Алтын қақпа

Сабақ туралы мәлімет

Пәні мен тақырыбы

Математика, 2-сынып. Сабақтың тақырыбы: Қосындыдан санды азайту тәсілі.

Сабақ түрі және әдістері

  • Сабақ типі: іскерлік пен дағдыны қалыптастыру.
  • Сабақ әдісі: интерактивті әдіс, СТО технологиялары.
  • Пәнаралық байланыс: әдебиеттік оқу.

Сабақ мақсаттары

Білімділік

Қосындыдан санды азайту тәсілдерін меңгерту және есепті үш түрлі тәсілмен шығару жолдарын үйрету.

Дамытушылық

Есте сақтау мен ойлау қабілеттерін дамыту; ауызша және жазбаша есептеу арқылы өз бетінше ізденуге баулу.

Тәрбиелік

Ұйымшылдыққа, ұқыптылыққа, тапқырлыққа, білімпаздыққа тәрбиелеу және ақыл-ой белсенділігін арттыру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық:

Біз тату баламыз,

Өсіп алға барамыз.

Есептерді шығарып,

Біз білімді боламыз.

II. Сабақтың ұраны

Қазақ халқының ақыл-ой мен білім туралы мақал-мәтелдеріне сүйене отырып, бүгінгі сабақтың ұраны:

«Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ»

Алған білімімізді ортаға салайық.

III. Ой қозғау

«Сандарды тиісті үйіне орналастырайық» ойынымен сабақты бастаймыз.

IV. Жаңа тақырып: Қосындыдан санды азайту тәсілі

Ой ашар: «Білім — алып күш, біле білу де зор күш».

Интерактивті тақтаға назар аударайық: қосындыдан санды қандай тәсілдермен азайтуға болады?

1-тәсіл

Жоғарыда 6 көбелек, төменде 4 көбелек қонып отыр. Барлығын табамыз: (6 + 4) = 10. Оның 3-еуі ұшып кетті:

(6 + 4) − 3 = 7

2-тәсіл

Алдымен 6 көбелектің 3-еуі ұшты: (6 − 3). Сосын төмендегі 4 көбелекті қосамыз:

(6 − 3) + 4 = 7

3-тәсіл

Төмендегі 4 көбелектің 3-еуі ұшты: (4 − 3). Сосын жоғарыдағы 6 көбелекті қосамыз:

(4 − 3) + 6 = 7

«Алтын қақпа» ойыны

Есептерді әрі қарай «Алтын қақпа» ойыны түрінде орындаймыз. Қақпадан өту үшін тапсырмаларды толық орындау қажет.

1-қақпа: Темір қақпа (№2 есеп)

Аулада 8 ақ және 7 қызыл раушангүл өсіп тұр. Гүлшоғын құрастыру үшін 5 раушангүл қиып алынды. Аулада неше раушангүл қалды? Есепті әртүрлі тәсілмен шығар.

1-тәсіл

(8 + 7) − 5 = 10

2-тәсіл

(8 − 5) + 7 = 10

8 ақ гүлдің 5-еуін қиып алып, қалғанына 7 қызыл гүлді қоссақ, 10 гүл болады.

3-тәсіл

(7 − 5) + 8 = 10

7 қызыл гүлдің 5-еуін қиып алып, қалғанына 8 ақ гүлді қоссақ, 10 гүл болады.

2-қақпа: Мыс қақпа (№3 есеп)

  • Күріш60 қап
  • Кеспе40 қап
  • Жөнелтілді30 қап
  • Қалды?

1-тәсіл

Алдымен барлығы қанша қап бар екенін табамыз, содан кейін жөнелтілгенін азайтамыз:

(60 + 40) − 30 = 70

2 және 3-тәсілдерін оқушылар өз бетінше орындайды.

3-қақпа: Күміс қақпа (№4)

Өрнектерді тиімді тәсілмен есепте:

30 + (5 + 65)
(8 + 2) + 70
8 + (80 + 2)
4 + (44 + 6)

4-қақпа: Алтын қақпа

Алтын қақпаны сабаққа өте жақсы қатысқан оқушы ашады.

Қақпадан шыққан сөз:

«Білім — байлық»

Бар байлыққа білімнің негізінде қол жеткіземіз. Сондықтан білімді болайық.

V. Бағалау

Оқушылардың тапсырмаларды орындауына және сабаққа қатысу белсенділігіне қарай бағалау жүргізіледі.

VI. Үй тапсырмасы

Қосындыдан санды азайтуға арналған ұқсас тапсырмалар құрастырып, бірнеше тәсілмен шығарып келу.

VII. Қорытынды

Қосындыдан санды азайтудың үш тәсілін салыстырып, тиімді жолын таңдауға дағдыланамыз.