Екінші мақсат - бақытты және дені сау бала өсіру

Супер бала тәрбиелеудің құпиясы

Брайан Трейсидің The Secrets of Raising Super Kids кітабы негізінде.

Дүниеге сәби әкелу — өмірдегі ең маңызды оқиғалардың бірі, ал оны жақсы азамат етіп тәрбиелеу — ең жоғары жетістіктердің бірі. Жылдар өте, балаңызға жеткілікті уақыт бөле алмағаныңыз өзегіңізді өртеп өтуі мүмкін.

Автордың жеке тәжірибесі: қателіктен сабақ

Мен — төрт баланың әкесімін. Оларды тәрбиелеу барысында көп ата-ананың басынан өтетін қиындықтармен бетпе-бет келдім. Сол себепті өз тәжірибеммен бөлісуді жөн көрдім.

Балалық шағымды толықтай бақытты өтті деп айта алмаймын: ата-анам өз тарапынан талай қателік жіберді. Өтпелі кезеңде «қиын бала» атандым. 15 жасымда мектептен шығарылдым, оқу үлгерімім төмен болды, мінезім тұйық еді. Соның салдарынан анам балалар психологына жүгінуге мәжбүр болды.

Психолог анам қолданған тәсілдердің дұрыс еместігін ашық айтты. Алайда бұл анамның маған деген қарым-қатынасын түбегейлі өзгерте алмады: ол әлі күнге дейін өзінкі дұрыс деп есептейді. Ол кезде менің кез келген әрекетім қателік ретінде қабылданатын.

Маңызды ой

Сол кезеңдегі дөрекі мінез, сөз қайтару, ашулану, ренжітуге тырысу — бәрі де ата-анамен «тең сөйлесуге», өз көзқарасымды мойындатуға жасалған талпыныс еді.

Мені теріс жолдан сақтап қалған жайттардың бірі — үлкен адамдармен танысуым. Олар қарапайым жұмысшылар, механиктер болатын. Маған шынайы дос болып, көмектесті, еңбектенудің қадірін үйретті. Мейірім мен сүйіспеншілікке толы қатынас менің өмірімді өзгертті.

Дер кезінде айтылған сөздің күші

Бір досым: «Бақытты балалық шақты бастан өткізу ешқашан кеш емес» — деген еді. Балалық шағыңыз ауыр өтсе де, өткенді қайта ой елегінен өткізіп, жағымды сәттерді көре бастайсыз.

Бүгін мен ата-анамды жақсы көремін, құрметтеймін, алғысым шексіз. Сол қателіктер де менің мінезімді қалыптастырды. Өз балаларымның тәрбиесінде бастапқыда ата-анамның әдістерін қайталауға тырыстым, бірақ кейін саналы түрде бас тарттым. Қайта, олардың тәсілдеріне қарама-қарсы әдістерді қолдану балаларым үшін әлдеқайда пайдалы екенін байқадым.

Ата-анаға арналған 7 мақсат

Баласына жақсылық тілейтін әр ата-ана алдына нақты мақсат қоя білуі керек. Содан кейін сол мақсаттарға біртіндеп, жүйелі түрде жақындайды. Төмендегі жеті бағыт — тәрбие жолындағы айқын бағдар.

1) Жақсы ата-ана болу

Адам өмірге дайын ата-ана болып келмейді — ата-ана болуды уақыт өте үйренеді. Жақсы ата-ана болу велосипед тебуді үйренуге ұқсайды: қадамдап алға жылжисыз, әр әрекетіңізбен бірге жаңа дағды қалыптастырасыз.

Біз жұбайым екеуміз бала жоспарлаған кезде бала тәрбиесіне арналған кітаптар мен аудиожазбаларды сатып алып, сабақтарға қатыстық. Нәтижесінде күтпеген пайдалы мәліметтер алдық.

Негізгі міндет

Жақсы ата-ананың міндеттерінің бірі — проблеманы шешуден бұрын, оның алдын алу.

Тұңғышымыз дүниеге келгенде түнде көп жылайтын. Алғашында оны тез тыныштандыру «өмір мен өлім» мәселесіндей көрінді: қолыма алып тербетемін, ұйықтаса төсегіме жатамын, қайта жылайды — тағы тұрамын. Тәжірибелі ата-аналардан кеңес алғаннан кейін ғана сабырға келдім: бала біраз жылаған соң өзі де тынышталады, бұл — бұлшықеттерінің шынығуына көмектеседі. Әрине, бұл «сағаттап жылай берсін» деген сөз емес.

2) Бақытты әрі дені сау бала өсіру

Бала күлкісінен тәтті не бар? Күлкі — бақыт пен саулықтың белгісі. Сондықтан балаңыздың киімі бүтін, тамағы тоқ, денсаулығы жақсы болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау маңызды.

3) Өзіне сенімді бала өсіру

Балаңызға өзін жақсы көруді, өзіне сенуді үйрету — жасай алатын ең үлкен сый. Сонда отбасының табысы, үйдің көлемі, мектептің атағы немесе демалыс орны шешуші болмайды: өзіне сенімді бала мақсатынан тайсалмай, кедергілерден өтіп, діттегеніне жетеді.

4) Нені қалайтынын білетін, мақсаты айқын бала өсіру

Баласының қолынан іс келетінін көрген ата-анадан бақытты жан жоқ. Егер бала жетістікке жетсе, өміріңіздің зая өтпегенін сезінесіз.

