Әдеби - музыкалық монтаж

Тақырыбы: Анаға құрмет — балаға міндет

Бұл тәрбие сағаты ананың қадір-қасиетін ұғындыруды, ананы сыйлауға және құрметтеуге баулуды мақсат етеді. Сонымен қатар ана туралы өлеңдер мен мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіріп, «Анаға құрмет — балаға міндет» қағидасы арқылы адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталады.

Мақсаты

  • «АНА» сөзінің құдіреті мен ұлылығын ұғындыру.
  • Ананы сыйлауға, құрметтеуге үйрету.
  • Ана туралы өлеңдер мен мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіру.
  • Адамгершілікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Тәрбие сағатының атауы Мақал-мәтелдер Нақыл сөздер Портрет Гүлдер Шарлар

Жоспары

  1. I Ұйымдастыру бөлімі
  2. II Негізгі бөлім

Жүрісі

Ұйымдастыру

Жүргізуші: Қош келдіңіздер, ақ жаулықты аналар, ұлағатты ұстаздар! Бүгінгі тәрбие сағатымыз көгілдір көктемнің алғашқы мерекесі — 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күніне арналады. «Аналар күні» атты тәрбие сағатымыз ашық деп жарияланады.

Бөлімдер

  • 1-бөлім: Баяндама — «Аналар күні»
  • 2-бөлім: Әдеби-музыкалық монтаж
  • 3-бөлім: Эстафеталық сайыс
  • 4-бөлім: Сұрақтарға жауап беру

Баяндама: «АНА» сөзінің құдіреті

«АНА» — әрқайсымызға етене жақын әрі ең қымбат ұғым. Осы бір аяулы сөзге байланысты ықылым заманнан бері қаншама сырлы жыр туып, әуезді ән шырқалды. Сиқыр сөзден маржан төккен шешендердің өзі түптің түбінде бір-ақ сөзге тоқтаған: ең асыл теңеу де «Ана» деген сөздің орнын баса алмайды.

Осы құдіреттілікті түсінген жұрт: «Ананың ақ сүтін ақтау оңай емес» деген тоқтамға келген. Ана алтынға бөлеп, ақ орда салуды қаламайды — ол баласының ер жетіп, адал болуын қалайды. Анаға бұдан артық тарту жоқ.

Қазақ халқы көне заманнан бері әйелді, ананы, қыз баланы қадірлеп, құрмет тұтуды берік дәстүрге айналдырған. Мұны ел жадында сақталған дана мақал-мәтелдер де дәлелдейді.

  • «Алып анадан туады»
  • «Ананың алды — ақ жайлау»
  • «Ана алдында құрмет — ата алдында қызмет»
  • «Мейірімі мол ананың — жүрегі жылы, қолы кең»
  • «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа»

Анаға табынбайтын жан жоқ: тіпті ел жауы да ана алдында бас иген. «Әйел — жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы; ер — көктен түскен жоқ, әйел — оның анасы» деген ой да осы ақиқатқа жетелейді.

Осы орайда баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесі — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Дендеріңіз сау, өмірлеріңіз ұзақ, еңбектеріңіз жемісті, көңілдеріңіз қазақ даласындай кең, еліміз тыныш болсын.

Өлең шумағы

Ананың әрбір сөзі, ой, талабы

Жүректің тереңінде сақталады.

Өсеміз елін сүйген ұландар боп,

Ардақты ана еңбегі ақталады.

Әдеби-музыкалық монтаж

1-оқушы

Айналайын, анашым,

Сұлусың, жаның асыл.

Мұңыңды менен жасырып,

Күндей күліп жанасың.

Бір жақсы іс істесем,

Мақтанасың бірге сен.

Анашым, менің анашым,

Жақсы көрем күнде мен.

2-оқушы

Шабытым шалқып келгенде,

Шарықтап самғап қалайын.

Жырымнан тізіп ақ маржан,

Мойныңа алқа тағайын.

Өлеңнен соғып ән мүсін,

Тойыңа шашу шашайын.

Асылым, анам, сен үшін,

Сырымды бүгін ашайын.

Ән

«Ана туралы жыр»

Түйін

Анаға құрмет — балаға міндет.

Ананың мейірімі мен еңбегін бағалау — тәрбиенің өзегі, адамдықтың өлшемі.