Нұрға бөлену. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Сабақ мақсаты
Оқушылардың өмірге деген сүйіспеншілігін оятып, жанашырлық пен адамдарға риясыз қызмет ету қасиеттері арқылы сүйіспеншілік құндылығын тереңдету.
Міндеттері
- Өмірдің құндылығы туралы тереңірек білім беру арқылы риясыз сүйіспеншілік қабілетін ашу.
- Өмірге құштарлықты дамыту.
- Өмірдің мәнін түсінуге, төзімді болуға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Сәлеметсіздер ме, оқушылар! Керемет көңіл күймен қауышқаныма қуаныштымын. Сабақты бастамас бұрын Өзін-өзі тану пәнінің «5Т» ережесін еске түсіреміз: тәртіп, талап, тыныштық, татулық, тазалық.
Енді заттарымызды түгендейміз. Сабаққа қатысқан оқушылар 20 ұпаймен бағаланады.
Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»
Мақсаты: ішкі тыныштықты сезіну, мейірім мен сүйіспеншілікті күшейту.
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыздар. Қолдарыңызды тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз:
Күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай жылжып барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүлдің түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен баяу ашылады. Балғын, таза, әсем гүл ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашады.
Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастайды да, біртіндеп күшейеді. Ойша осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер жасап, баршаға көмектеседі.
Нұр аяқтарыңызға тарайды: аяқтарыңыз сәуле шашып, сізді жақсылық жасауға бастайтын жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналады.
Нұр аузыңызға, тіліңізге тарайды: тіліңіз тек шындықты айтып, жақсы, ізгі сөздер сөйлейді. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз: құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздеріңізге жетеді: көздеріңіз тек жақсыға қарап, әр нәрседен жақсылық көреді.
Басыңыз түгелдей нұрға бөленеді: ойыңызға тек ізгі, сәулелі ойлар келеді. Нұр бірте-бірте қарқынды болып, денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады.
Осы нұрды ата-анаңызға, туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз — олардың да жүрегі нұрға толсын.
Нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, бар тіршілікке таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.
Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен — Нұрмын».
Осы нұр, махаббат және тыныштық күйінде біраз отырыңыз. Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем — сіздің жүрегіңізде. Осы әсем қалыпты сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашыңыз. Рахмет.
Рефлексия
Оқушылар өз әсерлерімен бөліседі: қандай сезім пайда болды, қандай ой келді, нұрды кімдерге бағыттау оңай немесе қиын болды.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Ш. Сариевтің «Өмір» тақырыбындағы өлең жолдарын талқылау:
Өмір деген тұрады: таң мен кештен,
Ғұмырлы екі араны жанмен кешкен.
Құпия, жұмбақ, сырлы дүниеге,
Адамдар арманмен келіп, арманмен көшкен.
Өмір деген екі өзен: мұң – қуаныш,
Толқыны: шындық – жалған, күлкі – намыс.