Бір сөйлеммен жауап беріңіздер
Сабақтың тақырыптары мен мақсаты
Лексикалық тақырып
Салауатты өмір салты
Грамматикалық тақырып
Қос сөздер
Сабақтың түрі
Панорамалық сабақ
Білімділік
- Денсаулық негіздері туралы білімді толықтыру және қалыптастыру.
- Мақал-мәтелдермен жұмыс арқылы ауыз әдебиетімен байланыстыру.
- Қос сөздер туралы білімді кеңейту.
Дамытушылық
- Ойлау, есте сақтау және көру қабілеттерін дамыту.
- Ой түйіндеуге, өз бетімен ізденуге үйрету.
- Танымдық және шығармашылық икемділіктерін дамыту.
- Байланыстырып сөйлеу тілін дамыту, ой-өрісін кеңейту.
Тәрбиелік
- Спортқа қызығушылықты арттыру.
- Салауатты өмір салтын ұстануға баулу.
Әдістер мен көрнекіліктер
Сабақтың әдістері
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Бейнематериал
- Слайдтар
- Жұмыс дәптері
- Қосымша материалдар
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Тыңдаушылармен сәлемдесу, танысу және психологиялық жағдаят қалыптастыру.
Психологиялық тренинг
Оқушылардың белсенділігін арттыруға бағытталған қысқа тренинг және мұғалімнің кіріспе сөзі.
Сөзжұмбақ (денсаулыққа кіріспе)
- Футбол ойынының негізгі құралы.
- Тазалық сақтау туралы ғылым қалай аталады?
- Ас атасы — ...
- Адамға ең керекті сусындардың бірі.
- Адамға не жетпесе, өмір сүре алмайды?
- Зауыт мұржаларынан ауаға қандай заттар тарайды?
- Қандай тағамда фосфор көп?
- Адам өмірінің жартысы немен өтеді?
- Саулық негізі — ...
Нәтиже:
Негізгі сөз — «Денсаулық»
Тақырыпқа шығу
Денсаулықты сақтау үшін не істеу керек? Бүгінгі тақырып — салауатты өмір салты. Қазақ халқы «Деннің саулығы — бастың байлығы» деп бекер айтпаған. Сонымен қатар, Елбасының Қазақстан халқына жолдауында салауатты өмір сүру және оны насихаттау өзекті мәселе ретінде көрсетілген.
Жаңа сөздер
Тақырыпқа қатысты лексиканы меңгеру және сөйлемде қолдану.
Тапсырма: сөйлемдерді толықтырыңыз
- Халықтың тұрмыстық жағдайы жақсарып қалды.
- Өзен-көлдердің ластануы табиғатқа кері әсерін тигізеді.
- Азамат, сен бұл деректерді қайдан алдың?
- Мен осы жасаған іс-әрекетіме қатты өкінемін.
- Денсаулықты сақтау үшін салауатты өмір салтын ұстанған жөн.
- Сарапшылардың айтуы бойынша, әлі біраз уақыт керек.
Оқылым
Мәтінді абзац бойынша оқып, негізгі ойды анықтау және дәлелдермен жұмыс.
Мәтін
«Бірінші байлық — денсаулық» дейміз. Сондықтан әр адам өз денсаулығына көңіл бөлуі керек. Бірақ бұл сөзді жиі айтқанымызбен, көп жағдайда оған мән бермейміз: айтылған сәтте ғана есімізге түседі, құлағымызға жағымды естіледі, келісеміз, ал кейін ұмытып кетеміз.
Сөйтіп, күндердің күнінде ауырып қалып, өкінеміз де, емханадан ем, дәріханадан дәрі-дәрмек іздейміз. Алайда өмірде бәрі ойлағандай бола бермейді, сондықтан дәрігер көмегіне жүгінеміз.
«Дені сау адам — табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаған. Тұрмыстық жағдай, тіршілік деңгейінің құлдырауы және экологиялық қолайсыздық — бәрі де денсаулыққа кері әсерін тигізеді.
Әрбір адам дене тәрбиесімен айналысуға, дұрыс тамақтануға міндетті. Сонымен бірге дұрыс ұйықтауға дағдылану керек. Зиянды әрекеттерден аулақ болып, тазалық шараларын сақтау қажет. Таза ауада демалып, қала сыртына жиі-жиі шығып, көңіл-күйімізді көтеріңкі ұстауға тырысқан дұрыс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының дерегі бойынша, халық денсаулығының 49–50% өмір салтына, яғни адамның өз денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді. Ал 17–20% қоршаған орта ерекшеліктеріне байланысты.
Тапсырмалар
- Әр абзацтың негізгі мазмұнын ашыңыз.
- Мәтін ішінен мақал-мәтелдерді табыңыз.