Ол үшін балаңызға ерте жастан-ақ одан не күтетіндігіңізді, жетістіктерін мақтан тұтатыныңызды айтып отырыңыз. Мұның ең қарапайым жолдарының бірі — мектептегі іс-шараларға қатысу.

Практикалық қадам

Жұмыстың арасында уақыт тауып, залда күлімдеп қол соғып отырғаныңызды көру — бала үшін үлкен қолдау. Ол өзін қажет сезінеді және ата-анасы бақылап, бағалап отырғанына сенімді болады.

5) Айналасындағылармен оңай тіл табысатын бала өсіру

Балаңыздың құрбылары арасында беделі болғаны маңызды. Бұл әсіресе өсе келе ұл мен қыз бір-біріне қызығушылық таныта бастағанда айқынырақ байқалады.

Құрбы-құрдасқа ұнау үшін міндетті түрде ең сұлу немесе ең сәнді болу шарт емес. Балаларды жақындастыратын нәрсе — сыртқы келбеттен бұрын, ішкі жан дүниесі. Бала өзін құрметтеп, жақсы көре алса, өзгелермен де қарым-қатынасы жеңіл болады.

Отбасымыздан мысал

Мектепте мені көп елемейтін, кедей отбасынан шыққан деп күлген кездер болды. Жұбайым да осыған ұқсас жағдайды бастан өткерген. Сондықтан біз балаларымызды шексіз махаббатпен, құрметпен өсіруге тырыстық. Кейде үйімізге әр баламыздың 3–4 досы қатар келіп, тіпті қонып қалатын. Демалыс күндері үйіміз балаларға толып кететін.

Мұның сыры қарапайым: біз балаларға ересек адамдай құрметпен қараймыз.

Зерттеулерге сүйенсек, қыз бала үшін әкесінің сүйіспеншілігін, оның шын жүректен жақсылық тілейтінін сезіну өте маңызды. Әкенің мінезі қандай болса да — ұстамды ма, сөзшең бе — бастысы, қызы әкесінің махаббатына сенімді болуы керек. Есейгенде ондай қыздар сенім мен махаббатқа құрылған сау қатынас орнатуға бейім келеді.

Сол сияқты, ұл бала мен ана арасындағы байланыстың да орны бөлек. Әкесінің анасына қалай ілтипат білдіретінін көріп өскен ұл ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастың алғашқы үлгісін санасына тоқиды. Бала ата-анасының өзара қатынасын үнемі бақылап жүреді — «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз осыдан.

Сондықтан бір-біріңізге жылы жүзбен, сыйластықпен қарау — бала тәрбиесінің өзегі. Отбасында баланың бақытты болуы тікелей сіздерге байланысты.

6) Жақсы әдет-дағдылар қалыптастыру

Әрекеттеріміздің шамамен 95%-ы әдеттерімізге байланысты. Әдеттерді біз өсе келе, көп жағдайда өзгеге еліктеу арқылы қалыптастырамыз.

«Баланы әдепке, жақсы әдетке үйрету үшін қанша уақыт керек?» деген сұрақ жиі қойылады. Кей ата-ана бұл үшін балаға ұзақ уақыт күрес жүргізуге мәжбүр болады.

Ерте жастан үстелде шанышқы мен пышақты дұрыс ұстауды, ауызды толтырып сөйлемеуді, майлықты тізеге қоюды үйретеміз. Бірақ балалар көбіне бәрін өздерінше жасағысы келеді. Осы тұста «ештеңе үйрете алмай жатырмын» деп қынжылмаңыз. Ережені айқаймен емес, жай ғана әңгіме ретінде қайта-қайта еске салуды жалғастырыңыз.

Шынайы байқау

Көп жағдайда бала кеңестерге шынымен құлақ аса бастауды жасөспірім шақта көрсетеді. Менің тәжірибемде бұл шамамен 15 жасқа келгенде байқалды.

Балалар үйде сөз таластырып, «мұның маңызы жоқ» деуі мүмкін. Бірақ қонаққа барғанда, сіз үйреткендей өзін ұстауы жиі кездеседі. Ең бастысы — шыдамдылық пен сабыр.

Тамақтану дағдысы туралы

Пайдалы әдеттің бірі — тамақты мөлшермен жеу және денсаулыққа пайдалы өнімдерді таңдауға үйрету. Көпшілігіміз «тәрелкедегіні түк қалдырмай же» деген тәрбие көрдік және оны баламызға да қайталаймыз. Бірақ бұл әрдайым дұрыс емес: тамақ қалдырсаңыз, өзіңізді кінәлі сезінуге үйреніп қаласыз, ал кейде баланы артық жеуге мәжбүрлейсіз. Артық тамақтанудың пайдасы жоқ. Балаға аштығын қандыратын мөлшерді ғана жеуді дағдыландырған жөн.

Бала тәрелкедегі асты толық тауысып жеуге міндетті емес екенін өзіңіз де қабылдаңыз.

7) Мықты, толыққанды тұлға тәрбиелеу

Егер балаңыздың өмірде бір нәтижеге жетуін қаласаңыз, оның көшбасшылық қабілеттерін дамытуға көңіл бөліңіз. Бұл — жауапкершілік алуға, мақсат қоюға, шешім қабылдауға үйрететін ұзақ жол.

Дереккөз және аударма

Аударған
Нұрбану Омарова
Дереккөзі
anamenbala.kz