Әке сен үшін кім
Тәрбие сағатының тақырыбы
«Әке мен ер есімі – егіз»
Мақсаты
Оқушылардың бойында ата-анаға деген ерекше жылы сезім қалыптастыру; ата-ананың бала өміріндегі рөлін түсіндіру; ата-ананы құрметтеп, сыйлай білуге тәрбиелеу.
Әдістері
- Ой қозғау
- Жағдаяттарды талдау
Көрнекілігі
Интерактивті тақтадағы слайдтар, қима қағаздар және қосымша материалдар.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Халқымыз әкені ерекше дәріптеген: «Жақсы әкенің даналығы балаға мың жылдық азық», «Әкеге бағыну – Тәңірге бағыну» деген нақылдар соның айғағы.
Бүгінгі тәрбие сағатымыз баланың әкесін ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке де есінен шығармауына арналады.
Топтастыру стратегиясы
Сұрақтар
- Әке сен үшін кім?
- Әкенің отбасындағы және қоғамдағы рөлі қандай?
(Барлық оқушы бір-бірден жауап береді.)
Жинақталған ой
Әке – отбасының қамын ойлайтын тірек; жауапкершілікті биік ұстайтын, бір сөзді, еңбекқор, табанды, парасатты, жүректі, батыр жан. Сонымен қатар ол мейірімді, кешірімді, жұмсақ мінезді, қамқоршы, ақылшы; қиындықты жеңе білуге үйрететін тұлға.
Талқылау
- Әке туралы қандай өлеңдерді білесіңдер?
- «Әке» сөзіне лайық болу үшін адам қандай болуы керек?
Назар
Төмендегі жағдаяттарға байланысты пікірлеріңді айтып, ой түйіндеңдер.
Жағдаяттарды талдау
1-жағдаят: «Ай ғой, ай!»
Ертеде бір қарт кісі сырқаттанып жатып, жалғыз ұлына: «Әке, мен сені айшылық жердегі аты шыққан тәуіпке апарып емдетемін», – деген екен. Баласы әкесін арқасына салып, жолға шығады.
Ұзақ жүріп, қас қарайған кезде әкесі: «Балам, анау не?» – деп сұрайды. Баласы: «Ол – ай», – деп жауап береді. Аздан соң әкесі тағы сұрайды. Үшінші рет сұрағанда, әкесінің салмағы арқасына батып, шаршаған ұл: «Ай ғой, ай! Неге қайта-қайта сұрай бересің? Өзім шаршап, әрең келе жатырмын», – деп айқайлап жібереді.
Сонда әкесі: «Сен мені жерге түсіре ғой. Сен кішкентай кезіңде мен қаншалық шаршап келсем де, “анау не?” деген сұрағыңа күніне жүз рет жауап беретінмін. Ал сен менің бір еркелігімді көтере алмадың. Сенен ауыр сөз естігенше, қарттықтан дүниеден озғаным артық», – дейді.
Ойлануға сұрақ: «Шаршап келе жатқанда әкеге қатты сөйлеудің несі бар?» деген пікірге қалай жауап берер едіңдер? Ой түйіндеп, ортаға салыңдар.
2-жағдаят: Әке хақысы және бала мейірімі
Бір жігіт пайғамбарымызға келіп: «Әкем қартайғандықтан жайсыз болып кетті. Үйіме келіп, қолына не ілінсе, соны алып кете береді», – деп шағынады.
Мұны естіген Расулалла қарияны алдына шақыртады. Қарттың үстіндегі киімі әбден тозған, өзі бейшара халде екен. Одан: «Ұлыңның сөзі рас па?» – деп сұрайды.
Қария: «Иә, рас. Мен ұлымды бағып-қақтым, өсірдім. Анасы ерте дүние салған еді. Өзім жемегенді ұлыма жегіздім, өзім кимегенді ұлыма кигіздім. Қартайғанымда бағады ғой деген үмітім де болды. Бірақ ұлым мейірім-шапағаты кем болып шықты. Маған қарайласпайды. Сондықтан өз күнімді өзім амалдап жүрмін. Ұлымның үйіне барсам, қолыма ілінген затты ала кетемін. Оны сатып, ақшасына тамақ алып күнелтемін...» – дейді.
Талқылауға сұрақтар:
- Егер сен би болсаң, мұндай жағдайда қандай шешім шығар едің?
- Ата-ана алдындағы бала парызы дегенді қалай түсінесіңдер?
- Мінезіне не іс-әрекетіне қарап, әкені сыйламау дұрыс па?
Эссе тапсырмасы
«Әке деген – ұлы есім!» Болашақта көпшілігіміз әке атанамыз. Егер сен әке болсаң, қандай әке болар едің? Өз ойыңды дәлелмен, мысалмен жаз.
Бағдар
Қандай құндылықты бірінші орынға қоясың?
Іс-әрекет
Баламен қарым-қатынасың қандай болады?
Үлгі
Өз әкеңнен алған өнеге қандай?
Қорытынды
Әке қашан да әке. Ол сені дүниеге әкелді, өсірді, өмір жолына бағыт берді. Сондықтан перзенттік парызымызды ешқашан ұмытпайық: әкені құрметтеу — адамдықтың өлшемі.