Тіл ұстарту
Сауат ашу сабағы: «Й, й» дыбысы және әрпі
Бұл сабақ жоспары бастауыш сынып оқушыларына Й дыбысы мен әрпін таныстыруға, сөз ішінде орнын анықтауға және буынға бөліп, дыбыстық талдау жасауға бағытталған.
Сабақтың мақсаттары
1) Білімділік
- Й дыбысы мен әрпін таныстыру.
- Й дыбысы бар сөздерге дыбыстық талдау жасай білуге үйрету.
2) Дамытушылық
- Тіл ұстарту мақсатында Й дыбысына сөз құрату.
- Й дыбысын буын ішінде бекіту.
3) Тәрбиелік
- Балаларды ұқыптылыққа және ептілікке тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер және көрнекіліктер
Әдіс-тәсілдер
Сөздік әдіс, сұрақ–жауап, ойын элементтері, өлең/тақпақ арқылы бекіту.
Көрнекіліктер
Тақырыпқа байланысты суреттер, кеспе әліппе, үлестірмелі материалдар.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Үй тапсырмасын тексеру және өткен материалды еске түсіру сұрақтары қойылады:
- Өткен сабақта қай әріппен таныстық?
- «Ш» қандай дыбыс?
Ойын: «Сөз ойла, тез ойла»
Мұғалім жұмбақ жасырады, оқушылар тез шешуге талпынады:
Ти десем, тимейді,
Тиме десем, тиеді.
2) Жаңа тақырып
Жаңа сабақтың тақырыбы жұмбақтар арқылы ашылады. Оқушылар жауаптарды табады, содан соң сол сөздермен жұмыс жасалады.
Киелі бір жануар,
Үстінде екі тауы бар
Жауабы: Түйе
Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар
Жауабы: Қой
Әдемі түнде,
Мен жүрсем жүреді бірге
Жауабы: Ай
Дыбыстық талдау: «түйе», «қой», «шай», «ай» сөздеріне талдау жасалады (мүмкіндікке қарай үш тілде айтқызылады).
Сергіту сәті
Оқушылар өлең немесе тақпақ айтып, көңіл сергітеді.
Жаңылтпаш (хормен)
Ай-ай, Айдарбай,
Иір мүйіз сиырыңды
Үйіңе айдай бар.
Суретпен жұмыс
Суреттер арқылы сөздерді атау, Й дыбысының сөз ішінде қай жерде тұрғанын анықтау.
Дәптермен жұмыс
Үлгі бойынша сызықтарды қосу, Й әрпінің баспа түрін жазу, алдымен ауада жазып көрсету.
Й әрпі туралы өлең
Й әрпінің сөз ішінде жиі кездесетін орындарын өлең арқылы түсіндіруге болады:
Бұл Й — дың сөз басында,
Болмайды көп керегі.
Йог пен йодтың расында,
Алдында тек келеді.
Соңында ол «айдың» да,
Соңында ол «тайдың» да.
Тұрады ол ортада —
Айбын менен Айдында.
Талқылау сұрақтары:
- Бүгін біз қандай дыбыспен танысамыз?
- Й қандай дыбыс?
Тіл ұстарту: буын ішінде бекіту
Й дыбысына сөз құратып, буынға бөліп айтқызу:
- ой-на
- ой-ла
- сай-ран
- ай-ман
- ой-лан
Тапсырма: дыбыстың орнын анықтау
Үстел үстіндегі әртүрлі суреттерге қарап, тақтаға шыққан оқушы Й дыбысының сөздің қай бөлігінде тұрғанын (басында, ортасында, соңында) анықтайды.
Қателескен жағдайда оқушы жұмбақ немесе тақпақ айтады.
Ойын: «Кім көп сөз ойлайды?»
Оқушылар Й дыбысы кездесетін сөздерді мүмкіндігінше көп ойлап айтады.
3) Қорытынды
Сабақ соңында қай дыбыспен танысқаны қайта сұралады және сөздерді буынға бөліп бекіту жүргізіледі.
Буынға бөлу (қимыл арқылы)
Й дыбысы бар сөздерді буынға бөліп айту (мысалы, секіру арқылы белгілеу):
- Ай-дын
- ай-на
- ай-ла
- Ай-ша
Үй тапсырмасы
Й дыбысы кездесетін сөздерге сәйкес сурет салып келу.
Бағалау
Смайликтер арқылы бағалау жүргізу.
Дәуір жалпы орта мектебі, коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Орынбасарова Ж.