Менің алмамды жинауға көмектес
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы
Білімдік аймағы
Таным
Бөлімі
Математика
Тақырыбы
1-ден 5-ке дейінгі сандарды қайталау
Мақсаты
- Білімдік: санның құрамын және таңбаларын қайталау, алған білімдерін бекіту, ойын арқылы білімдерін жетілдіру.
- Дамытушылық: балалардың ой-өрісін дамыту, ойын арқылы ойлау қабілеттерін арттыру.
- Тәрбиелік: үлкенді сыйлауға, айтқанын тыңдауға, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Мотивациялық-оятушылық
Тәрбиеші балаларды «Бүгінгі күнімізді бастайық» атты шаттық шеңберіне тұрғызады.
Шаттық шеңбері
Күндей жадырап,
Айдай арайлап,
Жұлдыздай жарқырап,
Судай мөлдір, таза көңілмен
Бүгінгі күнімізді бастайық!
2) Ұйымдастырушылық-ізденушілік
Бүгін біз ертегілер еліне саяхатқа шығамыз. Математика сабағында бүгінге дейін не үйреніп, нені меңгергенімізді еске түсіреміз. Тапсырмалар ертегі желісі бойынша орындалады.
Ертегі желісі: «Раушан мен Асан»
Орманда орманшының үйі бар. Оның Раушан мен Асан атты екі баласы болыпты. Раушан 5 жаста, ал Асан одан екі жас кіші. Асан неше жаста? (3 жаста)
Бір күні ата-анасы сыртқа шығып кетерде Раушанға Асанды аманаттап қалдырады. Есіктің алдында ойнап жүргенде Раушан бір сәтке алыстап кетеді. Сол кезде ғажайып аққу ұшып келіп, Асанды алып кетеді. Раушан келіп інісін іздейді.
Үйдің жанында алма ағашы өсіп тұр екен. Раушан одан: «Алма ағашы, інімді көрдің бе? Іздеп табуға көмектесші» — деп сұрайды.
Алма ағашы: «Көмектесемін, бірақ сен де маған көмектес. Алмаларым қып-қызыл болып пісіп, басымды көтере алмай тұрмын. Жинап берші» — дейді.
Балаларға тапсырма (Раушанға көмектесейік)
- 1-тапсырма: Үй салуға қанша фигура қажет?
- Суретте неше үшбұрыш бар?
Біраз жүрген соң Раушан өзенге кездеседі. Өзен оған балықтарын суға жіберуге көмектесуді тапсырады.
2-тапсырма
Көрші санды жаз.
Сергіту сәті
1 дегенде тұрайық,
2, 3, 4 — алақанды соғайық.
Оң жаққа бұрылып,
Сол жаққа бұрылып,
Біз шынығып алайық.
Раушан егістік алқапқа келеді. Алқап: «Математикалық жұмбақ-есептерді шешсең, содан кейін ғана өтесің» — дейді.
3-тапсырма (логикалық есептер)
Жұмбақ 1
Бестен төртті алайық,
Қанша қалды қарайық.
Қарайық та санайық,
Санайық та табайық.
Жұмбақ 2
Қарап ал да, санап ал:
Екі ешкінің мүйізі қанша болады?
Жұмбақ 3
Табақта үш алма,
Қолымда екі алма.
Қоссақ барлығын,
Болады неше алма?
(Жауабы: 5 алма)
Раушан Ақ әжеге кездесіп, сәлем береді: «Сәлеметсіз бе, әже?» Әже: «Неге көңілсізсің?» — деп сұрайды. Раушан: «Інімді жоғалтып алдым, көмектесіңізші!»
Ақ әже: «Үлкен кісі таяққа сүйенбесе, орнынан тұрып жүре алмайды. Мына сиқырлы таяғымды алып берші» — дейді.
Қосымша тапсырма
Сандарға байланысты көңілді санамақ айтып беріңдер.
Бір дегенім — бүркіт,
Қалады аңдар үркіп.
Екі дегенім — есек,
Білмейді ол есеп.
Үш дегенім — үкі,
Ұстап жеді түлкі.
Төрт дегенім — тиін,
Есебі оның қиын.
Бес дегенім — бұлбұл,
Сайрағанда дүлдүл.
Тәрбиелік қорытынды
Ақ әже: «Таяғымды алып бергеніңе рақмет. Үлкенді сыйлай білетін тәрбиелі бала екенсің. Бірақ кішкентай ініңді жалғыз тастап кету дұрыс емес. Мен ғажайып аққуымды жіберіп, ініңді алдырттым. Енді бұлай істеме».
Раушан үйіне қайтып келсе, есік алдында Асан отыр екен. Осылайша ертегіміз аяқталады.
3) Рефлексивті-түзетушілік
Қорытындылау
- Сандарды кері санау.
- «Орныңды тап», «Көршіңді ата» ойындарын ойнату.
- «Кім алғыр?» ойынын ойнату.
- Белсенді қатысқан балаларды мадақтау.
Қысқа есептеу тапсырмалары
Амал
1 + 2
Амал
3 + 2
Амал
1 + 1
Амал
2 + 2
Күтілетін нәтиже
Нені біледі
5-ке дейінгі реттік сандарды ауызша санайды және салыстырады.
Білуі керек
Сандарды таниды, көрсете алады; «Неше?» сұрағына толық жауап береді; сандарды ретімен қояды.
Түсіне біледі
Өз бетінше әрекет жасап, қарапайым математикалық есептерді шығара алады.