Сабақтың мақсатын айту
Қазақ тілі (5-сынып): сабақ тақырыбы
- Лексикалық тақырып
- Ұлттық ойындар
- Грамматикалық тақырып
- Есімдік
- Сабақтың түрі
- Аралас сабақ
- Әдістер
- Интерактивті оқыту, сұрақ-жауап, мәтінмен жұмыс, ойын
- Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта, суреттер, грамматикалық ойындар, ойын заттары (оқтау, тақия, орамал)
Сабақтың мақсаты
Білімділік
- Қазақтың ұлттық ойындары туралы мәлімет беру.
- Есімдік туралы түсінік қалыптастыру, жалпы мағлұмат беру.
- Тақырып бойынша білімді жүйелеу, пысықтау және тиянақтау.
- Грамматикалық ұғымдарды сауатты әрі дұрыс қолдану дағдыларын дамыту.
- Пәнге қызығушылықты арттыру.
Дамытушылық
- Ойлау, есте сақтау және көру қабілеттерін дамыту.
- Ой түйіндеуге және шығармашылықпен жұмыс істеуге жетелеу.
- Мәтінді қазақ тілінде әңгімелеуге, ауызекі сөйлеуге дағдыландыру.
- Ой-өрісті кеңейту.
Тәрбиелік
- Спортқа қызығушылықты арттыру.
- Адамгершілікке және ұқыптылыққа тәрбиелеу.
- Салауатты өмір салтын ұстануға баулу.
Сабақ барысы
I. Психологиялық кезең
Сәлемдесу. Мұғалім оқушылармен амандасады және сабаққа қонақтар келгенін айтады. Оқушылар мейіріммен, ақ ниетпен қонақтармен де амандасады.
Амандасу шумағы
Үлкенге де сіз, Кішіге де сіз. Сәлем бердік сіздерге, Құрметпен біз.
- Оқушыларды түгелдеу.
- Кезекшімен қысқаша сұхбат.
Сабақтың бағыты
Өткен сабақта «Ұлттық ойындар» тақырыбы қарастырылды. Бүгін лексикалық тақырып жалғасады, ал грамматикалық тақырып ретінде есімдік оқытылады. Мақсат — ұлттық ойындармен тереңірек танысып, есімдіктерді сөйлемде дұрыс қолдану.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Үй жұмысы сұрақ-жауап арқылы тексеріледі. Интерактивті тақтадан қазақ ұлттық ойындарының суреттері көрсетіліп, оқушылар көрген ойын түрлерін атайды.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Қандай ұлттық ойындарды білесіңдер?
- Ұлттық ойындар немен байланысты?
- Ұлттық ойындар нені қажет етеді?
- Қойшылар ойын ойнағанда нені пайдаланған?
III. Жаңа сабақ
Қазақтың ұлттық ойындары: 5 бағыт
- Аңға байланысты ойындар
- Малға байланысты ойындар
- Түрлі заттармен ойналатын ойындар
- Зеректік, ептілік және икемділікті қажет ететін ойындар
- Соңғы кезде қалыптасқан ойындар
Ойынды кім жақсы көрмейді? Әрине, бәріміз де ойнағанды жақсы көреміз. Қазақша ойын ойнау арқылы жаңа сөздерді де тез меңгеруге болады.
Бүгінгі сабақта Залина, Женя, Рүстем және Диана мектеп жасындағы балаларға арналған ұлттық ойындармен таныстырып, сыныптастарын ойнатады.
Сыныпта ойнатылатын ойындар
| Ойын атауы | Түсіндірме (аударма) | Таныстыратын оқушы |
|---|---|---|
| Көтермек | «Подними-ка» | Женя |
| Тақия тастамақ | «Тюбитейка-невидимка» | Диана |
| Оқтау тартыс | «Перетяни-ка» | Рүстем |
| Түйілген орамал | «Завязанный платок» | Залина |
Бекіту сұрақтары
- Осы ойындар ұлттық ойындардың қай түріне жатады? (Түрлі заттармен ойналатын)
- Қандай заттарды пайдаландық? (Оқтау, тақия, орамал)
- Ойындар сендерге ұнады ма?