Бақыт жайлы өлең жазу

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға бақыттың құндылық ретіндегі мағынасы туралы түсінік беру.

Сабақтың міндеттері

  • Адам өміріндегі қуанышты сәттер, игі істерден рақаттану, барға қанағат ету және жалпы адам бақыты туралы ұғымды нақтылау.
  • Рухани-адамгершілік қағидаларға сүйене отырып, өз бақытына жауапкершілікпен қарауға, өмірді бағалай білуге тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар

Оқулық Дәптер Слайд Суреттер

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену».

Оқушылар тынышталып, тынысқа назар аударып, ойды жинақтайды.

2) Үй тапсырмасын тексеру

М. Жұмабаевтың «Сен сұлу» өлеңін мәнерлеп оқу.

Өлең мазмұнына сәйкес табиғаттағы сұлулық туралы пікір жазу.

3) Дәйексөз

«Бақыттың мәні парасаттылықта: әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде; ол мақсат кездейсоқ рақат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында; адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында.»
Әл-Фараби

Дәйексөз топтарға бөлініп оқылады, дәптерге жазылады.

Талқылау: «Дәйексөздің мағынасын қалай түсінесіздер?» Оқушылар пікірін тыңдап, қорытынды жасалады.

4) Әңгімелеу: «Бақытқа барар жол» (Қ. Толыбаев)

Бір құжырға жиналған шәкірттер әңгімеге кірісіп, қыза келе бақыт жайында пікірталасқа түсті. Әрқайсысы көкейіндегі ойын ортаға салды.

«Бақыт — байлық пен қазына», — деді біреуі.

Екіншісі келіспеді: «Жоқ, бақыт — ойлаған мақсат арқылы көксеген мұратты жүзеге асыру».

Үшіншісі: «Бақыт — ойлаған мақсатыңды күштеп болса да орындап шығу», — деді.

Талас ұзаққа созылды, бірақ ортақ тоқтам табылмады. Келесі сабақта шәкірттер осы пікірлерін ұстазы Әбунасырдың алдына жайып салды.

— Ұстаз, бақыт деген не? Сол бақытқа қалай жетуге болады?

Ұстаз жауап берді: «Бақыт — қолға ұстата салатын зат емес. Ол ой мен қиялдың мақсатқа жеткізетін, мұратты орындауға жол ашатын түйіні».

«Бақыт — алға қойған мақсатың мен көксеген мұратыңның орындалуы. Бақыт нышаны ой арқылы танылса, бойдағы талпыныс күші арқылы ілгері құлшынуың керек. Қиял мен сезімнің жебеуімен бақытқа жету үшін, ең әуелі оның мәнін терең анықтап алған жөн», — деді.

Егер адам әрекеті ізгілікке бағытталса, барлық қимыл жақсылыққа бастайды. Сол жақсылық — бақыт.

— Байлық бақытқа жеткізеді дегенге қалай қарайсыз?

Әбунасыр ойға шомып: «Байлық — тіршілік етуге ғана қажетті қаражаттың молдығы. Бірақ байлықтың өзі бақыт емес. Ол өгіздің жем-шөпке тойып тұрғаны секілді ғана құбылыс», — деп түсіндірді.

«Егер ынсап болмаса, адамдыққа жат ниетке тыйым салынбаса, байлық адамды аздырады, пиғылын бұзады. Мұратсыз бақыт та болмайды. Көксеген мұратың көптің мүддесімен қабысса, сол жолдағы әрекетің мұратыңның орындалуына діңгек болады. Бақытқа жеткенің — мұратыңның орындалғаны», — деді.

Ұстаздың ұлағатты ойларынан тәлім алған шәкірттер бұл күні өмір ағысының тағы бір арнасынан сусындады.

Талқылау сұрақтары

  1. Шәкірттер ұстаздан не туралы айтып беруді өтінді?
  2. Ұстаз бақыт туралы қандай ой айтты?
  3. Бақыт дегенді өздеріңіз қалай түсінесіздер?
  4. Бақытқа жету үшін не істеу керек деп ойлайсыздар?

Мәтіннен түйін

Әр адам өз өмірінің бақытты болуын қалайды. Бақытқа жету үшін адам алдына мақсат қойып, игілікті істерді жүзеге асыруға ұмтылуы керек. Әр істің нәтижесіне қуана білу — адамның бағының артуына ықпал етеді.

5) Шығармашылық жұмыс

I топ

«Бақытты болғым келеді» тақырыбында ой-толғау жазу.

II топ

Бақыт туралы өлең жазу.

6) Топпен ән айту: «Бақыт құшағында»

Сөзі
Т. Молдағалиев
Әні
Ш. Қалдаяқов

Өлең мәтіні

Көзіңнен бір ұшқын,
Ұшты ма, білмедім.
Әйтеуір нұр құштым,
Әйтеуір гүлдедім.

Көктемнің бұлбұлы
Кеудеме қонады.
Құшаққа қыр гүлі
Толғандай болады.

Әнбісің төгілген,
Жырымсың армандай.
Бір бақыт көрінген
Жақындап қалғандай.

Жанардың ұшқыны
Жүректе жанады.
Қолыңның ыстығы
Қолымда қалады.

Мен бүгін бұлақпын
Ілгері жүгірген.
Бір нәзік шуақпын
Жаныңа үңілген.

Сүйемін мен күнді,
Көңілді, жалынды.
Сен биле еркімді,
Әлдиле жанымды.

Қайырмасы

Кел, билейік, кетпе менің қасымнан,
Қызғалдағым таң нұрымен ашылған.
Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған.

7) Үй тапсырмасы

М. Мақатаевтың «Бақыт деген…» өлеңін жаттау.

8) Соңғы тыныштық сәті

Ыңғайланып отырыңыздар, көздеріңізді жұмыңыздар. Бүгінгі сабақта не үйренгендеріңізді іштеріңізден қайталаңыздар. Осы сабақтан алған жақсы қасиеттерді ойға түйіп, жүректе сақтайық.

Рахмет. Сабақ аяқталды. Сау болыңыздар!