Елім деп жырлаған үш бәйтерек (мәнерлеп оқу сайысы)Мақсаты:Білімділігі
Мәнерлеп оқу сайысы: «Елім деп жырлаған үш бәйтерек»
І. Қалниязов атындағы «Жас ұрпақ» бірлестігінің ұйымдастыруымен «Елім деп жырлаған үш бәйтерек» атты мәнерлеп оқу сайысын өткіземіз. Бұл байқау — Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды ұлт әдебиетінің алыптарын терең танып, көркем сөздің қуатын сезінуге арналған рухани алаң.
Білімділік
Оқушыларды Сәкен, Бейімбет, Ілияс туралы тың деректермен таныстыру; талдау, қолдану, жүйелеу, салыстыру дағдыларын дамыту.
Дамытушылық
Өз ойын еркін жеткізуге баулу, сөздік қорды молайту, ашылмаған дәйектемелер арқылы дүниетанымды кеңейту.
Тәрбиелік
Сұлулықты тануға, талғампаздыққа, отансүйгіштікке, елін, жерін, тілін құрметтеуге, еңбекқорлыққа тәрбиелеу; патриоттық сезімді нығайту.
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Әдеби кітаптар
- Газет-журналдар
- Суреттер
Сайыс барысы
Құрметті ұстаздар және бүгінгі сайысқа қатысушы сайыскерлер! Бүгін біз көркем сөзді қастерлей отырып, үш бәйтеректің — Сәкен, Бейімбет, Ілиястың — елдік мұратын, азаматтық болмысын, әдеби мұрасын дәріптейміз.
Сайыскерлер
5-сынып
- Арапа Есен
- Палуанбек Нұрсұлтан
- Сәдуақас Ерқұлан
6-сынып
- Мырзабай Мағжан
- Жаңғазы Назира
7 «А» сыныбы
- Темірхан Айжан
- Құдайберген Тамара
- Алмасбекова Айымкүл
7 «Б» сыныбы
- Асылбек Талант
- Раманқұл Нұрболат
8 «А» сыныбы
- Толыбаева Мария
- Әміреев Абай
8 «Б» сыныбы
- Арапа Индира
- Әбілова Шынар
Әділқазы алқасы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері:
- Әбдешова Бағым
- Абытова Өркен
- Нөкешова Зұлхия
Әділ бағалау — өнерге құрмет. Әрбір қатысушының үн ырғағы, мәтінді түсінуі, сахналық мәдениеті және әсерлі жеткізуі назарға алынады.
Кіріспе: Үш бәйтерек туралы толғаныс
Сәкен, Бейімбет, Ілияс! Үшеуінің де бесігі — ұланғайыр даланың топырағы. Бірі — сол даланың кіндік ортасында, бірі — теріскейде, бірі — күнгейдің шалғайында дүниеге келді. Үшеуі де бір жаздың майсасынан нәр алып, бір қыстың ызғарынан алғаш қар кешті.
Үш бәйтерек… Туысы бір болғанымен, тұрысы бөлек: бірі — биікке талпынып, алға ұмтылған өр халықтың асыл арманындай асқақ; бірі — талай тауқыметке төзіп өскен елдің сарқылмас сабырындай сом да мығым; бірі — халықтың парасаты мен аңсарын кең қамтып, мұқалмас жігерін бойына сіңіргендей қуатты, нәрлі.
Үшеуі де — халқы мен заманынан жаралған, елінің сөзін сөйлеген адал ұл.
Сәкен Сейфуллин
Сәкен атамекен болашағының нұрлы, жарқын болуын тіледі. Бар саналы ғұмырын сол ізгі мақсатқа арнады.
Ол жиырма жылдың ішінде қазақ елін дәулеті шалқыған, өнер-білімі гүлденген жұрттар қатарына қосуды армандады: қараңғылық пен дәрменсіздік құрсауындағы бұқараны азат етіп, еркін де жарық әлемге бастау, озық қауымның деңгейіне көтеру — Сәкен мұратының өзегі болды.
Бейімбет Майлин
Қарапайым халықтың тынысын, тіршілік бейнесін дәл таныған Бейімбеттің көкірегіне ерте ұялаған арманы — елдің еңсесін көтеру, еркіндік пен білім арқылы бақытты өмірге жеткізу еді.
Оның шығармалары — өмір шындығын айқын танытқан, халықтың жан дүниесін нәзік те нық суреттеген көркем шежіре.
Ілияс Жансүгіров
Ілияс поэзияның эпикалық арнасын кеңейтіп, лирикаға терең сыр дарытты. Ол шын халықтық, нағыз ұлттық поэзияның өрнекті үлгілерін қалыптастырды.
Білімі мен таланты кемелденген Ілияс аз уақыттың ішінде әдебиет шеберлерінің алдыңғы сапына шықты. Оның есімі туған әдебиет тарихында Алатаудай асқақ биіктің біріндей болып қалды.
Көркем мәтін: «Құлпытас»
Жарасқан Әбдіраш
Талай ұрпақ бізден кейін келсе де,
Тағзым етер, дұға оқыр зейіндеп.
Мына дала болса егер, мына бел —
Сол арада жатыр Майлин Бейімбет.
Ежелден-ақ екі көздің бірі — қас,
Озық туған, ойы жүйрік, жыры жас.
«Ақаңның да Құлагері бар» десек,
Сол Құлагер — Жансүгіров Ілияс.
Теңеуін халық төксе де,
Байламын айтқан бекемдеп:
Сұлуы жердің — Көкшетау,
Сұлуы ердің — Сәкен деп.
Қорытынды
Сайыскерлерімізге алдағы уақытта да шығармашылық шабыт, биік нәтиже және тек жеңіс тұғырынан көріне беруді тілейміз. Көркем сөзге құрмет — елге құрмет.