «Адамға өмірде не қымбат: байлық па, әлде атақ па?» — деп сұраған екен. Сонда ол: «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей — ауру патшадан бақыттырақ», — деп жауап берген.

Бақытты болудың шарты — денсаулық, ал денсаулықтың кепілі — салауатты өмір салты.

«Тіршіліктің негізі — салауатты болашақ» деген оймен тәрбие сағаты тәмамдалады.