Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында жатқан ұлттық тәрбиенің озық әрі өнегелі дәстүрлерін, асыл қасиеттерін оқушылардың бойында қалыптастыру, этнопедагогика материалдарын ұтымды пайдалану - аса маңызды міндеттердің бірі
Педагогикалық ой-толғау
Интерактивті оқыту технологиясын тарих сабағында қолдану арқылы білім сапасын арттыру
Қазақстан Республикасының ұстаздарының негізгі мақсаты — қоғам дамуының қазіргі кезеңіне сай жастардың саналы ойлауын қалыптастыру, шығармашыл, өз мамандығын дұрыс таңдаған, ой-өрісі жоғары жеке тұлға тәрбиелеу.
Мұғалім миссиясы
Қоғамның дамып-өркендеуі әлеуметтік-мәдени, этностық ерекшеліктерді терең меңгерген, өзгерістер мен жаңалықтарға сергек қарайтын, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосатын, білім беру саласындағы инновацияларды игере алатын мұғалімнің кәсіби сапаларына тікелей байланысты. Сондықтан мұғалімдік мамандық жан-жақты білімділікті, шынайы сезімталдықты, шәкіртке деген шексіз сүйіспеншілікті талап етеді. Еңбектің нәтижесі балаларға күн сайын қуаныш сыйлаған кезде ғана ол шын мәнінде жемісті болмақ.
Ұлттық тәрбие және ХХІ ғасырдың талабы
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында жатқан ұлттық тәрбиенің озық әрі өнегелі дәстүрлерін, асыл қасиеттерін оқушылар бойында қалыптастыру және этнопедагогика материалдарын ұтымды пайдалану — маңызды міндеттердің бірі. ХХІ ғасыр — қатаң бәсеке ғасыры. Еліміздің білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алып отыр.
Қазақ халқының ұлттық мәдениеті қайта жаңғырып жатқан шақта жеткіншек ұрпақты ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбиелеудің объективті қажеттілігі айқындалды. Қай заманда да жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім-тәрбиесі болатыны белгілі. Егемен Қазақстанның болашақ ұрпағының сана-сезімін, ұлттық психологиясын ата-бабалар салт-дәстүрімен сабақтастыра тәрбиелеу — бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі.
Құқықтық және стратегиялық негіз
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау екені көрсетілген. Сондай-ақ оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу міндеттері айқындалады.
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға белсене қатысатындар — бүгінгі мектеп қабырғасындағы оқушылар екеніне күмән жоқ. Демек, тарих пәні мұғалімінің міндеті — мәдениетті, білімді, іскер тұлғаны дамыту, ұлт рухын көтеру және осы мақсатқа жеткізетін тиімді жолды табу.
Оқытудағы жеке мақсат және сабақ құрастыру ұстанымы
Мұғалім ретінде алдыма қойған мақсатым — оқушыларға ұлттық педагогикалық тәрбие мен сапалы білім бере отырып, олардың шығармашылық қабілеттерін арттыру. Сол себепті сабақты идеялық тұрғыдан ғылыми негізде, өмірмен байланыстыра ұйымдастыру маңызды. Әр сабақта оқушыларды ойлануға, өздігінен ізденуге баулу; ойын ауызша және жазбаша жүйелеп жеткізе білуге, мәдениетті сөйлеуге үйрету; ұлттық әдет-ғұрыпты бойына сіңіруге дағдыландыру — әрбір ұстаздың абыройлы борышы.
Негізгі құрал: интерактивті оқыту технологиясы
Осы бағытта тарих сабағында оқытудың түрлі әдістерін біріктіретін интерактивті оқыту технологиясының тиімді тәсілдерін қолданамын. Интерактивті оқыту әдістері тұлғааралық қарым-қатынасқа негізделіп, «жеке тұлғаны дамытуға бағытталған» қазіргі білім беру парадигмасына толық сай келеді. Ол танымдық белсенділікті және ізденіс дербестігін қалыптастырып қана қоймай, оларды жүйелі түрде дамытады.
Термин мағынасы
«Интерактивті» сөзі ағылшын тілінен аударғанда: inter — «аралық», action — «әрекет».
Негізгі нәтиже
Оқушы әрекет үстінде білім алады, өз пікірін қорғайды, топпен жұмыс істеп, өзін-өзі бағалауға үйренеді.
Интерактивті оқытудың сабақтағы басым бағыттары
- Баланың жеке өздігінен ізденуіне мүмкіндік беру.
- Топтасып оқып-үйренуге жағдай жасау.
- Оқушының өзін-өзі бағалау дағдысын қалыптастыру.
- Іс-әрекет барысында білім алуды ұйымдастыру.
Оқушының еркін сөйлеуін қолдайтын мұғалім тәсілдері
Қолдау мәдениеті
Алғыс сезімін білдіріп, үнемі көтермелеп отыру.
Қателікпен жұмыс
«Жауабыңыз дұрыс емес» деп кесіп айтпай, оның орнына сыныптан: «Келісесіздер ме?» деп талқылауға бағыттау.
Назардан тыс қалдырмау
Зейінсіз немесе енжар көрінген оқушыны анықтау: кейде дәл сол оқушының ерекше ойы немесе тың пікірі болуы мүмкін.
Автор туралы
Жезқазған қаласы №133 негізгі мектебі, тарих пәні мұғалімі — Наурызбаева Қ. Е.