- «Суреттер сөйлейді»: берілген суреттерді мәтіндегі тиісті сөйлемдермен сәйкестендіріңіз.
- Мәтіндегі асты сызылған сөздермен жұмыс жасаңыз.
Негізгі ой
Денсаулық — кездейсоқ келетін мүмкіндік емес, күнделікті таңдау: ұйқы, қозғалыс, тамақтану, тазалық, эмоциялық теңгерім және қоршаған ортамен қарым-қатынас.
Еске сақтаңыз
Денсаулықтың үлкен бөлігі өмір салтына тәуелді.
Грамматикалық тақырып: қос сөздер
Қос сөздердің жасалу жолы мен жазылу ережесі.
Қос сөздер екі сөздің қосарлануы немесе қайталануы арқылы жасалады және дефис арқылы жазылады.
Мысал:
Бұл дәріхана күндіз-түні ашық, тәулік бойы жұмыс істейді.
Жазылым: грамматикалық тапсырмалар
Қос сөздерді құрастыру және сөйлем ішінде дұрыс жазу.
1-тапсырма: жұптарды табыңыз
Екі бағандағы сөздерді сәйкестендіріп, қос сөз жасаңыз.
1-баған
- ем-
- жеміс-
- күні-
- емін-
2-баған
- еркін
- дом
- жидек
- түні
2-тапсырма: қос сөздерді табыңыз
Сөйлем ішінен қос сөздерді тауып, дефиспен дұрыс жазыңыз.
- Астана көшелерінде ерсілі-қарсылы көліктер ағылып жатыр.
- Түнгі Астана түрлі түсті шамдарымен алыстан көз тартады.
- Астанаға қысы-жазы шетел қонақтары келеді.
- Астанада жиі-жиі форумдар мен конференциялар өтеді.
Талқылау сұрағы:
Сөйлемдерде қай сөздер қайталанып тұр? Астана қаласы туралы тағы не білесіздер?
Бұл тапсырма Астана қаласының мерейтойына (Тәуелсіздігіміздің тірегі, Отанымыздың жүрегі) байланысты берілді.
Сергіту сәті
Флешмоб: «Алға, Қазақстан!»
Ойын: мақалды жалғастырыңыз
- Денсаулық — ...
- Ауырып ем іздегенше, ...
- Салауатты өмір — ...
- Шынықсаң ...
- Тазалық — ...
Тірек сөздер
- зор байлық
- ауырмаудың жолын ізде
- көтеріңкі көңіл
- шымыр боларсың
- саулық негізі
Тыңдалым: бейнефильм және тест
Бейнематериал бойынша негізгі ақпаратты анықтау және сұрақтарға жауап беру.
Тест тапсырмалары
-
Негізгі ақпаратты көрсетіңіз:
- A) Адамның денсаулығы
- B) Адамның кәсібі
- C) Адамның білімі
- D) Адамның отбасы
-
Сұраққа дұрыс жауапты таңдаңыз: Оқжетпес шипажайының ашылғанына қанша уақыт болды?
- A) бір ғасыр
- B) он жыл
- C) жарты ғасыр
- D) жиырма бес жыл
-
Сөйлемді мәтін мазмұнына сай толықтырыңыз:
Болашақта сауықтыру шараларына ... енгізу көзделіп отыр.
- A) радонотерапияны
- B) гимнастика мен велоспортты
- C) тыныс алу гимнастикасын
- D) велоспортты
-
Мәтіннің басты тірек сөздерін анықтаңыз:
- A) әдеттер, тәртіп, емшара
- B) зиянды әдеттер, мақсат
- C) шипажай, сауықтыру, емшара
- D) денсаулық, радон, тәртіп
Сабақты қорытындылау (сөйлесім)
Ой тастау
Мұғалім сұрағы: Ұлы ойшыл Сократқа кезінде «Адамға өмірде не қымбат: байлық па, әлде атақ па?» деген сұрақ қойылған екен. Сонда Сократ: «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды», — деген.
Сіз қалай ойлайсыз: адам шын бақытты болуы үшін не қажет? Денсаулықты сақтау үшін сіз не істейсіз? Бір сөйлеммен жауап беріңіз.
Қорытынды: адам бақытты болуы үшін оған денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі — салауаттылық. «Тіршіліктің негізі — салауатты болашақ».
Автор туралы мәлімет
- Өңір: Ақмола облысы, Бурабай ауданы
- Ұйым: Тілдерді оқыту орталығы
- Автор: Маширова Анар Қалымжанқызы
Қысқаша түйін
Бұл сабақта салауатты өмір салтының мәні ашылып, тақырыптық лексика бекітіледі, ал грамматика бөлімінде қос сөздердің жасалуы мен жазылуы тәжірибе арқылы меңгеріледі.