Бар бол балам
Кіріспе
Мұғалім: Армысыздар, ұстаздар, ата-аналар, қонақтар! Бәріміз асыға күткен Наурыз тойы келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын!
Наурыз — «жаңа күн» деген сөз. Бұл — ата-бабамыз мыңдаған жылдар бойы тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі.
Ұлыстың ұлы күні атанған Наурызда денсаулықтарыңыз мықты болып, тілектеріңіз қабыл болсын!
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
- Наурыз — көктем мерекесі.
- Наурыз — жыл басы.
- Наурыз — жаңа серпін, жаңа леп.
2-жүргізуші
- Наурыз — қуаныш мерекесі.
- Бақыт пен шаттық мерекесі.
- Еңбек пен берекенің нышаны.
2-жүргізуші: Армысыңдар, халайық, бармысыңдар, халайық! Наурыз тойын жұп жазбай, жылда қарсы алайық.
1-жүргізуші: Ал, халайық, тұрмайық, әндетейік, жырлайық! Ортамызды ашайық, ырыс тілеп бұл жылға, жырдан шашу шашайық!
Хор: «Наурыз»
Өлең-жыр, ақ тілек
Дәулет
Қыс өтіп, қар кетті, Жырлайық, жаз жетті. Мейрамы ежелден Құтты болсын, Наурыз! Әнім де саған, биім де, Құт қонақ өзің — үйімде. Қуаныш сыйлар еліме, Күлімде, Наурыз, күлімде.
Айша
Күн менен түн теңелді, Жер шуаққа кенелді, Қуанышта ел енді. Наурыз келді — салтымыз: Көгерсін деп халқымыз Көшеге тал егеді. Наурыз тойы — береке, Наурыз тойы — жыр-аңыз.
Түсіндірме
Мұғалім: Наурыз айы — Шығыс күнтізбесі бойынша жылдың алғашқы айы. Бұл кезде күн мен түн теңеледі, сондықтан Наурыз жыл басы болып саналады.
Айгүл
Ақпан кетті араз боп Наурызбен, Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп. Көктем жетті көрісіп, жанын үзген, Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.
Көрініс: Наурыз тойының басталуы
1-жүргізуші: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар, бос қарап тұрмаңыздар! Наурыз тойы басталды: көргенде — арманда, көрмегенде — арманда. Қызықтан тыс қалмаңыздар!
2-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келеді. Әр адам келер жылдан үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады.
Биылғы жыл — мешін жылы. Жаңа жыл бәрімізге бақыт жылы, бейбіт жылы болсын!
Баян
Мешін жылын қарсы алар шақта бұл, Дабылшылар дүрсілдете қақ дабыл.
Айқын
Мешін жылы, ауыл жылы, Тілеймін халқымызға тыныштықты. Табалдырықтан аттайын жақсылықпен, Алла жазса, гүлдендірем халқымды.
Аяулым
Қош келдің, мешін жылы! Еліме бақыт жылы, құт жылы, бейбіт жылы болып кір! Төрге шық, қадірлі қонақ бол! Бүгінгі ойын-сауық өзіңе арналады.
Ертегі кейіпкерлері: қонақтар мен әзіл
Қаңбақ шал
Армысыздар, ағайындар! Мен қайда келдім?
Баян: Амансыз ба, ата? Жол болсын!
Қаңбақ шал: Мектепте Наурыз тойы болып жатыр деп естіп, ертегілер елінен елшілерді ертіп шыққан едім. Қатты жел тұрып, ұшырып әкетті де, осында топ ете қалдым.
Мыстан кемпірдің кедергісі
Мыстан: Әй, қауқиған Қаңбақ шал, сен қалай менен бұрын келіп қалдың?
Мыстан: Ешкім де келмейді. Достарыңды сиқырлап тастадым: бәрі үлкен ұлым Қарадәудің үйінде ұйықтап жатыр.
Тазша бала тапқырлығы
Тазша: Ассалаумағалейкум, халайық! Наурыз тойы құтты болсын!
Қаңбақ шал: Мыстан ертегі елшілерін сиқырлап, ұйықтатып тастапты. Не істерімізді білмей тұрмыз.
Тазша баланың өлеңі
Ау, халайық, қараса, Әжем қандай тамаша! Ақ тістері маржандай, Тізіліп тұр жараса! Келбетіне қарасам, Наурыздың аппақ қарындай. Оймақ ауыз, бұраң бел — Кім жек көрер осындай? Өзі сұлу, ақылды, Менің Мыстан әжемді-ай.
