Тыйым сөздерді оқушыларға беру
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ш. Берсиев атындағы орта мектебі
Информатика пәні мұғалімі: Әжмұханбетова Айгүл
Ұл — инабатты, қыз — өмір көркі
«Әке — асқар тау, ана — бауырындағы бұлақ, бала — жағасындағы құрақ» дейді халқымыз. Сәби үшін ең жылы ұя — ата-ананың аялы алақаны, мейірімі мен қайырымдылығы. Бүгінгі басқосудың өзегі — ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты нығайту, ортақ тәрбиелік жауапкершілікті сезіндіру.
Адамның ажары да, бақыты да отбасынан басталады. Отбасы бақыты — сырттан келіп қонатын құбылыс емес. Ол үздіксіз тәлім мен тәрбиеден қалыптасатын жарқын, адал мінезге байланысты. Шын мәнінде, отбасының берекесі мен бала тәрбиесінің сапасы — ата-ананың өз қолында.
Негізгі идея
Бала — отбасының айнасы. Тәрбиенің тірегі — үлгі, келісім және тұрақты қолдау.
Тірек құндылықтар
Сыйластық, жауапкершілік, салт-дәстүрді құрметтеу, ізгі мінез.
Тәрбие сағатының мақсаты
- Ата-аналарды қатыстыра отырып, олардың үлгісі мен ықпалы арқылы оқушыларды ата-анасын сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.
- Ата-ана, ұстаз және оқушы арасындағы ынтымақты нығайту.
- Халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі арқылы оқушылардың бойында асыл адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру.
Көрнекіліктер
Нақыл сөздер
Отбасы, ата-ана, салт-дәстүр туралы нақыл сөздер.
Интерактивті материал
Интерактивті тақтада слайдтар топтамасы.
Сабақтың құрылымы
- I «Сан сұраққа саяхат» (сұрақ-жауап кезеңі)
- II Өнер көрсету (оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен)
- III «Сыңарын тап» (мақал-мәтелді толықтыру)
- IV Тыйым сөздер: мәні, пайдасы, пікір алмасу
- V «Сіздің пікіріңіз» (ата-аналармен ашық сұхбат)
I тур: «Сан сұраққа саяхат»
Ата-аналарға сұрақтар
- Малдың 12 мүшесін атаңыз.
- «Елім-ай» әнінің шығу тарихын білесіз бе? (Бір шумағын айтып беріңіз.)
- Ұлттық ойындарды атаңыз.
- Нанға байланысты қандай тыйым сөз білесіз?
Оқушыларға сұрақтар
- Жеті ата деген не? Өз жеті атаңды білесің бе?
- Төрт түліктің пірлерін ата.
- Төрт түліктің сүт атауларын сәйкестендір: қой/ешкі/сиыр — сүт; бие сүті — қымыз; түйе сүті — шұбат.
- Жылқы туралы мақал-мәтел айта аласың ба?
- «Қара кемпір», «Қара шал», «Бозторғай» әндерінің авторы кім? (Жауабы: әнші-сазгер А. Қоразбаев.)
III кезең: «Сыңарын тап»
Ата-аналарға
Әдепті бала ата-анасын мақтатар, …
Жауабы: Әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.
Ана сүтін ақтамағанды …
Жауабы: Ешкім жақтамайды.
Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, …
Жауабы: Шеше тұрып қыз сөйлегеннен без.
Қарағайға қарап тал өсер, …
Жауабы: Қатарына қарап бала өсер.
Үйінде ұл-қызы бардың …
Жауабы: Көгінде сөнбес жұлдызы бар.
Балаларға
Жығылып жатып …
Жауабы: Сүрінгенге күлме.
Күлме досыңа, …
Жауабы: Келер басыңа.
Ауру қалса да …
Жауабы: Әдет қалмайды.
Әдепті бала — арлы бала, …
Жауабы: Әдепсіз бала — сорлы бала.
Ұяда не көрсең, …
Жауабы: Ұшқанда соны ілерсің.
IV кезең: Тыйым сөздер — тәрбиенің темірқазығы
Бұл бөлімде оқушылар тыйым сөздер туралы ой бөліседі, ал ата-аналар тыйым сөздердің тәрбиелік пайдасына қатысты пікір білдіреді.
Оқушылар
Тыйым сөздердің мәні, қайдан шыққаны, күнделікті өмірдегі қолданылуы туралы мысал келтіреді.
Ата-аналар
Тыйым сөздердің пайдасы бар ма, олар баланың мінезі мен жауапкершілігін қалай қалыптастырады — пікір алмасады.
V кезең: «Сіздің пікіріңіз» (ашық сұхбат)
- Тәрбие ісінде отбасының рөлі қандай деп ойлайсыз?
- Ең алдымен қандай тәрбиеге ерекше көңіл бөлер едіңіз?
- Мерекелерде балаңыздың дайын сыйлық бергенін қалайсыз ба, әлде өз қолымен жасаған бұйымын сыйлағанын жөн көресіз бе? Неліктен?
- «Сенің қолыңнан келмейді, кедергі жасама, теледидар көр, демал» деп баланы шеттететін ата-аналарға не айтар едіңіз?
- Кешкі астан кейін ыдыс-аяқ жуылмай қалды, өйткені қызық фильм басталып кетті. Фильм біткен соң қызыңыз: «Шеше, ыдысты таңертең жуа салайыншы» десе, сіз не деп жауап берер едіңіз? Құптайсыз ба?
Қорытынды және ортақ үндеу
Халқымыздың аяулы ұлы, зиялы азаматы Бауыржан Момышұлы бір сөзінде:
«Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлей алмаған, бесігі жоқ елден қорқам. Немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқам. Дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ…»
Бауыржан атамыз бүгінде арамызда жоқ. Бірақ көтерген мәселесі — бүгін де өзекті. Бұл ой ата-анаға да, ұстазға да, балаға да жауапкершілік жүктейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, балаларымызды бірлесе тәрбиелейік.
Қорытынды бөлім
- Қорытынды шығару
- Сыйлықтар үлестіру
- Отбасылармен бірігіп «Ана туралы жыр» әнін орындау
Ақ сөйлеп, адал күлетін бол.
Шындықты жақтап жүретін бол.
Сыйласудың сырын білетін бол.