Мыстан: Ой, айналып кетейін, Тазшам! Өлеңің ұнады. Ендеше қонақтарды сиқырдан арылтып, осында жіберейін.
Қадірлі қонақтар: Алдар көсе, Ер Төстік, Қарашаш, Ақ әже
Алдар көсе
Алдар көсе: Армысыздар, халайық! Бар бол, балам! «Алда» десең — алдаймын, сайтанды да арбаймын. Сараңдарға қаттымын, кедейлерге балдаймын.
Шығайбаймен әзіл
Алдар: Ассалаумағалейкум, Шығеке! Наурызың құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні ойдағы-қырдағы құшақтасып көрісетін күн емес пе? Кел, байеке, біз де көрісейік.
Шығайбай: Ойбай, күйдім! Жібер, жібере гөр, Алдеке!
Оқушы: Наурыз күні араз ағайын татуласып, ренжіскендер келіседі. Ендеше, татуласып, құтты тойдың қонағы болыңыздар.
Ер Төстік батыр
Ер Төстік: Армысыңдар, халайық! Наурыз құтты болсын! Дендерің сау болсын!
Ер Төстігім деп елім, Ертегі ғып шертеді. Мәңгі жасап келемін, Мен қазақтың өркені. Ей, ей, балалар, Жылда осылай тойлаңдар. Ұлыстың ұлы күнінде Би билеп, ән салыңдар.
Қарашаш сұлу
Армысыңдар, ағайын! Наурыздарың құтты болсын! Ақ мол болсын, қайда болсаң — жол болсын!
Нөкерлерімді ертіп, мен де келдім ортаға. Жоғары шықсын қонақтар, келіп тұрған алыстан. Жақсылықтың жолында жан аямай алысқан — Сіздердің ерлік істерің ғасырлар бойы тынбайды. Аңыз, дастан, жырлардан жастар оқып тыңдайды.
Ақ әже және Наурыз көже
Ақ әже: Бар бол, балам! Амансыңдар ма, балапандарым? Наурыз тойы құтты болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!
Наурыз көжеге қосылған дәм
Бидай салдым көжеге — Мол болсын деп биыл нан. Тары салдым көжеге — Женті көп болсын деп. Күріш салдым көжеге — Тойда палау болсын деп. Ауыздан ақ кетпесін, Судан береке кетпесін. Келген риза, кеткен тоқ — Құтты қонақ ет жесін.
Осы ақ дәмнен бәрің ауыз тиіңдер, қарақтарым.
Мұғалім: Ақ әже балаларға арнап тайқазанды толтырып, Наурыз көже пісіріп әкеліпті. Дәміңізге рахмет! Тойды әрі қарай тұсау кесер ырымымен жалғастырайық. Бүгінгідей ұлы тойда апыл-тапыл басып, бақша есігін аттағалы отырған шөберелеріңіз де бар. Жиналған жұрт ата салтын, халық дәстүрін тамашаласын.
Наурызға арнау
Аяулым
Наурызым, ғажап туысың, Ұлыстың ұлы күнісің. Жылыттың жердің жүрегін, Жүрегі елдің жылысың.
Жаңыл
Наурызым — тойлы, нұрлы күн, Мерейің асып тұр бүгін. Жерімнің жүзін жылыттың, Елімнің сақта бірлігін!
Ән: «Наурыз көктем»
Айқын
Арда өсіп, адал емген ақ уызың, Қалдырған ғасырларға нәрлі ізін. Көк бөрілі байрағын желбіретіп, Көк түріктер тойлаған Наурызым.
Әділжан
Наурыз — достық, Наурыз — күн, Барша халық бірлігі. Тағы келді Ұлыс күн, Жалғасып ғалам тірлігі.
Бақтыбай
Наурыз тойы — береке, Наурыз тойы — жыр-аңыз. Қызық думан — мереке, Қызық думан құрамыз.
Хормен: «Наурыз!»
Дәстүр: шашу
1-жүргізуші
Шашу! Шашу! Көп шашайық шашуды, Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр. Уа, жамағат, теріп ал несібіңді, Рызығың болсын көл-көсір!
2-жүргізуші
Қашанда құт-береке орнасын деп, Тойларда шашу шашу — салты елімнің. Уа, халайық, теріп ал несібіңді, Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің!
Құттықтау сөз
Құттықтау сөз бастауыш сыныптар бойынша оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарына және ата-аналарға беріледі.
Қорытынды тілек
Наурыз — жаңару мен бірліктің мерекесі. Үйімізге береке, дастарханымызға молшылық, елімізге тыныштық қонсын!